Әрбір ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы діни құндылықтармен астасып жатады - Серік Нұрмұратов

АТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әрбір азаматтың өмірінде маңызды орын алатын ұлттық философия, руханият, рухани құндылықтар жүйесі үнемі зерттеулерді қажет ететін құбылыс.

Қазақ халқының рухани әлемі еліміздің территориясында мекендеген ежелгі тайпалардың қауымдастықтарында тарихи қалыптасқан менталдық, әлеуметтік, психологиялық этномәдени дәстүрлерден бастау алатыны күмән туғызбайды. Біз осыған орай ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Философия және саясаттану институты қазақ философиясы және эстетикасы бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратовты қазақтың философиялық ойлау дәстүрі туралы әңгімеге тартқан едік.

- Серік Есентайұлы, ежелгі қазақтардың дүниетанымдық жүйесін уақыт талабына сай қайта зерделеуден өткізу еліміздің гуманитарлық саласы үшін маңызды екені белгілі. Қазақ философиясы мен оның ұлттық идеясының өзара байланысы қай деңгейде қарастырылған?

- Қазақтың әлемді қабылдауы батыстық үлгілерден айрықша принциптерге негізделген. Бұл да өзінше философиялық зерделеудің түрі. Ол даналықты, шебер және шешен сөзді жоғары қоюшы рухани жүйе десе де болғандай. Ал қазақ халқының даналық тағылымдары аталған тарихи үлгіні, мәдени парадигманы сабақтастықпен жалғастырып келе жатқан бірегей мәдениет болып табылады. Қазіргі кезеңдегі елімізде жүзеге асырылып жатқан "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы көрсетілген ерекшеліктерімізді, ұлттық даралылығымызды барынша екшей түсетініне сенімдіміз.

Қазақстанның қоғамдық және философиялық ой-пікірінің ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі тарихы мен даму логикасын, оның ішінде қазақ халқының этнофилософиясының ерекшеліктерін көрсетуді И. Бейсембиев, Г. Сегізбаев, М. Орынбеков, Ғ. Есім, С. Ақатай, А. Қасабек, Ж. Молдабеков, Ә. Нысанбаев, Т. Ғабитов, І. Ерғали және тағы басқа да мамандар қолға алған болатын. Соның арқасында қазіргі кезеңде біршама жүйеленген түсініктер қалыптасқаны белгілі. Ал енді қазақ философиясымен оның ұлттық идеясының өзара байланысын қарастыру да бұрын-соңды жүзеге асырылмаған ғылыми ізденістердің қатарына жатады.

- Жаһандану ұлттық төлтумалық келбеттің бедерсіздене бастауына әсер етіп отыр. Бұл үрдіс туралы Сіздің қандай пайымдауларыңыз бар?

- Бұл заманауи үрдістердің өзіндік қөрінісі. Осындай ықпалдан ешқандай қауымдастықтың «мәдени ареалы» сыртта қалып отырған жоқ екені де белгілі. Сондықтан объективті түрде өрбіп жатқан ақпараттар ағынын қабылдай отырып, әрбір этникалық мәдениет өзінің бірегейлігін, даралылығын білдіретін құндылықтар жүйесіне көңіл аударғаны, оны сақтағаны, әрі қарай дамытқаны абзал. Сонда ғана әлемдік мәдениет өзінің көптүрлілігін, қайталанбас байлығын ұрпақтан ұрпаққа бере алады, жасампаз дәстүрді жалғастырады. Әрине, қоғамда қалыптасқан рухтың әртүрлі сипаты бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Оңды және теріс бағытта өрбіген іс-әрекеттер нәтижесі әлеуметтік кеңістікте әртүрлі энергетикалық құрылымдарды туындатады. Сондықтан періште мен жын-шайтан туралы қарама-қайшылықты рәміздік белгілердің діни санада бекуі кездейсоқтық емес. Жалпы диалектиканың заңдылығында осындай қатынастардың рухани дүниеде орын алуы мүмкіндігі жөнінде айтылып өтіледі. Оған тек философиялық мағынадағы пайымдаулар жасай алуымыз керек, тиісті түсініктемелер беру қажеттілігі де бар. Ал кейде көбінесе атеистік ұстанымдардағы әріптестерімізде мәселеге мысқылмен ғана қараушылық бой көрсетеді. Ал мәселенің екінші қыры тек кейбір дәстүрлі конфессиялардың ақиқаты мойындалып, қалғанына белгілі скептицизммен бағалаулер беріледі. Бұл да өзіндік сыңаржақтылықтың белгісі.

