- Аортокоронарлы шунттау деген не, бұл ота қалай жасалады?
- Күретамырды аортокоронарлы шунттау жүректің ишемиялық ауруымен ауыратын адамдардың денсаулығын қалпына келтіру мақсатында жасалатын, бүгінде кең таралған отаның бірі. Дәрілік терапия көмектеспеген жағдайда миокард инфарктісінің алдын алу үшін жүргізіледі.
Аортокоронарлы операциясын жасаудағы мақсат – жүрек бұлшықетін қажетті қанмен қамтамасыз ету, тарылған қантамырда қан ағымын жақсарту. Хирургтардың міндеті – зардап шеккен коронарлы тамыр аймағында жүрек бұлшықетін артериялық қанмен толық қамтамасыз ету үшін жаңа арна құру. Ота нәтижесінде кейіннен миокард инфарктісінің пайда болу қаупі айтарлықтай төмендейді және стенокардия, ентігу, дәрі-дәрмектерге деген қажеттіліктің төмендеуінен және физикалық жағдайының жақсаруынан науқастың өмір сүру сапасы жақсарады.
Әдетте бұл ота 3-тен 6 сағатқа дейін созылады. Операцияның ұзақтығы оның күрделілігіне және науқастың жеке ерекшеліктеріне байланысты. Сондықтан белгілі бір отаның қанша уақытқа созылатынын алдын ала айту мүмкін емес. Шунттауды қажет ететін артериялардың көптігіне қарай операция соғұрлым ұзаққа созылады.
Жүрекке қол жеткізу үшін кеуде қуысының ортасында тілік жасалады, яғни ол төс сүйегінің ортасымен өтеді. Екінші тілік әдетте аяқта жасалады. Хирургтар шунттауға қажет күретамырды аяқтан алады.
Аортокоронарлы шунттау кезінде аяқтан алынған тамырдың бір басы қолқаға тігіледі. Екінші ұшы коронарлы артерия тармағына жалғанады. Осылайша, күретамырдың зақымдалған немесе бітелген аймағы алынып, қанның дұрыс жүруі үшін қолайлы жағдай жасалады. Нәтижесінде жүректің дұрыс жұмыс істеуіне қажет қан отадан кейін жете бастайды. Артериялық немесе веноздық шунттар жеке клиникалық жағдайларға байланысты қолданылады.
Аяқтағы тамыр отаның бұл түрінде үнемі қолданылмағанымен, жиі алынады. Аяқтың тамырлары әдетте салыстырмалы түрде «таза», яғни атеросклерозға ұшырамайды. Сонымен қатар бұл тамырлар дененің басқа тамырларына қарағанда ұзынырақ және кеңірек. Тамыр алудан аяққа зиян келмейді, қан айналымы бұзылмайды. Операциядан кейінгі алғашқы апталарда науқастың аяғы аздап ауыруы мүмкін, әсіресе серуендегенде немесе ұзақ түрегеп тұрғанда. Уақыт өте келе бұл қолайсыздық жойылып, науқас өзін қалыпты сезінеді.
- Жүректің ишемиялық ауруы деген не?
- Жүректің ишемиялық ауруы – бұл миокардтың артериялық қанмен қамтамасыз етілуінің салыстырмалы немесе абсолютті төмендеуіне байланысты пайда болатын жедел немесе созылмалы жүрек дерті. 90% астам жағдайда жүректің ишемиялық ауруы жүрек бұлшықетін қанмен және оттегімен қамтамасыз ететін артериялардың бітелуінен болады. Атеросклероз кезінде бұл артерияларды ішкі жағынан май басады, салдарынан тарылып, жүрек бұлшықетіне қан аз түседі.
Науқас адамның, қан ағымының төмендеуінен кеуде тұсы ауырады. Бастапқыда физикалық немесе эмоционалдық жүк түскен кезде, кейін ауру дамыған сайын тыныштықта да ауыратын болады. Кеудедегі ауырсыну –стенокардия ыңғайсыздық сезімін тудырады, сол иық, қолдары, мойын, тіпті жақ және тістері де ауыруы мүмкін.
