Еңбекқорлықтың үлгісі
Жамбылдық Ерсін Үсіпбек — омарташы. Ол бұл істі марқұм нағашы атасынан үйреніпті. Бала кезінде атасына көмектесіп жүріп, шаруашылықтың қыр-сырын меңгерген. Ал он жыл бұрын, 23 жасында осы кәсіпке біржола бет бұрыпты. Инженер-механик және құқықтанушы деген екі жоғары білімі болғанымен, мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмеген. Себебі еркіндікті жақсы көреді екен. Жеке бизнесін дамытуды қолға алған. Қазір оның 110 балсандығы бар, жылына 7 тонна бал алады.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл жәндіктердің атқаратын қызметіне қарай бірнеше түрі бар. Мысалы, аналық ара ұрпақ өрбітеді және омартаны басқарады. Аталық араның функциясы — аналықпен шағылысу, содан кейін өліп қалады екен. Ал жұмысшы аралар 45 күн тіршілік етеді. Олар енді туған кезде омартаның ішін ретке келтіреді, яғни әр ұяшықтағы бал бір деңгейде болуын қадағалайды. Іштегі тәртіп, жүйеге үйренген соң, сыртқа ұшып, гүлдердің нәрін, шырынын жинап әкеледі. Гүлдердің сөлін ішіп, асқазанынан бөлінетін ферменттер арқылы балға айналдырып, ұяшыққа қайтадан құяды. Солай бал қалыптасады. Ал омартадағы ұяшықтарды ара ағзасынан бөлінетін балауыз деген материалдан өзі жасайды.
Дегенмен, бұл кәсіптің машақаты да бар. Мәселен, араның тұқымы тозатын көрінеді. Дене тұрқы кішірейіп, жұмыс өнімділігі де азайып кетеді. Бұрын күніне 6-7 келі бал жинайтын аралардың ұрпағы бірнеше жылдан соң, тәулігіне 3 келі бал бере бастайды. Сондықтан омарташы әр екі жыл сайын шетелдерден асыл тұқымды аналық араны сатып алып отырады. Осылайша тұқымын жаңартып отыру аса маңызды.
— Еңбекқорлықты осы жәндіктен үйрену керек. Жұмысшы аралар күні бойы гүлдердің нәрін жинайды. Ал түнде соны ішіп, балға айналдырып, қайта құсып; қанаттарын қағып, қоюландырып; бір ұяшықтан басқасына құйып, тыным таппайды. 45 күн ғұмырында бір демалмайды, туғаннан өлгенге дейін жұмыс істейді, — дейді Ерсінбек Үсіпбек.
Сонымен қатар, омарташылық — қалдық қалмайтын кәсіп. Ұяшықтар жасалатын балауыздан майшам, құрылыс материалдары, сабын, тіс пастасы т. б. заттар дайындалады. Ал араның өліктері дәрі-дәрмек жасауда қолданылады. Араның уын да емдік мақсатта пайдалануға болады.
Омарташылар одағы немен айналысады
Елімізде Ерсінбек секілді омарташылардың басын қосып, өзара әріптестігіне себеп болатын ұйым бар. 2010 жылы құрылған «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы вице-президенті Ғабит Нұрәділұлының сөзінше, бүгінде Қазақстанда 12 мыңдай омарташы тіркелген.
— Аралар 150-ге жуық өсімдіктен тозаң жинайды. Омарташылар одағы Қазақстандағы шырын бөлетін ағаштар мен өсімдіктер жөнінде кітап шығарды. Онда ағаштар мен өсімдіктердің қанша уақыт гүлдейтіні, бір гектардан қанша шырын жинауға болатыны секілді деректер бар. Бұл кітапты қазір республикадағы омарташылар анықтамалық ретінде қолданады. Одан басқа да салалық әдебиеттерді жарыққа шығарып, тегін тараттық. Сондай-ақ, омарташыларды Израиль, Ресей секілді елдерге бірнеше рет оқуға жібердік, — дейді ол.
Ғабит Нұрәділұлының айтуынша, магистрлік және докторлық зерттеулерін омарташылық тақырыбында қорғаған мамандар да бар. Енді одақ мектеп бітірген талапкерлерді Польша мен Словакияға оқуға жіберуді қолға алған. Олар оқуын аяқтаған соң, Қазақстанға келіп, жұмыс істемек.
Сонымен бірге, азаматтар омарташылар одағына жарна төлемей-ақ, тегін мүше болады. Ұйымның өңірлердегі бөлімшелері бұл кәсіпті одан әрі дамытумен шұғылданады.
