Американдық қарақшы бір банкті бірнеше рет тонады

АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат - Флоридада бір қарақшы соңғы бір жыл ішінде «Bank Atlantic»-ке үш- төрт рет шабуыл жасаған.

Соңғы қылмыс қазанның 31-інде жасалды. Тонаушы банкке кіріп келгенде кассирлердің бірі: «Ол тағы да келді», - деген. Кассир бірден «дабыл түймесін» басып үлгереді. Бірақ бұл қылмыскерге «ақшаны қапшыққа тоғыт» деп талап етуіне кедергі етпейді. Талабы орындалғаннан кейін ол ізін суытып та үлгереді.

Полицейлер тонаушының өзінің сыртқы келбетін жасыруға әрекет етпейтінін айтады. Сонымен қатар, ол кассирге қару көрсетіп қорқытпайды да. Әрине, онда қарудың болуы әбден ықтимал.

БАҚ-қа белгілі болғанындай, бұл адам банктен мыңдаған долларды ұрлап кеткен. Алайда дәл қанша сома екендігі журналистерге хабарланған жоқ.