Американдық зейнеткер суреттің ішінен екі келі марихуана тапты

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат - Джорджия штатының тұрғыны, 80 жасар Гордон Клемент өзі бес жыл бұрын сатып алған суреттің жақтауларынан шамамен екі келідей марихуана есірткісін тапты,

деп хабарлайды Associated Press . Есірткіні ол суретті аукционға өткізу үшін мұқият тексеруден өткізу кезінде анықтады.

Зейнеткердің айтуынша, ол ешқашан есірткі татып алмағандықтан, осы олжасына бір жағынан таң қалса, екінші жағынан қатта шошынған. Қорғаушының кеңесімен Клемент тапқан олжасын полицияға алып келді. Ондағылар оны мұқият сараптамадан өткізіп, марихуана екенін, оның бағасы шамамен 4800 АҚШ долларын құрайтынын анықтап берді. Есірткі құқық қорғау органдары тарапынан тәркіленді.

Гордон Клемент бұл жағдайға қарамастан, өзінің суретін аукционнан өткізу туралы райынан қайтпай отыр. Ол үшін зейнеткер 25 доллар сұрамақшы.

Сурет және өзге де өнер туындылары есірткі сатушылар тарапынан есірткі сақтайтын құпия қалта ретінде көп қолданылады. Жуырда АҚШ пен Мексиканың шекарасында Иса Пайғамбардың суретінің ішіне жасырып, 14 келі марихуана алып өтпек болған әйел қолға түсті.