Қазақстандағы перзентханалардың басым бөлігі бірнеше онжылдық бұрын салынған. Ал уақыт өткен сайын заманауи медициналық мекемелерге деген сұраныс артып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тәуелсіздік жылдарынан бері елде 12 перинаталдық орталық пайдалануға берілген. Оның біреуі республикалық деңгейде, тоғызы облыстарда, екеуі қалаларда ашылған.
Өңірлерде орын тапшылығын болдырмау үшін перинаталдық көмек үш деңгейлі аймақтандыру жүйесі бойынша ұйымдастырылған. Бұл жүйе әр облыстың географиялық ерекшеліктерін, медициналық кадрлармен қамтылу деңгейін және техникалық жабдықталуын ескере отырып енгізілген. Аймақтандырудың бірінші деңгейіне жататын медициналық ұйымдар жүктілігі мен босануы асқынусыз өтетін әйелдерге қызмет көрсетеді.
Перинаталдық көмектің екінші деңгейі жүктілігі асқынусыз өткен, сондай-ақ 32 аптадан кейін мерзімінен бұрын босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетеді.
Ал үшінші деңгейдегі перзентханалар жүктілігі күрделі өткен, қауіпі жоғары жүкті әйелдерді қабылдайды. Мұнда 22–32 апта аралығында мерзімінен бұрын босанғандар да емделеді.
Үшінші деңгейдегі мекемелер жүкті әйелдерге және босанған аналарға стационарлық жағдайда толық медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ арнайы акушерлік және неонаталдық жәрдемге мұқтаж жаңа туған нәрестелер қабылданады. Олардың қатарында салмағы 1500 грамнан төмен шала туған сәбилер де бар. Мұндай жағдайдағы нәрестелер төменгі деңгейдегі медициналық ұйымдардан арнайы жолдамамен жеткізіледі.
Соған қарамастан, мегаполистерде кейбір перзентханаларға сұраныс жоғары болса, енді бірі іргелес орналасса да жартылай бос тұрады. Мұндай жағдай Алматыда да байқалады.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл үрдіс көбіне үшінші деңгейдегі перзентханалар мен перинаталдық орталықтарға түсетін жоғары сұраныспен байланысты. Себебі мұндай мекемелер заманауи жабдықтармен қамтылған және ана мен нәрестеге арналған жансақтау бөлімдері бар.
— Кейбір перзентханаларға сұраныс олардың техникалық жабдықталуына, мамандардың біліктілігіне, серіктеспен босану мүмкіндігі мен қызмет сапасына байланысты жоғары. Ал жүктемесі төмен мекемелерде пациенттердің аз болуы көбіне олардың орналасуы мен жабдықталу деңгейіне байланысты, — деп мәлімдеді Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Беделді жоғары мемлекеттік перзентханаларда босану кейбір әйелдерге екіұдай әсер қалдырады. Бірі дәрігерлер көмегіне риза болса, енді бірі ескі инфрақұрылым мен қызмет сапасына көңілі толмайтынын айтады.
Балама ретінде жекеменшік перзентханаларға жүгіну мүмкіндігі бар. Бірақ олардың қызмет құны жас отбасылар үшін ауыртпалық тудырады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жекеменшік медициналық ұйымдардың да қатысуы қарастырылған. Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда олар мемлекеттік мекемелермен тең деңгейде босандыру қызметтерін көрсете алады.
Алайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына жауап ретінде МӘМС жүйесіне қатысатын жекеменшік перзентханалардың нақты санын көрсеткен жоқ. Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл тетіктің жергілікті атқарушы орган құзыретіне кірмейтінін хабарлады. Ал Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жекеменшік медициналық ұйымдар талаптарға сай келіп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасаса, МӘМС аясында босандыру қызметін көрсете алады.
— Бұл пациенттерге мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар арасында таңдау жасауға мүмкіндік береді. МӘМС-ке жекеменшік перзентханалардың қатысуын кеңейту мәселесі медициналық қызмет сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан қарастырылып жатыр, — деп хабарлады Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел бойынша перзентханалардың жұмыс сапасы мен деңгейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл бағытта медициналық қызмет сапасын жетілдірумен қатар, ғимараттарды жаңғырту және материалдық-техникалық базаны күшейту де қарастырылған.
Жаңғырту жоспары
Министрлік мәліметінше, әр өңірде облыстық перинаталдық орталықтарды жаңғырту бойынша мастер-жоспарлар бекітілген.
