Қазірдің өзінде шығынға жатқызылған егістік алқаптардың аумағы республика бойынша 353 мың гектарға жетіп жығылды. Бүгін селкторлық режімде өткен Үкімет отырысында дәл осы «талайдың басын ауыртып, балтырын сыздатқан» биылғы астық мәселесі күн тәртібіне шығарылды.
Жиын барысында негізгі баяндама жасаған еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың сөзіне қарағанда, құрғақшылық Қостанай облысының оңтүстік бөлігінде - Амангелді, Жангелді, Қамысты, Наурызым, Әулиекөл, Жітіқара, Таран, Қостанай аудандарында, Ақмола облысының Жарқайың, Есіл аудандарында және Жақсы мен Атбасар аудандарының оңтүстік бөліктерінде, Қарағанды облысының оңтүстік бөліктерінде - Ұлытау, Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай аудандарында, Ақтөбе облысының оңтүстік және шығыс бөліктерінде - Әйтеке би, Хромтау, Алға, Ырғыз, Шалқар, Темір, Байғанин аудандарында кеңінен тараған. Республика аумағындағы дәнді дақылдардың 33 пайызы жақсы, 55 пайызы орташа, 12 пайызы нашар жағдайда. Жалпы, облыстардың алдын ала берген деректері бойынша 353 мың гектар дәнді дақылдар егістігі есептен шығаруға жатады. Оның 203,1 мың гектары Ақтөбе облысына, 32,8 мың гектары Алматы облысына, 38,2 мың гектары Жамбыл облысына, 15,1 мың гектары Батыс Қазақстан облысына, 57,6 мың гектары Қарағанды облысына, 6,5 мың гектары Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Десек те, гектарына 801 центнерден астық орылып, шамамен 12,8 млн. тонна астық қамбаға құйылады деген болжам бар.
Міне осындай жағдайда министрдің айтуынша, бірқатар қауіптің құлағы қылтиып тұрғандығы да жасырын емес. Нақты айтқанда, ұн мен нан бағасының өсуі, жем-шөптің жеткіліксіздігі салдарынан мал басының азаюы, келер жылға арналған тұқым тапшылығының байқалуы және кейбір шаруашылық субъектілерінің қаржылық жағдайларының нашарлауы орын алуы мүмкін. Сондықтан да жоғарыда аталған қауіптердің алдын алу үшін министрлік 7 бағыттан тұратын шаралар кешінін әзірлеп отыр.
Міне осы шараларға жеке-жекке тоқталып өтсек, біріншіден экономикалық қисынсыздыққа орай 1 тамыздан бастап астық экспортының көліктік шығындарын субсидиялау тоқтатылады. Есте болса, бұған дейін 1 тонна астықты сыртқа шығаруға 4 мың теңге көлемінде субсидия беріліп келген еді. Жалпы, 2011-2012 маркетингілік жылында Қазақстан астыққа шаққандағы ұнды қоса есептегенде 12,2 млн. тонна бидайды экспортқа жөнелтті. Бұл 2010-2012 маркетингілік жылындағы көрсеткіштен 2,2 есе артық. Орташа айлық астық жөнелту 1 млн. тоннаны құрады. Айта кетерлігі бас диқаншы 2012-2013 маркетингілік жылында да 10 млн. тонна астық экспорттаймыз деп құлшынып отыр.
Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыстар, Астана мен Алматы әкімдіктері, «ҚазАгро» мен еліміздің астық өндірушілер одағы арасында ұн тартатын комбинаттарға 2012 жылдың 1 тамызынан 2013 жылдың 1 тамызы аралығында тоннасын 28 мың теңгеден 1,3 млн. тонна астық жеткізуге меморандум жасасуы қажет. Әрі бұл құжатты рәсімдеу 1 тамыздан кешіктірілмеуі тиіс. Қазіргі уақытта министрлік облыстарға қажетті астық көлемін белгілеп те отыр. Өңірлерге қажетті астық көлемін халық санына сәйкес Азық-түлік корпорациясы бекіткен. Бұл ретте наубайханаларға жеткізілетін ұнның бағасы оны жеткізу мерзіміне байланысты келісі 45 теңгеден, осыған сәйкес 1 бөлке нанның бөлшек саудаға жеткізу бағасы 43 теңгеден аспауы тиіс.
