«Сыртқы саяси оқиғаларға қатысты Қазақстанның валюталық нарығындағы ахуал болжанғандай болып шықты. Сәрсенбі, 9 қарашада АҚШ доллары 341,18 теңгеге дейін ұлғайды, дегенмен келесі күні теңге өзінің бұрынғы деңгейіне тез оралды. 10 қарашада доллардың құны орташа есеппен 338,33 теңге болды - америкалық валюта біршама толқулардан кейін апта басындағы деңгейіне қайтып келді», - деді ол «ҚазАқпарат» тілшісіне.
Оның сөзіне қарағанда, миллиардер әрі республикалық партияның өкілі Дональд Трамптың АҚШ-тың 45-президенті болып сайлануы Ресей үшін жағымды, ал Қазақстан үшін одан келіп-кетер ештеңе жоқ.
«Егер АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынас ушығатын болса, негатив туралы айтуға болады. Себебі онда өте өткір мәселелер көп. Ал Трамптың ашық протекционистік саясаты «Аспанасты» елінің экономикалық дамуына нұқсан келтіруі мүмкін. Қытайлық инвесторлардың қазақстандық жобаларға қызығушылығы артып отырған кезде, бұл Қазақстан үшін біршама қатер төндіреді. Бірақ қазіргі геосаяси ахуал бұл тұрғыда едәуір қалыпты күйде қалып отыр», - деп есептейді ол.
Сарапшының ойынша, бірнеше аптадан соң, валюталық нарықтағы тұрақсыздық түзеледі. Шикізаттық биржалар өз назарын ОПЕК-ке, АҚШ-тың мұнай қорына және әлемдік мұнай өндірісінің көлеміне аударатын болады. А. Бодрова: «қазіргі уақытта мұнай бағасы өсіп келеді және $46 жетті, сатылымды белсенді жүргізуге негіз жоқ», деп отыр.
«Қазақстандық теңге осындай сыртқы ахуал кезінде тағы нығая түсуі бек мүмкін, бірақ ол күрт қымбаттап кетеді деуге келмейді. Доллар бағамы апта соңында 338,5 теңге деңгейінде қалады», - деп түйді Бодрова.