***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгін сан түрлі сырқатқа ем болған шұбат сусыны туралы жазады. Соның ішінде, басылым Шиелі өңірінің шұбатын мысалға алыпты. «Ата қазақ салған жолмен жүрсек, салт-санасын сақтасақ, жөн-жоралғысын ұстансақ, дәстүрін дәріптесек, адаспайтынымыз анық. Әрі-беріден соң бар ғой, сол бабалар ішкен асты тұтынсақ, ешбір аурудың алмайтыны анық. Таза табиғи, экологиялық жағынан қауіпсіз тағамдарды тұтынған ғой біздің аталарымыз. Мысалы, шұбатты алайық. Бүгінде Қызылорда облысының әр ауданында түйе бағып отырған адамдар бар. Енді осы шұбатты сатылымға шығарып, пайда табуға бола ма? Әрине, болады. Дегенмен, оның сақтау мерзімін ұзартып, дүкендерде сату үшін бүгінгі заманға ыңғайлау қажет. Ол үшін арнайы цех керек. Ал мұндай цех жақында Шиелі ауданында ашылды. Кәсіпорынды іске қосқан - Сабыр Ермаханов» деп жазады басылым. Газет хабарлап отырғандай, бұл жобаның құны - 45 млн теңгені құрайды. Және шиелілік кәсіпкер қажетті қаражатты еш жерден несие алмай, өз қалтасынан шығарған. Қасиеті мол сусын мен оны сақтап, сатудың жаңа әдіс-тәсілдері туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында шыққан «Шиелінің шұбаты мың да бір дертке шипа» атты мақаладан оқи аласыздар.
Бүгінгі қоғамның зары - тастанды бала болып тұр. Тоғыз ай көтерген туған нәрестесін далаға тастаған аналар ішкі ойын да, айналадағы адамдарды да әртүрлі сылтаумен алдандырмақ болады. Алайда, әрине, баладан бас тарту - ауыр қылмыс екенін ол да, қоғам да түсінеді. Тек, бұл мәселеде жағдайды түсіну аздық етері анық. Оның шешімін іздеу керек. Сондықтан, әлеуметтанушылар мен билік «ақылдаса» келе жуырдан бері «Ана үйі» деген жобаларды іске қосқан. «Егемен Қазақстан» басылымы да бүгін «Ана үйі» туралы жазып отыр. «Ана үйі» - сәбиінен бас тартпақшы болып жүрген жалғызілікті аналарға арнап құрылған әлеуметтік жоба. Бүгінде Қазақстанның 17 қаласында 26 «Ана үйі» жұмыс істеп тұр» деп жазады басылым. Бірақ, бұл жоба ана мен баланың мұңын тарқата ала ма? Басылым бүгінгі санында жарық көрген «Ана үйіндегі» ауыр мұң» атты мақалада осы мәселе төңірегін қозғаған.
***
«Айқын» республикалық басылымы бүгін батырлар жыры туралы жазады. «Айыр қалпақты қырғыз ағайын «Манасымен» мықты. Айбары мен айдын-қуаты сол «Манас» жырында жатыр. «Батырлар жыры» бізде де бар. Бірақ сол «Батырлар жырын» айтып та, тыңдап та, үйретіп те, үйреніп те, үйретейін деп те жүрген ешкім жоқ. Балаға балабақшада былдыр-былдырды үйреткенше, ана тілдің уызын емдіруді осы «Батырлар жырынан» бастауымыз керек еді... Өзімді-ақ мысалға алайыншы. Балама кішкентайында «Алпамыс» жырын жаттатқам. Үшінші сыныпты бітіргенше көп жерін жатқа айтып жүрді. «Қанекей!» деп жел беріп қойсаң, бала емес пе, танауы делдиіп, өзінше үн беріп, біраз жерін мүдірмей айтып шығатын. Он жастан асқан соң қиылсаң да, қинасаң да айтпайтын болды. Одан кейін мүлдем ұмытты. Қазір соқталдай жігіттің есіне салсаң, күледі. Сол секілді, батырлық жырларды қазір біреулер баланың тірлігіндей көреді. Өйткені ғарыштық жылдамдықпен жетіліп кеткен екенбіз. Сондықтан «Батырлар жыр» өлі жырға айналған. Бұл рас!» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Айқын» газетіндегі «Батырлар жырын» неге «байытпаймыз»?» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Экспресс-К» басылымының хабарлауынша, Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі комитет енді Интернетке сапасыз өнім сатқан дүкендердің тізімін жариялайды екен. «Комиеттің дерегіне сүйенсек, отандық дүкендерде тұрған тауарлардың 30 пайызы Кеден одағының техникалық регламенттеріне сай келмейді және өндірушілердің тек 5 пайызы ғана азық-түлік қауіпсіздігі туралы сертификатқа ие» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Кушать продан» атты мақаладан оқи аласыздар.