- Шығыстық ділге сәйкес келетін ерекшеліктер мен Батыстық өркениеттік сипаттардың жетістіктерін синтездеу арқылы еліміздің өзгешелігіне сай келетін ұлттық идеяны анықтау туралы не дер едіңіз?

- Бұл мақсатқа қоғамды іштей біріктіру, ешкімді дүниетанымының әрқилылығына байланысты алаламау, әрбір адамның әлемдегі өзіндік құндылығын бағалау сияқты түсініктерден құрылған теориялық іргетастарға негізделген жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Жалпы ақиқаттың жолын таңдаудан артық ешнәрсе жоқ. Оған тек ғылым, дін және мәдениеттің біртұтас мақсатқа қызмет еткенінде ғана жетуге болады. Философияның міндеті осы бірлікті барынша оңтайлы жолдармен жасау болып табылады.

Қазіргі кезеңде Қазақстан өзінің рухани, саяси, әлеуметтік болашағын анықтау үстінде. Сонымен бірге әрбір қазақстандықтың көңілінде жатқан көптеген сұрақтардың шешімі орнықты сипатта табыла бастауы мүмкін. Экономиканы, әлеуметтік мәселелерді бір жүйеге келтіру арқылы қоғамға тиімді рухани құндылықтар жүйесін қалыптастыруға болады деген сөздер, меніңше, үстірт айтылған пікір. Себебі, руханилық қалыптасу заңдылығы қолайлылықтан, пендеге деген ыңғайлылықтан туындамайды. Керісінше, ол қиындықты адамдар жұмыла отырып бірге жеңе білуге үйрену, ешкімді шыққан тегі мен түр-түсіне, өмір сүру салтына қарамай шеттетпеуден басталады. Ал рухани дамудың негізінде руханилық орныға бастаған қоғамда құндылықтар әлемі өзінің нағыз шынайы бейнесінде, өз формасында болмысын көрсетеді және адам үшін қызмет етеді, жеке тұлғаны бұл өмірде бақыттылыққа жеткізеді. Руханилыққа жетудің абсолюттенген механизмі болмайды, ол тікелей субъектінің өмір тәжірибесін жинақтау әрекеттерімен астасып жатады.

Әрбір ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы діни құндылықтармен астасып жатады. Діни модельдің өмірде жүзеге аспауына кедергі жасалатын негіздер ұлттық құндылықтарда емес, ол әрбір адамның бойында көбінесе жетекші рөл атқаруға бейім тұратын эго-эмоциялық сезімдердің қалыптан тыс ауқымды қамтуында. Бұл тарихи процесте діннің мәнін өзгертуге, оның әлеуметтік болмыста реакциялық сипатта байқалуына себепкер болды. Ал шын мәнінде нағыз рухани дамудың жолындағы субъект діни ұстанымдарды, прицниптерді, бағдарларды жоққа шығара алмайды.

- Қоғамда әр түрлі конфессияның болуы олардың діни құндылықтарының, принциптерінің кейде сәйкес, кейде қарама-қайшы келуі дамудың әлемдік көптүрлілікті сипатын танытады. Бірақ конфессиялық өзімшілдік халықтар арасындағы, мәдениеттер сұхбатындағы қабырға, алынбас кедергі іспетті боп тұр ғой?

