Осы атаулы күнге орай қазақстандық шекарашылардың кәсіби мерекесі қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділмановпен сұхбаттасып, шекара қорғаушылардың қызметі мен күнделікті тыныс-тіршілігі жайында әңгімелескен еді.
- Дархан Айтқалиұлы, Сізді және Сіз арқылы барша қазақстандық шекарашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Ал енді Шекара қызметінің қалыптасу жолы жайында айтып берсеңіз...
- Өздеріңіз де білетіндей, мемлекеттің негізгі белгілері нақты шекарамен белгіленген территориясы мен оны қорғай алу қабілетінің болуы саналады. Бұл елдің территориялық тұтастығын сақтауға бағытталған жүйелі шараларда Шекара қызметінің айрықша рөлін айқындай түседі.
Шекара әскерінің құрылу тарихы өз бастауын шекараның қазақстандық-қытайлық учаскесін қорғау туралы шешім қабылданған 1992 жылдан алады.
Шекара әскері 1995 жылы Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитет болып өзгерсе, ал 1997 жылдың наурызында бұл атау Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрамындағы Мемлекеттік шекараны күзету күштері болып ауыстырылды.
1998 жылдан бастап көші-қон ағынын бақылау, мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау, есірткі таралымына, экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы тұру мақсатында шекарашылардың кезең-кезеңімен Қырғызстанмен, Түркіменстанмен, Өзбекстанмен, Ресеймен және Каспий теңізіндегі шекара учаскелерін қорғауы туралы шешім қабылданды.
Ұлттық мүддені ескере отырып, 1999 жылдың 10 желтоқсанында Президент Жарлығымен Мемлекеттік шекараны қорғау күштері Қарулы күштердің құрамынан шығарылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі болып қайта құрылды. Дәл осы сапада Шекара қызметі бүгінгі күні қызметтік-жауынгерлік қызметін жүзеге асырып келе жатыр.
- Ағымдағы жылы кәсіби мерекелеріңізді қандай нәтижемен қарсы алып отырсыздар?
- Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнер сын-қатерлерді ескере отырып, Шекара қызметі негізгі назарын Кеден одағының сыртқы шекарасын күзетуге аударады. Шекара жауынгерлерінің қазіргі заманғы буыны өздерінің алдында тұрған міндеттерді лайықты орындауда, терроризмге, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына, контрабандаға, табиғи ресурстардың талан-таражға салынуына, заңсыз көші-қонға сенімді тосқауылды қамтамасыз етуде.
Мәселен, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында белгіленген ережені бұза отырып, шекара арқылы өтетін тауарлар мен жүктерді анықтау фактілері 2,6 пайызға, ал олардың жалпы салмағы 3,9 пайызға арта түсті. Жалпы анықталған есірткі заттарының салмағы 3,5 есеге көбейді. Шекара арқылы қару-жарақ пен оқ-дәрінің заңсыз өтуіне тосқауыл қойылды.
Сонымен бірге шекара арқылы декларацияланбаған валютаны алып өтуге әрекеттену деректері 2 есеге, ал діни кітаптарды әкелуге талпыну 25 пайызға артқаны байқалады.
Осы жылдың бірінші жартысында Шекара қызметі шекара кеңістігінде орын алған 7 мыңға жуық заң бұзушылықтың жолын кесті. 76,5 келі есірткі заттары айналымнан алынды, оның 52 келіден астамы героин. 226 қару тәркіленді. Территориялық және ішкі су қоймаларында 40-тан астам браконьерлік жүзу құралы мен 313 шақырымнан астам ау алынды. Арнайы және құқық қорғау органдарына жәрдемдесу аясында өткізу пункттерінде 18 мыңға жуық жедел тапсырмалар орындалды. Құқық бұзушыларға қатысты 549 қылмыстық іс және 11 мыңға жуық әкімшілік іс қозғалды.
