***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындаАуыл шаруашылығы ғалымының докторы, профессор, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Айбын Төрехановтың «Мал шаруашылығындағы кең ауқымды шаралар» атты мақаласы жарық көрді. Ғалымның айтуынша, мал шаруашылығына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі 1999 жылмен салыстырғанда он еседей артқан. Бірақ өкінішке орай, оның тиімділігі көрінбей отыр. Мәселен, осы уақыт аралығында әр сиырдан сауылатын сүт көлемі 109 литрға ғана ұлғайған, яғни 1999 жылдан бері әр сиырдан сауылатын жылдық сүттің орташа мөлшері 1969 литрден 2078 литрге жеткен. Ал бұрынғы Германия Демократиялық Республикасы Батыс Германияға қосылған тұста олардағы әрбір сиыр жылына 4 мың килодай сүт беретін. Осы көрсеткіш 2002 жылы 7 мың литрге жетсе, қазір 9 мың литрге жуықтады. Неліктен бізде бөлінген қаржы құрдымға кеткен сумен тең? Оның қайтарымы неге жоқ? Мамандар мен ғалымдар осының себебін қуалай келгенде, негізгі үш себептің басын ашып отыр.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов кеше ресми сапармен әрі Қазақстан парламентшілері делегациясын бастап ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысына қатысу үшін Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласына келді. Минск әуежайында қазақстандық парламентшілер делегациясы ерекше құрметпен қарсы алынды.Орал Мұхамеджанов Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесті. Кездесу барысында көтерілген мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Интеграцияны тереңдету - басты мақсат» атты мақаладан білуге болады.
***
«Айқын» басылымының бүгінге санында «Әр азаматтың қадіріне жеттік пе?» атты мақала жарық көрді. Мақалаға кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында көтерілген мәселелер арқау болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова 2011 жылдың 1 қазанындағы мәліметтер бойынша елімізде 563,1 мың мүгедек адам бар екендігін айтады. Яғни жалпы халықтың 3,4 пайызы - жарымжан болып отыр. Сондай-ақ қазақстандық балалардың 58 мыңы - мүгедек. Бұл әрине, тіркеуде тұрғандары ғана. Есептелінбегендерді анықтау мақсатында, елде зерттеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санынан егжей-тегжейлі білуге болады.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, Қазақстанда еріктілер қозғалысының қалыптасып, бұл атаудың қолданысқа кеңінен енгеніне де біршама уақыт боп қалды. Дәлірек айтқанда, ақша емес, алғыс үшін ғана аянбай жақсылық жасау - қанда бар қасиет қой, оған асар, үме салттары да куә. Дегенмен бүгінгі қоғамда еріктілер саны азшылықты ғана құрап отыр. Мүмкін, оларға да қолдау жетпей жатқан болар?»,- деп жазады басылымы. Бұл мәселе жөнінде кеңірек блгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Еріктілердің де еңбегі еленуі тиіс» атты мақаланы қараңыз.
***
Мамандардың пікірінше, соңғы он жыл ішінде сапасыз тамақтанудың салдарынан асқазан, ішек ауруы, қаныаздық секілді сырқатқа шалдыққан балалар саны көбейген. Статистикаға сенсек, мектепке дейінгі бүлдіршіндер арасында тірек-қимыл жүйесі патологиялары мен ас қорыту мүшелерінен зардап шегу фактілері алғашқы орындарға шығады. Одан кейінгі орындарда жүйке жүйесі сыр беретіндер жиі кездеседі екен. Мұның ішкен асқа байланысты екенін мамандар жоққа шығармайды. Мектеп жасындағы балаларға зерттеу жасалғанда, олардың 60-67 пайызында С витаминінің жетіспеушілігі анықталса, 50-57 пайызында В2 дәруменінің құрамы төменгі деңгейде. Ендеше бұл проблеманы қалайша шешуге болады. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында жарияланған «120 теңгенің асы азық бола ма?» атты мақаладан білуге болады.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, елімізде бір мүшесінің дертке шалдығуы салдарынан өмірі қыл үстінде тұрған, ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандар саны 5000-ға жуық. Оның ішінде 1200-дей адам тез арада жүрегін ауыстыруды қажет етсе, 2000-нан астам адам бүйрекке зәру болып отыр. Өкінішке қарай, елімізде донор табу қиынға соққандықтан, отандастарымыз көбінесе Пәкістан мен Қытай еліне ат арытып барып, ағза алмастырып келеді. Бұлар қалтасында ақшасы бар, дер кезінде донор тапқан бақыттылары...
Бұл мәселе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Ағза донорлығын қалай жолға қоямыз?» деген тақырыппен жарық көрді.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қостанай облысының орталығында Тобыл өзені арқылы өтетін көпірден жаңа бағыт ашылды. Аталмыш бағыт «Қостанай қаласын айналып өту» жобасына кіретін құрылыс нысандарының қатарында. Құны 12,9 миллиард теңгені құрайтын жоба 2010-2012 жылдар аралығында жүзеге асырылып бітеді деп жоспарланып отыр және ол елдегі ең ірі 10 құрылыс нысананың қатарында саналады. Жоба сәтімен жүзеге асса, ол Қостанай қаласын айналып өтетін Алматы-Астана-Екатеринбор халықаралық көлік дәлізі бойынша көлік қозғалысын қамтамасыз етеді.