- Олар қазір өзара сұхбаттастықтағы әлеуметтік, дүниетанымдық қашықтықтың сақталуына, түбінде адамзаттың ұждан мәселесінде жіктелуіне әкеліп, ыдырауға себепкер болып отыр. Адамзатты рухани түсініктер бойынша біріктірудің бір жолы - Ортақ, біртұтас Дін болғанмен, ол тарихи қалыптасқан конфессияларды бір-бірімен механикалық түрде қосумен, жақындатумен шешілмейтіні белгілі. Бұл жағдайда конфессияаралық төзімділік, рухани құрметтеушілік реттеуші рөл атқарады. Догматтар деңгейіндегі сұхбат, немесе ымыраға келу мүмкіндігі төмен нәрсе, тек сұхбат жетілген тұлғалық деңгейде орын алуы ықтимал. Сондықтан азаматтардың мәдениеттілік деңгейі мен өзара төзімділікке бейімділігі қоғамдағы діни бағыттар арасындағы сыйысушылықты нығайтады.

Тарихи процестің бірлігін қамтамасыз ететін, рухани сабақтастыққа, ынтымақтастыққа негіз болатын әмбебап-адамдық рухани құндылықтар еркіндік пен шығармашылықтың, қайырымдылық пен ізгіліктің арқасында қалыптасады және дамиды. Адамның әлемге қатынасын айқындаушы факторлар ақиқаттың заңдылығымен, оның үйлесімділік толы ұстанымдарымен астасып жатады. Сондықтан әрбір әмбебап құндылықты қалыптастырушы шығармашылық субъектісі Ғаламдық процестердің жетіле түсуіне, адамның өмірінің мәндене түсуіне өз үлесін қосады. «Адамзаттың бәрін сүй!» деген Абай адамның рухани кемелденуінің асқақ шыңын көрсетіп берген. Бұл қазақ философиялық ойының әлемдік деңгейдегі озық үлгілерге тең келуі деп бағаланатын тұстары. Ал Шәкәрімнің көрсетіп берген «Ұждан» туралы түсініктері жалпы адамзаттық гуманизмнің түпкі мәндік негізі болып тьабылады. Міне, осындай этикалық келбеті бар қазақ философиясы тиісті бағасын ала түсетін уақыт та келді. Ол дегеніңіз жоғары оқу орындарындағы дәрістеудегі тиісті құрылымдарды құрайтын руханият әлемі деуге болады.

Көшпелі мәдениетке сай құндылықтар жүйесі өзінің табиғатпен үйлесімділігімен ерекшеленеді. Дәстүрлі қоғамның рухани құндылығы көбінесе адамды тұрақтылыққа, әсемдікке жетелейді, оның бойындағы бояулар нәзік лирикамен көмкерілген, техногендік прагматизмнен алыстау. Сондықтан қазіргі заманның өркениетті бағдарлары дәстүрлі қоғамның рухани байлығын жоққа шығармауы тиіс, рухани құндылықтардың інжу-маржандарын сақтауға тырысқаны жөн. Онсыз қоғамның барлық аксиологиялық астары бедерсіздене түседі, көпғасырлық тарихта қалыптақан руханият байлығы жаһанданудың жаншуының астында қалады.

- Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі кезеңдегі құндылықтар жүйесіне көптеген өзгерістер еніп жатқаны белгілі. Бұл жерде дәстүрлілік пен жаңашылдықтың қатынасындағы белгілі бір баланс бар ма?

- Әрине бар. Ол сақталса ғана әлеуметтік, рухани ауытқулар мен жаңылысулар болмайтыны белгілі. Ескі мен жаңаның күресі кез келген мәдениеттің құрылымындағы процесс. Тек бұл ахуалдың негізгі өлшемі - руханилықты, Ақиқатты айқындаумен ғана өзінің оңды нәтижесін береді деген ойдамыз. Бұл қоғамдағы азаматтардың рухани дамуға бет бұруымен астасып жататын дүние. Адамның рухани дамуы экзотикалық технологиялардың, жаттығулардың, медитацияның нәтижесі емес, ол адамның нақты қоғамда қайшылықтарды, мәселелерді ізгілікті қадамдармен шешіп қана әлемді нұрландыруға бағытталған әрекеттер.

