Бірақ бұлай бола беруі шарт емес екен. Нәресте шыр етіп, дүние есігін ашқан сәттен бастап бүкіл ел басына көтеріп, барлық телеарналардан ол туралы бағдарламалар беріліп, оның атына ғимараттар салынып, есімін бір сәтте бүкіл ел танып жатқанын естісеңіз, таңғалмаңыз. Өмірде ондай да оқиға болады екен. Біздің кейіпкеріміздің басынан дәл осындай жағдай өткен.
Кезінде Ер Жәнібек бабамыз Түркі баласының ата жұрты - Алтайға бастап барған Керей руының ұрпақтары бүгінде Қытайдағы - 2 миллионға жуық, Моңғолиядағы - 200 мыңдай қазақ диаспорасының негізін құрап отыр. Одан кейін де түрлі замандарда бұл елдерге басқа да руларға жататын қазақтар барып қоныстанған. Әсіресе, Моңғол Халық Республикасында Керей, Найман, Уақ руларының өкілдері көптеп кездеседі.
1988 жылы осы Моңғол елінің Бағанур қаласында бүкіл моңғол халқы үшін есте қаларлық ерекше оқиға болды - жан саны аз саналатын дархан халықтың екі миллионыншы нәрестесі өмірге келді. Сахара халқы, қазақы теңеумен айтсақ, бөркін аспанға атып қуанды. Бір қызығы бұл сәби қазақ отбасында - Қибекейұлы Оралбек есімді ағамыздың шаңырағында дүниеге келді.
Моңғол елінің дәрігерлері бұл қуанышты жаңалықты біраз уақыт бұрын болжап, Оралбек Қибекейұлы мен оның жұбайы Гүлсара Қуанбайқызын ескертіп қойыпты. Бір қызығы, бала дәл болжанған күні туса, ол осы елдің екі миллионыншы нәрестесі һәм азаматы саналатындықтан, оның есімі Саямандах аталуы керектігін де күн бұрын хабарлаған. Қазақ тіліне аударғанда бұл сөз «миллион жаса» дегенді білдірсе керек.
Сонымен Гүлсара жеңгеміз Моңғол Республикасының ең ұлы мерекесі - Тәуелсіздік күні саналатын шілденің 11-ші жұлдызында таңғы 9:45-те балпанақтай ұл баланы дүниеге әкеледі. Елдің бұқаралық ақпарат құралдары шулап қоя береді. Баланың атына неке сарайы ашылады. Ол жер әлі күнге дейін Саямандах деп аталып келе жатқан көрінеді. Оған қоса жаңа бой көтеріп келе жатқан кеншілер шаһарынан су жаңа үш бөлмелі пәтер сыйға тартылады. Балаға жеке дәрігер тағайындалады. Ол ол ма, анасына және нәрестеге елдің екі миллионыншы азаматы болып туғаны үшін алтыннан медаль тағады. 18 жасқа дейін елдің қай жеріне барам десе де тегін жүретін құқық беріледі. О кезде тек шенді-шекпенділердің үйінде ғана үй телефоны болады-мыс, ұзынсонар кезекке де қарамастан ағамыздың отауына қала басшылары үй телефонын орныттырады. Айта берсе көп, Саямандахты түгелдей бір ел басына көтереді.
Қарапайым кенші қазақтың баласы осылайша хан тағына мұрагерден кем күн кешпей өсіп жатады. Уақыт өткен сайын оның денінің саулығын, амандығын арнайы адамдар бақылап отырады. Бірақ Қазақстан деген ел атажұрты екенін, ол тәуеліздік алған күні көштің басын елге бұру керектігін жүрек түкпірінде парыз деп білетін шеттегі қазақ баласы 1991 жылдан бастап атамекенге қарай ағылып қоя береді. Сол кезде көптің қатарында үйін де, жұмысын да тастап, Оралбек ағамыз Павлодар облысы Баянауыл ауданына еңбек шартымен көштің басын бұрады. Ондаған жыл Майкөбе көмір кен орнында жұмыс істейді. Ал 2006 жылы Ақмола облысы Новомарковка ауылына қоныс аударады.
Негізі, Ақмола өңірінің байырғы қазақтары Новомарковка ауылының бұрынғы атауы Мыңшұңқыр деседі. Бірақ орысша атау әне-міне ауысады дегенмен, әзірге еш жаңалық жоқ.
Ал біздің кейіпкеріміз болса ел қатарлы елордада тірлік кешіп жатыр. «Ол жақта жүрсең осы күнге дейін барлық материалдық жағдайыңды жасап бергендей екен ғой» десем, «өз елімде ұлтан болғаным артық қой», - дейді күліп. Қалай келіспейсің?!
Ербол ЖАНАТ