***
Соғыс өтiнде жүрiп, ән салған әншi Роза Бағланованы жау оғынан құтқарған барлаушы жауынгердi танимыз ба? "Егемен Қазақстан" басылымы Халық Қаһарманы, Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртiсi Роза әншiнiң соғыс жылдарындағы осы бiр ерекше бiр деректi тауып, оқырмандарға ұсынып отыр.
"1943 жыл. Ленинград қаласы маңында шайқастың қызу жүріп жатқан кезі. Бұл аса ауыр кезең еді. Соған қарамастан араларында Роза Бағланова бар концерттік бригада Батыс майданды аралап жүрген. Өнер саңлақтары Құсан Мұқанов қызмет ететін 106-шы барлаушылар ротасында да болады. Елді аңсап жүрген жауынгерлер қуанысып, қонақтарды паектарымен сыйлайды. Тез арада автомашинаның қорабы сахнаға айналып, туған ел сазы әулете асқақтап, майдан шебін аралап кеткен. Бір мезетте, ойламаған жерден жан-жақтан оқ жаңбырша жауып, жау пулеметтері дырылдай жөнелді. Дүниенің әп-сәтте астаң-кестеңі шықты. - Құсан! Розаны құтқар! - деп рота командирі айғай салды. Құсан анадай жерде басын ұстап, жүресінен отырған Розаға жан-тәнімен ұмтылып, оны көтерген бойда окоптың ішіне күмп берді. Бұл өмір мен өлім арпалысқан қас-қағым сәт еді. Шайқас тыйылған соң Роза аман қалған әртістерді шақырып, «плансыз» концерт қойып беріпті. Одан кейін әнші Құсанның жанына келіп, алғысын білдіріп, қай жерден екенін сұрастырыпты. «Аман болсақ, сізді міндетті түрде іздеп барамын, аға», - дейді Роза Бағланова. Соғыстан кейін сол кездесу Қызылтуда екі рет болған. Алматыдан арнайы іздеп келген әйгілі әнші ағасының иығына шапан жауып құрмет көрсеткен. Аудандық партия комитетіндегі кездесуде батыр барлаушының өзге де ерліктері туралы әңгіме айтқан. Бұл туралы Роза апамыз «Қазақстан әйелдері» журналына берген сұхбатында атап өтіпті", - деп жазылады "Әншi Розаны құтқарған барлаушы" атты мақалада.
***
"Айқын" басылымы "Алаш" сыйлығының лауреаты, қазақтың төрт ханы билік жүргізген тарихи кезеңдерді қамтитын үш драматургиялық шығарманың авторы Думан Рамазанмен болған "Жаңалығың болмаса, жазудың жөні жоқ" атты сұхбатты жариялады.
«Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген кезімде Кенесары ханның дене және бас сүйектерін іздеп тауып, туған жерге әкеліп арулап жерлеу керектігі жөнінде мәселе көтеріп, мақала жаздым. Бұл үлкен бір қоғамдық пікір тудырды. Ұлы ханның сүйегін іздеп талай жерді шарлағанымды көзіқарақты оқырман білетін шығар. Өзіміздің, Қырғызстанның, Ресейдің мұрағаттары мен мұражайларын толық сүзіп шықтық. Дерек-дәйектер жинадық, зерттеу мақалалар жаздық. Соның арқасында «Кенесары - Күнімжан» атты драматургиялық шығарма дүниеге келді. Бұл Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрында қойылды. Міне, бес жыл болды, әлі репертуардан түспей келеді. Артынша «Абылай ханның арманы» атты тарихи драма жаздық. Ол да екі жылдан бері елорда театрында табыспен қойылып жатыр. Енді міне, «Керей - Жәнібек» атты жаңа туынды дүниеге келді. Құдай бұйыртса, биыл тұсауы кесілмек. Қалай шыққанын көрермендер өздері бағалай жатар, біз бар күшімізді салдық, қолымыздан келгенін жасадық. Шынымды айтсам, бұл енді арнайы жоспарлаған нәрсе емес, көңілдің түкпірінде жүрген ой еді, сәті түсті, жазылды", - дейдi Д. Рамазан.
Әлемнің 40 елінде тіркелген 500-дей туристік компанияның басын қосқан «KITF 2015» халықаралық туристік көрме кеше Алматыда өз жұмысын аяқтады, деп жазады "Айқын" "Әлем туристерi Алматыда бас қосты" атты келесi мақаласында.
"Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жағымды жаңалығымен бөлісті. Соңғы бірер жылда біздің елге Германия, Франция, Италия, Малайзия, Нидерланды және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген туристер саны 17 пайызға өскен. Тек Алматы қаласының өзінде туристерге қызмет етуден түскен қаржы 21 млрд теңге болса, соңғы үлгіде жаңадан салынған қонақ үйлердің саны 44 пайызға өскен. Жеңілдетілген визаға ие болған немесе виза мүлдем алынып тасталған елдердің қатары осы жылы тағы да бес елмен толығатыны белгілі болды", - делiнген мақалада.
Жаудың бас терiсiн сыпыру дәстүрi солтүстiкамерикалық үндiстер емес, жауынгер сақ тайпасы ойлап тапты, деп хабарлайды "Экспресс К" газетi.
"Тарихи деректердi зерттеу барысында Астана ғалымы Қораз Сейсенов осындай шешiмге келдi. Соңғы жылдары Солтүстiк Американың тарихын зерттеп жүрген ғалымдар жаугерлер келмей тұрып, үндiстер бас терiсiн сыпыру жөнiнде тiптi бiлмеген деген пiкiрге келiп отыр. Осы бiр салтқа деген жаппай мода XVIII ғасырда кейбiр штаттардың билiгi үндiстердiң бас терiсiне ақша төлеудi бастағанда пайда болды. Өз кезегiнде үндiстерге ақ адамдардың бас терiсi үшiн АҚШ тәуелсiздiгi үшiн күрескен ағылшындықтар төлеген. Сонда бұл жауыз дәстүр қайдан шықты? Бас терiсiн сыпыруды бағзы сақтар бастаған көрiнедi.
- Геродот "сақ жауынгерi өз жауының басынан сынадай терiсiн сыпырып алды" деп жазғаны бар, - дейдi Қораз Сейсенов. - Бас терiсiн олар аттың жүгенiне пайдаланған. Батырда осындай "олжа" көп болған сайын, оны соғұрлым қатты сыйлаған. Кейбiр сақтар тiптi терiден жамылғы да жасап, киген. Толығырақ, "Снявши скальп, по волосам не плачут" атты мақаладан оқуға болады.