- Марғұлан Мақсұтұлы, әр маусымның үшінші жексенбісі - Медицина қызметкерлерінің күні. Мерекеңізбен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. Өзіңіз басқарып отырған мекемеде ардагерлердің қандай әлеуметтік топтарына қызмет көрсетіледі және көмекке мұқтаж адамдардың жалпы саны қанша?
- Біздің госпиталь - шипажай үлгісіндегі мекеме. Мұнда ардагерлер ағзасын демалдырып, емдеп қайту үшін келеді. Біз қызмет көрсететін әлеуметтік топқа Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, Ауған соғысына қатысушылар, Украинадағы Чернобыль АЭС-дағы апатты жоюға қатысушылар мен 1949-1991 жылдары Семей ядролық сынақтары жасалған полигон аумағында тұрған азаматтар кіреді. Олардың еліміздегі жалпы санына келсек, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері 8 мыңға жуық болса, Кеңес Армиясы қатарында Ауғанстанда әскери борышын өтегендер 16 969 мың адамды құрайды. Ал Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюға қатысушылар 6 мың, Семей полигоны аумағында тұрғандар 788 505 мың шамасында. Әрине, біздің олардың бәріне бірдей қызмет көрсетуге шамамыз жетпейді.
- Олар мұнда қалай келе алады? Жолдамамен бе, әлде кезек бойынша ма?
- Елімізде ардагерлерге қызмет көрсететін екі госпиталь бар. Біздің госпиталь 90 кереуетке, Астанадағы орталық госпиталь 60 кереуетке есептелген. Сол сияқты Қарағандыда, Павлодарда да арнайы денсаулық сақтау мекемелері бар. Республикалық госпитальдарға емделушілер өздері тұрып жатқан өңірдегі жергілікті денсаулық сақтау басқармалары арқылы келеді. Оны олар өздерінде тіркеуде тұрған ардагерлердің сырқаты мен денсаулық жағдайына қарап анықтайды. Егер республикалық деңгейдегі госпитальдарды қажет деп тапса, олардың тізімін жасап, әрбір тоқсан сайын жолдамаға бізге тапсырыс береді. Біз 1 ай бұрын тиісті жолдаманы жіберген соң, оған сол жерде емделушінің аты-жөнін, емделетін уақытын жазып, оларды жолдамамен бізге жібереді. Мысалы, Алматыдағы госпиталь оңтүстік пен батыс аймақтардағы ардагерлерді, Астанадағы госпиталь орталық және солтүстік өңірлерді қабылдайды.
- Сіздерге келетін ардагерлердің негізгі сырқаты қандай? Олардың саны мен құрамында қандай да бір айырмашылықтар бар ма?
- Емделушілер негізінен неврологиялық және кардиологиялық ауырумен ауыратындар болып келеді. Бұл негізінен олардың соғыстағы ескі жарақаттарына байланысты. Мысалы, 2009 жылы осы қызметке келгенде елімізде 15 мыңдай Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен мүгедектері бар болатын. 3,5 жылда олардың саны 2 есеге кеміп кетті. Чернобыльдықтар болса, 11-ден 6 мыңға дейін азайды. Өйткені оларда да өлім-жітім тәуекелі жоғары. Семей полигоны зардабын шегушілер саны бірқалыпты деңгейде. Өйткені оны Семей өңірінің ғана емес, онымен шектесіп жатқан өзге облыстардың бірқатар аудандарының тұрғындары да тартты.
- Ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюға қатысушылар арасында госпитальдың мүмкіндігі шектеулі, сондықтан жаңа емдеу орындары қажет деушілер бар. Бұл пікірге қалай қарайсыз? Сондай-ақ, кезінде сейсмикалық жағынан жарамсыз деп табылып, жаңадан тұрғызылады деп 2010 жылы жабылған сіздердің госпиталдарыңыздың корпусы қашан іске қосылмақ?
