Қазақстан жылқы еті өнімдерінің экспортын арттыру үшін халықаралық стандарт ұсынды – шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Қытайдан Еуропа мен Орталық Азияға 21 570 жүк пойызы жөнелтілді – Халық газеті

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қытайдан Еуропа мен Орталық Азияға қатынайтын 21 570 жүк пойызы жолға шықты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға көп, деп жазады қытайлық Халық газеті басылымы.

Фото: kaz.people.cn

Оның ішінде Қытай-Еуропа бағытында 12 988 пойыз қатынап, жылдық өсім 17,6%-ды құрады. Ал Қытай-Орталық Азия бағытында 8 582 жүк пойызы жөнелтіліп, бұл көрсеткіш 0,7%-ға артты.

Бұл туралы Қытай мемлекеттік теміржол тобы хабарлаған. Компанияның мәліметінше, жүк пойыздарының тұрақты өсуі Қытайдың Еуропа және Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық байланыстарын нығайтуға ықпал етіп отыр.

Қазақстан жылқы етінің экспортын арттыру үшін халықаралық стандарт ұсынды – Eurasia Today

Қазақстан жылқы етінен жасалған өнімдерге арналған алғашқы халықаралық ISO стандартын әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама 19 тамызда Астанада өткен ет өнімдерінің сапасына арналған форумда көтерілді.

Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады. 

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бүгінде жылқы еті өнімдеріне қатысты бірыңғай халықаралық стандарт жоқ. Бұл терминология, жіктеу, таңбалау және сапаны бағалауда айырмашылықтарға әкеліп, өнім экспортына кедергі келтіруі мүмкін

Фото: kz.eurasiatoday.ru

Болашақ стандарттың негізіне ГОСТ 34921–2023 «Ұлттық жылқы етінен жасалған өнімдер. Техникалық шарттар» құжатын алу ұсынылды. Оған қазы, шұжық, жал, жая және басқа да жылқы етінен жасалған өнімдер енгізілуі мүмкін. Қазақстан халықаралық жұмыс тобын құрып, оның жұмысына жетекшілік етуге дайын екенін білдірді. Форум қорытындысында ISO стандартын әзірлеу, қазақстандық сарапшылар мен бизнес өкілдерінің халықаралық стандарттау жұмыстарына қатысуын кеңейту және зертханалық базаны дамыту бағыттары белгіленді.

Сондай-ақ осы аптада Eurasia Today басылымында «Орталық Азия елдері үшін Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу маңызды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Келтірілген деректерге сүйенсек, Орталық Азия елдері үшін 2015 жылы құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысу әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал ететін маңызды фактор. Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының Азия және Еуропа елдерін зерттеу институты бөлімінің басшысы Фарида Курбанзоданың пікірінше, Қазақстан мен Қырғызстанның тәжірибесі интеграцияның өңір экономикасына әсерін көрсетеді

Фото: kz.eurasiatoday.ru

Қырғызстан үшін ЕАЭО-ға қатысу ірі нарыққа шығуға, кедендік кедергілерді азайтуға және еңбек миграциясының мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашса, Қазақстан үшін экспортты әртараптандыруға, инвестиция тартуға және транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Сарапшының айтуынша, ЕАЭО аясындағы интеграция Қырғызстанда бюджет кірістері мен тауар айналымының өсуіне, ал Қазақстанда одақ елдерімен сауда және инвестициялық байланыстардың нығаюына ықпал етті. Сонымен қатар, Қырғызстан үшін ұлттық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ақша аударымдарына тәуелділікті азайту, Қазақстан үшін экспорт құрылымын әртараптандыру маңызды. Фарида Курбанзода ЕАЭО өңірлік экономикалық даму архитектурасының маңызды элементі болып қала беретінін атап өтті.