Балдың және араның пайдасы
Балдың адам денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз екені көпшілікке мәлім. Мысалы, қарағаннан (акация) алынған бал — ең қымбат сорттарының бірі. «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы вице-президенті Ғабит Нұрәділұлы балдың осы түрі жөнінде айтып берді. Оның сөзінше, қант диабетімен ауыратындарға тәтті жеуге болмайды. Бірақ ағзасы тәттіні талап етеді. Мұндай жағдайда осы қараған балын жеуге болады екен. Оның құрамында глюкозадан гөрі фруктоза жоғары болғандықтан, адам ағзасы баяу қабылдап, қандағы қант күрт көтеріліп кетпейді.
— Бал ағзадағы улы заттарды шығарады. Қандағы холестеринді азайтады. Себебі, балдың құрамында холестеринге қарсы микроэлементтер өте көп. Сондай-ақ, оны күнделікті жесе, жүрек-қан тамыр ауруларының, қан ұйып қалуының, артериялардың тарылуының алдын алады, қанды сұйылтады. Бал есте сақтау қабілетін жақсартатыны да ғылыми тұрғыда дәлелденген. Өйткені, балдағы кальций мидың жұмысына өте жағымды әсер етеді. Бұдан бөлек, терінің таза болуына пайдалы. Сол себепті, одан бетке арнайы маскалар жасалады, — дейді Ғабит Нұрәділұлы.
Оның сөзінше, ұйқыға жауапты мелатонин гормонының бөлінуіне бал әсер етеді. Сол себепті, көзі ілінбей қиналатын үлкен кісілер жатарда бір қасық бал жесе, тез ұйықтап кетеді.
Сонымен қатар, бұл тағам асқазандағы бактерияларды жояды және асқазанның шырышты қабығындағы жараларды емдеуге көмектеседі. Айта берсек, балдың артықшылығы көп.
Балдың адамға пайдасы зор болса, ал оны өндіруші араның табиғатқа септігі орасан. Бұл жәндік өсімдіктерді тозаңдандырады, тұқымын таратады.
— Әлемде өсімдіктердің 80%-ы жәндіктер арқылы тозаңдандырылады. Соның ішінде аралардың үлесі зор. Өйткені, олар гүлден гүлге ұшып, өсімдіктердің тозаңын бір-біріне тасымалдайды. Соның арқасында көптеген жеміс-жидек, көкөніс, дәнді-дақылдар өседі. Аралар болмаса, талай өсімдік жойылып кетіп, адам да, аң-құс та азық-түлік, қорек тапшылығына ұшырар еді, — дейді «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы вице-президенті.
Осылайша, топырақтың құнарлы болуы, жердің шөлейттенбеуі, экожүйенің сақталуында аралардың орны ерек.
Саладағы статистика қандай
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл сектор жөнінде ресми деректерді бөлісті. Министрлік мәліметіне жүгінсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы ара ұяларының саны — 228 мың, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға төмен (алдыңғы жылы 241 мың болған).
Асыл тұқымды ара ұяларына келсек, 2025 жылы олардың саны — 2024 жылдың деңгейінде сақталды, яғни 90,2 мың.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 5 мың тонна бал өндірілді (2024 жылы бұл көрсеткіш 4 990,6 тонна болған). Оның ішінде шамамен 47,2%-ы немесе 2,4 мың тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтарға (ЖҚШ) тиесілі. Қалған 52,8%-ын немесе 2,6 мың тоннасын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, шаруа және шаруа қожалықтары өндірген.
2025 жылы бал экспорты 1 476,7 тонна болып, 2024 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2,5 есеге артты (603,7 тонна).
Нақтырақ айтқанда, Өзбекстанға — 1 264 тонна (85,6%), Канадаға — 23 тонна (1,6%), ҚХР-ға — 41 тонна (2,8%), Сауд Арабиясына — 20 тонна (1,4%), РФ-ға — 63,1 тонна (4,3%), АҚШ-қа — 37,0 тонна (2,5%) және басқа елдерге — 28,7 тонна (2%) экспортталған.
Ал импорт көлемі былтыр 262,4 тонна болды, яғни 2024 жылғы көрсеткіштен 6 есе төмен (1 657,3 тонна).
Толығырақ айтсақ, РФ-дан — 245,4 тонна (93,5%), ҚХР-дан — 8,9 тонна (3,4%) және басқа елдерден — 8,0 тонна (3,0%) импортталған.
Бал ара шаруашылығындағы мәселелер
Жоғарыдағы статистикалық деректерге қарасақ, бұл сала дамып келе жатыр. Дегенмен, мамандардың сөзінше, түйткілді мәселелер де жоқ емес.
