Біріншісі – қала құрылысын жүйелі жоспарлаудың болмауы. Талдау Алматының бас жоспары 2011 жылдан бері жаңартылмағанын көрсетті. Осыған байланысты 63 мың гектардан астам жердің функционалдық аймақтары экологтардың, СЭС және ТЖ органдарының қатысуынсыз өзгертіліп келген.
Бұл табиғатты қорғау аймақтарында және өзендер маңында құрылыстың бақылаусыз жүргізілуіне әкелді.
Бұдан бөлек, «Тау алыбы» шағынауданында түйнеме анықталған мал көмілген жерге жақын маңда тұрғын үй кешендері қарқынды салынуда.
Екіншісі – жерді пайдалану мақсатының өзгертілуі. Әкімдіктің лауазымды тұлғалары жердің нысаналы мақсатын өз қалауынша өзгертіп отырған. Мысалы, саяжай учаскелерінің орнына көпқабатты тұрғын үй кешендері салынған. Бұл ретте, мұндай жағдай кадастрлық құн айырмашылығын төлемеуге мүмкіндік берген.
Мысалы, 2021 жылы қала тұрғындарының бірі 2 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатын «жеке шаруашылық құрылысынан» «жеке тұрғын үй құрылысына» өзгерткен. Алайда кадастрлық құнның 126 млн теңге мөлшеріндегі айырмасы оларға төленбеген.
Мұндай практикаға жол берілудің себебі – Құрылыс салудың қала құрылысы регламенттерін іске асырудың өңірлік жоспары. Бұл Жоспар Жер кодексінің нормаларына қайшы келеді.
Үшіншісі – инвестициялық жобаларға қатысу арқылы жекеменшікке жер алу. Әкімдіктің лауазымды тұлғалары сауда-саттық өткізбестен инвестициялық жобалар үшін кәсіпкерлерге учаскелерді жалға берген. Инвестжобаларды пайдалануға беру туралы жалған мәлімет арқылы жерлер жекеменшікке сатып алынған. Мемлекет жоғалтқан пайда шамамен 400 млн теңгені құрайды.
Төртінші – құрылыс процестері жемқорлық факторларына толы. Заңнамалық регламенттің болмауы әкімдік қызметкерлеріне жосықсыз құрылыс салушылардың пайдасына құқықтық база нормаларын бұрмалауға мүмкіндік берген. Осылайша, қала тұрғындарының бірі бір-біріне іргелес орналасқан төрт учаскеде үш бақша үйін салуға рұқсат алған. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысандар бақша үйлері ретінде іске қосылды, бірақ кейіннен «Baganashil» тұрғын үй кешені ретінде пайдалануға берілді.
Талдау жеке тұрғын үй немесе бақша үйлеріне арналған жерлерде көппәтерлі кешендер мен коммерциялық нысандар салынған 11 фактіні анықтады.
Құрылыста тағы бір кең таралған бұзушылық – эскиздік жобадан және жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқу. Әл-Фараби даңғылының жоғары бөлігіне биіктігі 12 метрден және 3 қабаттан аспайтын нысандар салмау шектеуіне қарамастан, биіктігі 15 метр «Домино» клуб үйі ішінара пайдалануға берілген. Осындай 18 нысан анықталды.
Талдау аясында 84 гектар аумақта 10 көппәтерлі кешен бойынша құрылыс тығыздығының артуы анықталды.
Бесінші – мемлекеттің құрылысты бақылаудағы әлсіздігі. Қала құрылысын бақылау бизнесті жүргізуді жеңілдету және жемқорлықты азайту мақсатында жеке объектілерді қабылдап алудан алынып тасталған болатын. Алайда жемқорлық тәуекелдері сақталып отыр, оның үстіне уәкілетті органның жауапкершілігі төмендетілген. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының шенеуніктері екі құрылыс салушыға қатысты рұқсатсыз құрылыс үшін тек әкімшілік жаза қолданған. Уәкілетті орган өз актілерінің орындалуына бақылау жүргізбейді, онымен қоса сотқа әрдайым жүгіне бермейді. Бұзушылықтарға әрекет етудің құқықтық тетігінің болмауы заңсыз құрылысты заңдастыруға әкелді.
Алтыншы – құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтерді үстіртін цифрландыру. Құжаттарды қабылдау процесі ғана электронды форматпен қамтылған. Процедуралардың ашық болмауынан «көмекшілер» нарығы пайда болған.
Антикор талдау барысында тұрғын аймақтан 229 гектар жерді рекреациялық аймаққа қайтару бойынша ұсыныстар берді. Бұл тармақ ағымдағы жылдың мамыр айында Үкімет бекіткен Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарында ескерілді.
Сонымен қатар жерді рекреациялық аймақтан тұрғын үйге ауыстырудың ерекше тәртібін белгілеу ұсынылды. Бейінді Министрлікпен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша міндетті түрде келісім болуға тиіс.
Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет талдау нәтижелеріне сүйеніп, анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша кешенді жоспар дайындаған. 58 тармақтан тұратын құжат одан әрі іске асыру үшін уәкілетті органдарға беріледі. Барлық сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша агенттік 8 қылмыстық істі тергеп жатыр.
Еске салайық, бүгін Антикор сондай-ақ Алматыда Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын, шенеунік сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлімдеген болатын. Ол 45 млн теңге пара алды деп күтіктелуде.