Шекара қызметі Мемлекеттік шекараның барлық периметрін корғауға алып отыр. 2000 жылдан бастап күзетілетін мемлекеттік шекараның ұзындығы 8,5 есеге артып, 1783 шақырымнан 15132 шақырымға жетті. Шекарадағы өткізу пункттерінің саны 6-дан 98-ге дейін жетті. Ал жолаушылар ағыны соңғы жылдары он есе артты және бүгінгі күні жылына 46 миллионнан астам адамды құрап отыр.
- Заманауи жағдайдағы шекараның сенімді күзетілуі қандай жайтқа арқа сүйеуі тиіс?
- Бүгінде мемлекеттік шекараны күзетуді күшейту бойынша кешенді шаралар оңтүстік және оңтүстік-батыс стратегиялық бағыттарға негізгі күш-жігерді шоғырландыру арқылы жүзеге асырылуда.
Қазақстан-Қырғызстан, Қазақстан-Түркіменстан, Қазақстан-Өзбекстан учаскелеріндегі шекара кеңістігінде заңға қайшы әрекеттердің жолын кесуге бағытталған 4 шекаралық операция ұйымдастырылып, өткізілді. Операциялар кезінде тіркелген заң бұзушылықтардың негізгі бөлігін көші-қон саласындағы Қазақстан заңнамасын бұзуға қатысты фактілер құрайды. Үшінші елдердің азаматтарының заңсыз көші-қонына және ҰҚШҰ-ға мүше елдер территорияларындағы адам саудасына қарсы тұру мақсатында біз «Нелегал-2016» деп аталатын бірлескен жедел алдын алу шарасының бірінші кезеңіне қатыстық.
ТМД аясында және сырқы шекаралар мен Ауғанстан аумағы арқылы лаңкестік топтардың, қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, есірткі заттарының, сонымен бірге заңсыз мигранттардың кіруіне қарсы тұру мақсатында «Чануб-2016» бірлескен арнайы шекара операциясына қатыстық. Шекараның қазақстандық-қырғызстандық бөлігінде "Боордош-2016" бірлескен шекаралық операциясы белсенді фазада өткізілді.
Қазіргі уақытта Шекара қызметі «Көкнәр-2016» жедел алдын алу шарасына қатысуда.
Шекаралық құрылымдардың кәсіби деңгейіне де баса назар аударылуда. Қазақстандық шекарашылар «Айбалта-2016» Шығыс стратегиялық бағыттағы саналуан әскери топтардың жедел-тактикалық, командалық-штабтық және «Қаратау-2016» арнайы операция күштердің оқу-жаттығуларына да белсенді қатысты.
Оқу-жаттығу барысында өңірлік басқармалар жауапкершілігі аясындағы күштер мен құралдардың аралас топтарын құру, басқару және қолдану, Мемлекеттік шекараны қорғау топтарының іс-әрекетіне басшылық жасау, Қарулы күштер мен Ұлттық гвардия штабтарымен іс-қимыл мәселелері пысықталды
Мемлекеттік шекараның оңтүстік-батыс бағытында атыс қаруларын қолдана отырып, Шекара қызметінің «Батыс-2016» біржақты көпсатылы жедел-тактикалық, комадалық-штабтың оқу-жаттығуы өткізілді. Ол үш кезеңмен жүргізілді. Оған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің барлық бөлімшелері, шекаралық авиация, корабльдер мен катерлер, жауынгерлік техникалар қатыстырылды.
- Каспий маңы және батыс өңірлер әркезде де өзіне жіті назар аударуды талап ететін. Бүгінгі күні Шекаралық қызметтің теңіздегі құрамының жабдықталу деңгейі қандай?
- Бүгінгі күні теңіз бірлестіктерінің жауынгерлік құрамына жаңа шекаралық корабльдер мен жылдам катерлер беріліп, заманау құрал-жабдықтармен, қару-жарақтармен жабдықталуда. Ағымдағы жылы гидроаккустикалық стансасы бар «Барыс» шекара кораблін жасау аяқталды. «Зенит» зауытының мамандары Атырау қаласының өзен портына арналған «Қажымұқан» мұзжарғыш буксир катерін пайдалануға беру жұмыстарының соңғы кезеңін жүргізуде.