— Біз араны көбейтумен айналыспаймыз. Ара импортына тәуелдіміз. Шетелден әкелінген аралар негізі кеденде бір ай карантинде тұруы керек. Бірақ бұл стандарт сақталмайды. Жәндіктер аурумен келіп жатыр. Соның әсері ме, 2025 жылы Қазақстанда көп ара қырылып қалды, — дейді «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы вице-президенті Ғабит Нұрәділұлы.
Оның сөзінше, импортталған аралар қыстамайды. Себебі солтүстік пен шығыстың қысы суық әрі ұзақ болғандықтан, аралар шыдамай, өліп қалады. Одан гөрі Қазақстанның оңтүстігіндегі араларды еліміздің басқа өңірлеріне жеткізген дұрыс. Оның тәсілдері көп. Бірақ шетелден әкелу арзанға түсетіндіктен, бұл іс мандымай отыр.
Сонымен қатар, зиянкестермен күрес кезінде жерге химиялық пестицид себіледі. Ол араларға да әсер етіп, қырылады.
— Пестицидтердің араларға зиянын дәлелдей алмаймыз. Өйткені, ондай зертханалар елімізде жоқ. Бұған дейін аралардың қырылуы мәселесі бойынша соттасып, ұтылдық. Зертхана болмағандықтан, дәлелдей алмадық, — деп омарташылардың шағымын жеткізді Ғабит Нұрәділұлы.
Одан бөлек, қаржыландыру да өзекті мәселе болып отыр. Негізінде, асыл тұқымды аралар үшін субсидия қарастырылған. 1 келі балға 200 теңгеден беріледі. Бірақ, Ғабит Нұрәділұлының сөзінше, екінші деңгейлі банктер бұл сектордағы кәсіпкерлерге несие бергісі келмейді. Себебі омарташылықтың табыс әкелетініне сенбейді екен.
Жаңа заң салаға қандай пайдасын тигізеді
Енді жоғарыда жазылған түйткілдер шешілуі тиіс. Өйткені, жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бал ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.
Құжат бал ара шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасауға, аралардың генетикалық қорын сақтауға, ара шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жетілдіруге бағытталған.
Заң жөнінде Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ислам Сұңқар баяндама жасап, өзгерістер мен толықтыруларды таныстырған болатын.
— Заң жобасында ұғымдық аппарат кеңейтіліп, «асыл тұқымды аналық бал арасы», «аталық бал арасы», «аспаптық ұрықтандыру пункті», «оқшауланған шағылыстыру пункті» сияқты жаңа терминдер мен анықтамалар енгізіледі. Бұл ұғымдар бал ара шаруашылығындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізеді және саланы құқықтық реттеуді біріздендіруге мүмкіндік береді, — деді ол.
Сонымен қатар, омарталарды және олардың жай-күйін жүйелі есепке алу, емдеу-профилактикалық шараларды уақтылы жүргізу, ара ауруларының таралуының алдын алу мақсатында «омартаның ветеринариялық паспорты» енгізіледі.
Ара өсірушілер арасында дау-дамайлардың туындауына жол бермеу және бал жинау қорын тиімді пайдалану мақсатында заң жобасында тұрақты және көшпелі омарталарды бір-бірінен кемінде бес шақырым қашықтықта орналастыру нормасы көзделген.
Сондай-ақ, бал аралардың тұқымдарын сақтау және олардың өнімділігін арттыру үшін оқшауланған шағылыстыру пункттерінің қызметіне қойылатын талаптар белгіленеді. Атап айтқанда, селекциялық процеске қатыспайтын аталық бал арасы бар бал ара ұяларын әкелуге тыйым салынатын қорғау аймағы айқындалады.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың құзыреті араларды қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу бөлігінде кеңейтіледі. Бұл саланы өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып ғылыми тұрғыдан сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
— Асыл тұқымды мал шаруашылығы бөлігінде заң жобасында селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарға, сондай-ақ асыл тұқымды жануарларды бонитирлеу және (немесе) индекстік бағалау қызметтерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту көзделген. Осыған байланысты асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторларға тиісті өкілеттіктер беріледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау тек бюджеттік субсидия алатын субъектілердің есепке алу және есептілік жүргізу мәселелерімен шектеледі, — деді Ислам Сұңқар.
Сонымен қатар, жануарлардың барлық түрлері бойынша республикалық палаталардың қызметі үшін хабарлама тәртібі енгізіледі. Бұл олардың қызметін жүйелеуге және сапасын арттыруға бағытталған.
Қорыта айтқанда, аралардың адамға да, табиғатқа да, ел экономикасына да пайдасы шаш етектен. Әйтсе де, қазір ара шаруашылығында бірқатар қиындық туындап отыр. Жақында ҚР Парламенті Мәжілісі қабылдаған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бал ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң саладағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ара шаруашылығын қалай дамытуға болатынын жазғанбыз.