Қазіргі замандағы модернизациялану кезеңінде философияның, жалпы гуманитарлық білімнің негізгі субъектісі болып адам есептеледі. Сондықтан қоғамдағы рухани құндылықтар тек адамның жетілуіне, кемелденуіне, үйлесімді өмір сүруіне қызмет етуі тиіс. Бұл үшін әлеуметтік философияның талдауындағы әрбір құбылыс осы ұстанымдар тұрғысынан қарастырылуы абзал. Мәдени құндылықтардың маңыздылығын айқындаудағы жауапкершілік зор. Бұл ізденістердің нәтижелері қоғамның іргетасын не нығайта түседі, не шайқалта бастайды. Сондықтан ізденуші үнемі Ақиқат жолында болуы шарт, одан басқа соқпақтар жаңылысу қадамдары. Бұл рухани қалыптарды, құндылықтарды қалыптастырудың, дамытудың іргетасы.

- Қазіргі таңда бұл бағытта қандай өзекті мәселелер бар?

- Қазақстанға шет елдерден келіп жатқан оралмандар арасында сақталған ерекше ұлттық рухани құндылықтарын әлеуметтік философиялық сараптаудан өткізу, мүмкіндігі келгенше қазақ диаспорасы тараған жердегі этникалық мәдениеттің төлтумалық үлгілерін зерттеу мәселелері қазір күн тәртібінде тұр. Қазақ жеріндегі рухани мәдениеттің құндылықтары әлі толық сұрыптаудан өткен жоқ. Рухани бағдарларымыздың жүйелі түрде тұжырымдала түскені біз үшін тиімді. Ұлттық қауіпсіздіктің қайнар көзі болатын Қазақстан халқының рухани бірлігі мәселесі осы рухани құндылықтар құбылысымен астасып жатады. Сондықтан тек әлеуметтік философия тұрғысынан ғана емес, дінтану, мәдениеттану, саясаттану, социология, тарих және басқа да ғылымдар салалары бойынша зерттеулер қажет-ақ. Яғни гуманитарлық кеңістікте пәнаралық мәселе туындайды.

Жалпы қазақ халқының философиялық мәдениетіне мән беріп, назар аударған ғалымдардың көбісі халықтың дәстүрлі дүниетанымында "көркем образдар" ғаламы үстемдік ететінін байқайды. Шынымен де қазақтар әлемді ұғымдық мағынада шегелеп көрсетуден гөрі, көркем бейнелермен өрнектегенді қалап келген халықтардың қатарына жатады. Оның бұл ерекшелігі кемшілігі болып есептелмейді, керісінше, ақынжанды халықтың арманшылдығын, аңқаулығын, ақкөңілділігін білдіреді. Дегенмен, сан ғасырлар бойы ділге әсер еткен соққылар мен қыспақтар бұл ерекшелікті біршама көміскілеп тастағаны байқалады. Ал қазіргі кезеңде жаһандану процестері алып келген сұрықсыздық психологиясы мен дарашылдық философиясы қазіргі замандасымыздың санасына енбей қоймайды. Міне, сондықтан бұрынғы кісілікті, ізгілікті, қайырымдылықты, құтты бәрінен жоғары қоятын халықтың санасы өзгерістерге, яғни трансформацияға ұшырауда. Сөйтіп, жаңа тұрпайы материалистік, прагматистік, тіптен, утилитаристік сипаттағы құндылықтар жүйесі қоғамдық санада беки түсуде. Бұндай теріс мағынадағы процестер Жер бетіндегі барлық халықтардың тағдырына қатысты екені байқалады. Қазақтар сол үлкен тұтастықтың бір бөлігі ғана. Осыған орай қазақ халқының тағдыры абстрактілі мәселе емес, ол сол халықтың әрбір өкілінің бақытты өмірімен, дүниетанымың өрбуімен, тіршілігінің қалыптасуымен тікелей астасып жататын құбылыс. Ал әрбір тұлға бақытты болуы үшін ол халықтың ғасырлар бойы қордалаған даналыққа толы рухани байлығын игеруі тиіс.

- Әңгімеңізге рахмет!