Осы орайда атап өтерлігі құрғақшылықтың орын алуына байланысты астықты тасымалдау кестесіне де өзгерістер енгізілмек. «Астық құрғақшылыққа аз ұшыраған өңірлерден, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында және Қостанай мен Ақмола облыстарының солтүстік бөлігінде орналасқан қоймалардан ғана тасымалданатын болады. Сонымен қатар биылғы жылы мемлекеттік қорға сатып алынатын астық бағасын белгілеу жөніндегі Үкімет қаулысын да ертерек қабылдау қажет», - деді А.Мамытбеков.
Үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің несие мерзімін ұзарту керек. Ал қарыз алушылар өтімді кепіл ұсынған жағдайда «ҚазАгро» Ұлттық холдингі республикалық бюджет қаржысы есебінен берілген бюджеттік кредиттердің мерзімін ұзартуды қарастыруы қажет. Жалпы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына ағымдағы жылы 100 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. «ҚазАгро» холдингінің компаниялар тобында оң өтімділікті қолдау үшін республикалық бюджет алдындағы міндеттемелерді жабуды өз қаражаттары, сонымен қатар Ұлттық қордан тартылған уақытша бос қаражаттар есебінен жүзеге асыруы тиісті. Бұл ретте холдингтің еншілес ұйымдарының қаржылық жағдайын қиындатпас үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп, «ҚазАгро» холдингінің республикалық бюджет алдындағы 18 млрд. теңге көлеміндегі бюджеттік несие төлеу мерзімін 2013 жылдың желтоқсанына дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру қажет.
Төртіншіден, шаруа қожалықтарындағы ұрғашы ірі қара малдың басын сақтап қалу үшін Үкімет қорынан 1,8 млрд. теңге бөлу дұрыс шешім болмақ. Өйткені құрғақшылық салдарынан жем-шөп қоры тым аз. «ҚазАгро» холдингіне ауыл шаруашылығы тауарын өндіршілердің ұрғашы мал басын сақтап қалуға, жем-шөппен қамтамасыз етілмеген ірі қара мен ұсқа малды сатып алуға, сондай-ақ төлді бордақылауға және ірі қара малдың ұрғашыларын сатып алу үшін қосымша несие беру жөніндегі шараларды қарастыруды мақсатты деп санаймын», - дейді министр.
Бесіншіден, егістік алқаптары сақтандыру компанияларында сақтандырылған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мүдделеріне қысым жасауға жол бермеу керек. Яғни, құрғақшылық салдарынан астығынан айырылған шаруаларға компаниялардың сақтандыру төлемдерін төлеуден бас тартуына жол бермеу шараларын қарастырған жөн.
Алтыншы - ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді 2013 жылы тұқыммен қамтамасыз ету. Бұл орайда министрдің атап өтуінше, барлық облыстардың әкімдіктері АШТӨ мен нан қабылдау пунктердегі тұқымға түгендеу жүргізу, жетіспейтін тұқым көлемін анықтау әрі тапшы тұқымды облысаралық және облысішілік айырбас есебінен, мемлекеттік тұқым ресурстардан және еркін нарықтан іздестіруі қажет.
Жетіншіден, құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге жем-шөп дайындау және бір жылдық шөптерді себу үшін қосымша дизель отынының көлемін бөлу қажеттілігі бар. Ескерерлігі, күзгі жиын-терім жұмыстары үшін АШТӨ-терге 410 мың тонна арзандатылған бағамен дизель отыны бөлінген болатын. Дегенмен бұл көлем жетіспеуі мүмкін.
Айтпақшы, соңғы 10 күн ішінде әлемдік нарықтағы астық бағасы күрт шарықтады. Астық бағасы 35-89 АҚШ долларына көтеріліп, 315-349 долларға жетті. Қазақстандағы ішкі баға жыл басынан бері 124-тен 200 АҚШ долларына көтерілді. Ал Қара теңіз порттарында 270-тен 315 АҚШ долларына дейін өсті. Міне осы жағдайды еліміздің бірқатар пысықай кәсіпкері өз қалтасының қамы үшін жақсы пайдалануға тырысып бағуда. «Бақсақ, бақа екен» демекші олар ұн мен нанның бағасын еш себепсіз көтеріп жіберген. Осы мәселені бүгін Үкімет отырысында көтерген ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғабидулла Әбдрахимовтың атап өтуінше, агенттік Павлодар, Оңтүстік Қазақстан Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, сонымен қатар Астана қаласында ұн мен нан бағасының көтерілуін тіркеген. Баға, әсіресе Павлодар облысында нанға, ал Батыс Қазақстан облысында ұнға күрт өскен. Қазіргі уақытта құзырлы ведомство негізсіз баға көтерген кәсіпорындардың үстінен сотқа шағым түсіріп, жегендерін желкелерінен шығаруға әрекет жасауда.