Мұндайда науқастың тыныс алуы қиындап, бойын қорқыныш сезімі билейді, ауырған кезде қозғалуға шамасы келмей тұрып қалуы мүмкін. Айта кету керек, жүректің ишемиялық ауруы белгі бермеуі де мүмкін, бұл – дерттің қауіпті түрі, өйткені ол аурудың соңғы кезеңдерінде анықталады.
Бұл аурудың ең қауіпті салдарының бірі – инфаркттың пайда болуы, мұндайда жүрек бұлшықетінің бір бөлігі өледі немесе миокард инфарктісі пайда болады. Жүрек жеткіліксіздігінен болатын өлім-жітім бүкіл әлемде өлім-жітімнің ішінде алдыңғы орындарда тұр.
- Аортокоронарлы шунттау отасын жасау жоспарланған сырқаттар нені білуі тиіс?
- Әдетте ота жасалатын науқастарды қорқыныш пен толқу сезімі билейді, бұл қалыпты жағдай. Егер сырқат осы операцияның қажеттілігі мен уақтылығын түсінсе, оның толқуы азаяды.
Ота алдында науқасқа хирург келіп, онымен алдағы операцияның егжей-тегжейін талқылап, барлық сұрақтарына жауап береді. Анестезиолог тексереді, операция кезінде ағзаның өмірлік маңызды функциялары қалай сақталатыны туралы айтады. Ол сондай-ақ денсаулығына, бұрын жасалған оталар және операция кезінде қолданылуы мүмкін кейбір дәрі-дәрмекке аллергия туралы сұрақтар қояды.
Аортокоронарлы шунттау операциясынан кейін науқастар профильдік бөлімде 7-10 күн өткізеді. Бірақ егер сырқатта қосымша созылмалы аурулары болса, оның ауруханада ем алуы тағы бірнеше күнге ұзартылуы мүмкін.
Үйге жіберілгеннен кейін сырқатта әлсіреу сезімі болуы қалыпты жағдай. Пациенттер бұл әлсіздікті жүрекке жасалған операциямен немесе жүрек ауруымен байланыстырады. Ал іс жүзінде бұл бірер апта ішінде босаңсып үлгерген бұлшықеттердің әлсіреуі. Егер сіз, тіпті жас жігітті бір аптаға төсекке жатқызсаңыз, ол бұлшықет күшінің шамамен 15% жоғалтатыны белгілі.
Сондықтан екі апта немесе одан да көп ауруханада жатқан егде жастағы науқастың үйге оралып, қалыпты міндеттеріне оралуға тырысқанда тез шаршап, өзін әлсіз сезінуі таңғаларлық емес. Бұлшықет күшін қалпына келтірудің ең жақсы әдісі – жаттығу жасау. Операциядан кейін әсіресе жаяу серуендеу тиімді, бірақ жүктемені біртіндеп арттырған жөн. Дозаланған жүктемелердің негізгі критерийі жүрек соғу жиілігімен байланысты, бастапқы кезеңде жүктемелер кезінде ол минутына 120 соққыдан аспауы керек. Егер сіздің жүрек соғу жиілігіңіздің көрсеткіші қандай да бір себептермен осы саннан асып кетсе, сіз қарқынды төмендетіп, отыруыңыз керек және денені демалдырғаныңыз жөн.
- Отаның бұл түрінен кейін қалыпты өмір сүру салтына оралуға бола ма, әлде белгілі бір тыйымдар бар ма?
-Сырқаттар бұл отадан кейін қалыпты жағдайда өмір сүре алады, біздің мақатымыз да сол – адамдардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Белгілі бір уақыттан кейін сырқат жұмысына кірісе алады, ал зейнет демалысында болса қалыпты өмір сүреді.
Инфаркт қаупін азайту үшін темекі шегуден бас тартқан дұрыс. Темекіні тастау, қан қысымын үнемі бақылау, салмақты бақылау, тұзды, майлы тағамдарды тұтынуды азайту - мұның бәрі денсаулықты ұзақ уақыт сақтауға және жаңа проблемаларды болдырмауға көмектеседі.
Пациенттердің отадан кейін жағдайы жақсарады, бұрынғыдай кеуді тұсы ауырмайды, стенокардия азаяды немесе толық жойылады. Ал физикалық белсенділіктен бұрынғыдай тез шаршамай, өмір сүру сапасы жақсаратыны сөзсіз.
- Әңгімеңізге рахмет!