— Перинаталдық орталықтарды жаңғыртудың негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасуды күшейту, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жаңарту. Осы шаралардың нәтижесінде әйелдер жүктілік пен босану кезіндегі асқыну қаупіне қарай сапалы медициналық көмекке бұрынғыдан да қолжетімді болады, - делінген Министрлік жауабында.
Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта «Сарыарқа» ауданында (Ақан сері көшесі мен С-189 көшесінің қиылысы) 250 төсек-орынға арналған перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Сондай-ақ «Сарайшық» ауданында, Абылай хан даңғылы мен Қобда қиылысы маңында 250 төсек-орынға арналған тағы бір перинаталдық орталық салу жоспарланып жатыр. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өту кезеңінде тұр.
Аталған екі нысан Астана қаласындағы «№2 қалалық көпбейінді аурухана» мен «№3 қалалық көпбейінді аурухана» жанындағы акушерлік блоктарды толықтырады.
Алматыда бес перзентхана және бір Перинатология орталығы жұмыс істейді. 2026 жылы олардың барлығын жаңарту жоспарланған.
• №1 қалалық перзентхана 1979 жылы салынған. Қазіргі уақытта жаңа қалалық перзентхана ғимаратының құрылысы жүріп жатыр.
• №2 қалалық перинаталдық орталықтың ғимараттары 1950–1982 жылдары бой көтерген. Қазіргі нысандар бұзылып, орнына 170 орындық жаңа ғимарат салынып жатыр.
• Қалалық перинаталдық орталық 1979 жылы пайдалануға берілген. Жанында орналасқан №8 екі қабатты павильон санитарлық және медициналық талаптарға сай келмегендіктен бұзылады. Оның орнына жаңа корпус салынып, аумағы абаттандырылады.
• №4 қалалық перинаталдық орталықтың бас ғимараты 1955 жылы салынған. Негізгі корпус соңғы рет 2013 жылы косметикалық жөндеуден өткен. Ал іргелес орналасқан қосымша ғимарат 2020 жылы пайдалануға берілді.
• №5 қалалық перзентхана 1972–1980 жылдары бой көтерген. Бас ғимаратқа соңғы күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілді. Келесі күрделі жөндеу 2028–2029 жылдарға жоспарланған.
• Қалалық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы 2010 жылы ашылды. Орталықты 2026 жылы қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуге жіберілген.
Перзентханалардағы медициналық көмектің сапасы
Босану кезіндегі медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында елімізде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда Қазақстанда ана өлімі 35 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш саладағы бірқатар оң өзгерістердің бар екенін аңғартады.
Босану кезіндегі медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында елімізде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда Қазақстанда ана өлімі 35 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш саладағы бірқатар оң өзгерістердің бар екенін аңғартады.
Алайда бұл мәселе бойынша әлеуметтік желілерде шағымдар жиі айтылады. Негізінен, босану кезінде көмектің кеш көрсетілуі және кесарь тілігінің уақтылы жасалмауы сынға алынады.
Уәкілетті органдардың айтуынша, шұғыл операциялық босандыру туралы шешімді дәрігерлер консилиумы немесе кезекші дәрігер қабылдайды. Шешім ана мен баланың жағдайына қарай шығарылады.
Ал Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы кей жағдайда қосымша тексеру қажет болатынын айтады. Сондай-ақ табиғи босану мен операция арасындағы қауіп те ескеріледі.
— Кез келген негізсіз кідірістер тексерледі. Асқыну жағдайларының әрбірі бойынша ішкі аудит жүргізіледі. Мемлекет босандыру көмегінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстарды жалғастырып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар арасында көмек көрсету стандарттарын жетілдіру және медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту шаралары бар, — деп Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы атап өтті.
Қорытынды
Елімізде кесарь тілігі мен босандыруға қатысты клиникалық хаттамалар 2022–2023 жылдары бекітілген. Содан бері олар жаңартылған жоқ. Дәрігерлер босану кезінде осы хаттамаларға сүйенуге міндетті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Өткен дәуірде салынған әр перзентхана заман талабына сай қайта жаңартылып жатыр. Алдағы жылдары бұл нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Ең бастысы, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе, медициналық хаттамалардың сақталуына бақылау күшейтілген.
Мамандар ана мен баланың қауіпсіздігі басты назарда екенін айтады. Медициналық хаттамадан ауытқу деректері міндетті түрде қаралып, бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Сонымен бірге, мемлекет босану қызметінің сапасын жақсартуды мақсат етіп отыр.
Алайда, жас аналар мен олардың жақындары бұл өзгерістердің нақты нәтижесін күтеді. Олар әр перзентханада бірдей сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетілсе деген үміт білдіреді.