Апатқа ұшыраған ұшақтың бортындағы жазбалар Мәскеудегі Үкіметаралық авиациялық комитетке сараптамаға жіберілді

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАзпарат - Бүгін, 30 қаңтар күні сағат 10:00-де Алматы әуежайында Үкіметтік комиссияның кезекті жиыны өтті. Бұл туралы ҚР ККМ баспасөз қызметінен хабарланды.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылғы 29 қаңтарда Көкшетау - Алматы бағытындағы рейсті орындаған «Скат» авиакомпаниясының СRJ-200 әуе кемесі Алматы қаласының әуежайы ауданында апатқа ұшырады.

Ұшақ Әуежайдың шығыс жағындағы Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Қызыл Ту ауылының маңына құлаған. Ұшақ бортында 16 жолаушы, оның ішінде 1 сәби, және 5 экипаж мүшесі болған.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев ұшақ апаты кезінде қаза тапқандардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

ҚР Үкіметінің шешімімен CRJ 200 LR ұшағының апатқа ұшырау себебін тексеру жөніндегі комиссия құрылды.

Комиссияға Премьер - Министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жетекшілік етеді. Оның құрамына төтенше жағдайлар, көлік және коммуникация, ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, министрліктері мен Бас көлік прокуратурасының өкілдері және «СКАТ» АК» АҚ-ның президенті кірді.

Бас көлік прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 295 бабының 3 тармағы (2 немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалыс қауіпсіздігі мен пайдалану тәртібін бұзушылық) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Bombardier CRJ-200 құлаған жерде бірден Алматы қаласы әуежайының құтқарушылар жасағы, өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен дәрігерлік бөлімшелер, ҚР ТЖМ шұғыл психологиялық көмек тобы келіп жетіп, жұмысқа кірісті.

Апаттық-құтқару жұмыстарына 1107 адам мен 173 бірлік техника қатысуда.

2013 жылғы 29 қаңтарда сағат 21-00-де Алматы әуежайына келген Үкіметтік комиссия мүшелері оқиға орнында тексеру жұмыстарын бастады. Бақытжан Сағынтаев басқарған комиссия оқиға орнындағы барлық құрылымдар мен қызметтердің қатысуымен жедел жиын өткізді. Министрліктердің басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Бүгін, 30 қаңтар күні сағат 10:00-де Алматы әуежайында Үкіметтік комиссияның кезекті жиыны өтті.

ҚР ДСМ «Сот медицинасы орталығы» сарапшыларынан тұратын жедел топ қаңтардың 29-нан 30-на қараған түні қаза тапқандардың денесіне сараптама жүргізді. Қазір өлім себептері анықталып, барлық мәйіттер туыстарының тануына және оларға беруге дайындалды.

Борттағы жазбалар Мәскеудегі Үкіметаралық авиациялық комитетке сараптамаға жіберілді.

Қазақ тапқандардың туыстарына психологиялық көмек көрсету жалғасуда.

Құрбан болғандардың отбасыларына «СКАТ» ӘК АҚ атынан 3 млн теңге көлемінде, ал әкімдік тарапынан 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

«Жедел желі» телефондары жұмыс істейді:

Астана қаласы, Республикалық дағдарыс орталығы- 323289, 533279, 255121, 256180

Алматы қаласы, ТЖД - 8 (7272) 742219.

Көкшетау қаласы, Ақмола облыстық ТЖД - 8 (7162) 255030,255121, 256180.

Ақпарат көзі: http://ortcom.kz