Сенат басшысы Қазақстан елшісімен кездесті – ӨзА

Өзбекстан Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжановпен кездесті. Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты, соның ішінде парламенттер арасындағы байланысты, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді

Фото: uza.uz

Хабарламада айтылуынша, кездесуде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік пен бауырластық қатынастардың екі ел басшыларының достық байланыстары арқасында қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Парламенттер арасындағы ынтымақтастықты заң шығару, парламенттік бақылау, өңірлік кеңестермен жұмыс, Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және гендерлік теңдік бағыттарында жалғастыру қажеттігі айтылды.

Өзбекстандық ақпарат көзінің дерегінше, сонымен қатар тараптар Қазақстандағы конституциялық реформалар мен парламенттің жаңа моделі жөнінде пікір алмасты. Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес Парламент бір палаталы Құрылтай түрінде жұмыс істейді. Алғашқы сайлау 23 тамызға белгіленген.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Хорезмде өткен дәстүрлі «Қауын фестивалі» Гиннестің рекордтар кітабына енді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды

Фото: uza.uz

Хорезм облысының Хиуа қаласында дәстүрлі халықаралық «Қауын фестивалі» өтті. Үш күнге созылған шара барысында қауынның 250-ге жуық түрі және одан дайындалған 200-ден астам өнім көпшілік назарына ұсынылды. Фестиваль аясында «Хорезм қауындары» атты кітап та жарық көрді. 

Фестиваль қорытындысы бойынша Хиуа қаласы бас жүлдеге ие болып, «BYD Song» электромобилімен марапатталды. Бірінші орынға Янгиарық ауданы, екінші орынға Хорезм облысының ауыл шаруашылығы басқармасы лайық деп танылды. Үшінші орын Үргеніш мемлекеттік университеті мен «UzAuto Motors» компаниясының Хорезм облысындағы филиалына берілді.

Халықаралық фестиваль «Әлемде ең көп қауын дәм татқан шара» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Шараның жабылуында жергілікті және шетелдік өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.

Хорезмде өткен дәстүрлі «Қауын фестивалі» Гиннестің рекордтар кітабына енді

Иранның Сыртқы істер министрінің кітабы қазақ тілінде жарық көрді – ParsToday

Иранның Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчидің «Келіссөз құдіреті» кітабы қазақ тіліне аударылып, жарық көрді. Аударма жұмысы Иранның Қазақстандағы Елшілігінің Қоғамдық дипломатия бөлімі бастамасымен және Тегерандағы Қазақстан Елшілігімен өзара іс-қимыл аясында жүзеге асқан, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.

ParsToday ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, кітапты Тегерандағы Қазақстан Елшілігі басшысының орынбасары Бекмұрад Хайдар қазақ тіліне аударған. Қазақ тіліндегі нұсқасы Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінде басылып шықты.

Еңбек Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы студенттерге, сондай-ақ саясаттану және халықаралық қатынастар саласына қызығушылық танытқан оқырмандарға ұсынылады. Бастаманың мақсаты – Иран мен Қазақстан арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, мәдени және зияткерлік байланыстарды дамыту.

Түркияда түрік өнеріне арналған байқауға өтінім қабылдау басталды – TRT

Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің ұйымдастыруымен, «Жаңа Түркия білім беру қорының» (YETEV) қолдауымен 23-ші Мемлекеттік түрік өнері байқауы басталды. Байқау түрік өнерін қолдауға, жаңа таланттарды анықтауға және өнерпаздарды дәстүрге сүйене отырып, төл туындылар жасауға ынталандыруға бағытталған.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Фото: trtkazakh

«TRT»-ның дерегінше, байқау көркемжазу, түптеу-әлдеу, миниатюра, эбру, қыш өнері, қалам өнері және катый' (қағаз қию өнері) бойынша жеті номинацияда өтеді. Қазылар алқасы үздік деп таныған жұмыстардан арнайы көрме ұйымдастырылады.
Әр номинация бойынша үздік үш туындының авторына 80 мың лирадан, ал көрмеге қоюға лайық деп танылған 42 туынды иесіне 25 мың лирадан сыйақы беріледі. Жалпы жүлде қоры 2 млн 730 мың лира. Байқауға өтінімдер 20 тамыздан 15 қазанға дейін gorselsanat.ktb.gov.tr сайты арқылы онлайн қабылданады.