Ағымдағы жылдың мамыр айында сапқа қосылған «Сарбаз» шекара кораблінің командиріне әскери-теңіз туын салтанатты жағдайда табыс ету шарасы болады.
Айта кетерлігі, Каспий теңізінде өткен Шекара қызметінің «Батыс-2016» біржақты көпсатылы жедел-тактикалық, командалық-штабтың оқу-жаттығуы барысында Жағалау күзетінің бөлімшелері мемлекеттік шекараны күзету міндеттерін атқарып, заңсыз қарулы топтарды жою және контрабандашылардың жолын кесу тапсырмаларын үздік орындап шықты.
- Ауғанстандағы Қазақстан Елшілігін қорғау миссиясын атқаратын офицерлік топ жайында айтып берсеңіз.
- ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бірінші офицерлер тобы осы жылдың маусым айында Ауғанстандағы Қазақстан Елшілігін қорғау миссиясын аяқтады. Олардың орнына Кабулға офицерлердің екінші тобы атанып кетті.
1 жыл бойы қазақстандық шекарашылар тәулік бойы Кабулдағы шетелдік мекемені және оның қызметкерлерін қорғауда тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарды.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңға сәйкес, шетелдегі мекемені қорғауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта Шекара қызметі жоспарлы тәртіпке сай еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұсынысы бойынша Үкімет бекітетін тізбедегі мемлекеттерде орналасқан еліміздің шетелдік мекемелерін қорғау үшін жіберуді көздеп отырған әскери қызметшілерді дайындау бағытында кешенді шаралар жүргізіп жатыр.
- Шекарадан тысқары жердегі күрделі ахуалға, қиын еңбек жағдайына қарамастан шекарашыларымыз кәсіби шеберлік пен қырағылық танытып келеді. Ал сіздер оларды қалай көтермелеп отырасыздар?
- 2016 жылдан басынан бері қызметтік-жауынгерлік ынтасының жоғары болғаны үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 3,5 мыңнан астам қызметшісі марапатқа ие болды. Төртеуі «Айбын»,«Epлiгi үшiн», «Жауынгерлiк epлiгi үшiн» мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Шекара қызметшінің 3 мыңнан астам әскери қызметшісі мен қызметкері ведомстволық наградаларға, төс белгілерге ие болды. Соңғы жылы 15 әскери қызметшіге мерзімінен бұрын әскери шен берілді.
Әрбір шекарашының иығына жауапкершіліктің зор жүгі артылатындығы, тіпті өміріне де қауіп төніп жататындығы ешімге де құпия емес. Тіпті, елдің мемлекеттік шекарасын күзетушілер мейрамдарды жауынгерлік бекетте қарсы алып жатады. Өйткені, Отанды қорғау деген де жұмыс бар.
- Әңгіме соңында кәсіби мерекеге орай тілегіңізді білдірсеңіз.
- Өмірін өз Отанының шекарасын күзету сынды абыройлы іске арнағандарға зор денсаулық, отбасылық әл-ауқат және қызметте мол табыстар тілеймін.
Дәл сіздерге біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасының алдыңғы шебінде қызмет ету, мемлекеттік шекараны қорғау және күзету сынды миссия жүктеліп отыр. Отанымыздың қасиетті шекарасын қорғау бұл шекарашылардың алдында тұрған жауапты да маңызды міндет. Барлық уақытта да жасыл фуражкалы жауынгерлер батырлықтың, ерліктің және Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі саналып келді.
Барлықтарыңызға да мықты денсаулық, қиындығы мол жұмыста зор табыстар, отбасылық игілік және жан тыныштығын тілеймін!
- Сұхбатыңызға рахмет!