- Госпитальдың жаңа корпусын салу мәселесі үкімет тарапынан қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігінде оның жобалық құжаттарына байқау өткізу мәселесі қаралуда. Бұл мәселені Үкімет басшысы өз қадағалауына алып отыр. Жоспар бойынша онда 50 жыл бұрын салынған ескі корпустың орнына 240 орындық заманауи жаңа нысан салынып, 2015 жылы іске қосылмақ. Егер бәрі жоспар бойынша жүретін болса, ардагерлерді емдеу орнымен қамтамасыз етуге деген сұраныс толық өтеледі. Қазірдің өзінде чернобыльдықтар көктемде және күзде 2 рет госпитальда жатып, тегін емделеді. Мысалы, жақында бізге алғаш рет келген ауған ардагері Байкал Хамзин маған 1 рет жеткілікті деп, тіпті мерзімінен бұрын шығып кетті. Мемлекет мұнда науқастарды жатын орынмен, дәрі-дәрмекпен, тамақпен толық көлемде қамтамасыз етіп отыр. Госпитальда жай ардагерлер күніне 5 рет, қант диабетімен ауыратындар 6 рет тамақтанады. Дәрігерлердің өздері тағайындаған ас мәзірі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілген. Оны науқастар ғана емес, жұртшылықтың өзге әлеуметтік топтарының өкілдері мен журналистер қауымы өз көзімен көріп әрдайым қадағалап отырады.
- Мұнда қазір қанша адам жұмыс жасайды, жоғарыда айтылған корпус іске қосылған кезде тағы қанша адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек? Ем қабылдау неше күнге созылады?
- Қазір госпитальда 246 адам жұмыс істейді. Аталмыш корпус ашылса, қызметкерлер саны көбейеді. Госпиталь шипажайлық үлгіде болған соң мұнда ардагерлер бассейн, минералды ванна, массаж, балшықпен емдеу, физиологиялық емдеу және тағы басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Құрал-жабдықтарымыз да жақсы. Ал ем қабылдау мерзіміне келсек, ол қазір екі аптаны құрайды. Сондықтан кейбір емделушілер аз деп шағымданады. Өйткені 5 жыл бұрын олар мұнда 25 күн жататын. Біз емделушілердің өтініші бойынша олардың ем алып, демалу мерзімін 14 күнге создық. Бұл уақытта барлық емдеу шараларын толық жүзеге асыруға болады. Сондықтан мұнда қазір жылына 90 кереуеттік орынмен 2600 адамға қызмет көрсетеміз. Жоғары корпус жабылғанға дейін жылына 4,5 мың адамды емдегенбіз.
- Госпитальдың бұл корпусы қай жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр? Емдеу нысандарының жарамдылығын кім, қалай анықтайды?
- Бұл бұрын Ет комбинатының Денсаулық шипажайы болатын. Ол Ұлы Отан соғысы ардагерлері госпиталінің балансына 1991 жылы ғана берілді. Биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауланың асфальті мен жолдарын жаңартқалы отырмыз. Ал жоғарыдағы 1963 жыл салынған корпус бұрынғы Орталық комитеттің шипажайы болатын. Үкімет қарамағындағы Алатау шипажайы салынған соң, ол да 1990 жылдардың басында біздің балансымызға берілген болатын.
Емдеу мекемелерінде 3 жылда 1 рет акредитация жүргізіледі. Мекеме сырқаттарды қабылдауға жарай ма, жарамай ма оны тәуелсіз сарапшылар анықтайды. Біз аккредитациядан соңғы рет 2011 жылы өттік. Енді келесі жылы өтеміз.
- Жаңадан келіп жатқан жас кадрлардың кәсіби біліктілігін қалай бағалайсыз және мұнда ардагерлердің көңілін көтеру үшін мерекелік шараларды ұйымдастыру жайы қалай жүріп жатыр?
- Бізге қажетті мамандарды қазір еліміздегі 6 медициналық жоғары оқу орны дайындауда. Былтыр С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 2 түлегін жұмысқа қабылдадық. Олардың дайындық деңгейі өте жоғары. Біз сондай-ақ, зейнет жасындағы өз қызметкерлерімізді бірден босатпаймыз. Олар өз ізбасарларын дайындау үшін жас мамандарды олардың қамқорлығына тапсырып, білімі мен тәжірибесін ұштауға мүмкіндік береміз. Ол өз нәтижесін беруде.
Ал мерекелік шараларға келсек, бізде мұндай істер ұдайы өткізіліп тұрады. Өнер жұлдыздары өздері ұсыныс жасап, осында келіп, ардагерлердің көңілін
көтеруге құлшыныс танытып отырады. Мәселен, әйгілі әнші, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова бізге Жаңа жылда келгісі келген. Белгілі бір себептермен келе алмай қалды. Әнші, актриса Меруерт Түсіпбаева да көмегіміз керек болса қысылмай, әрдайым хабарласып тұрыңыз дегенді айтты. Сондықтан бізде мереке кездерінде мәдени шаралар кезінде әншілер, орындаушыларды шақыру жағынан еш қиындық көріп жатқан жоқпыз.
- Әңгімеңізге рахмет!