«Арғымаққа» міндім деп, ақыл-естен айырылма!» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің қарқынды дамуына кедергі келтіретін көптеген кемшіліктерді алға тар­тып, оған жол беріп отырған бірқатар шенеуніктердің жұмысын сынға алған болатын. Әсіресе, мемлекеттің ел экономикасын өркен­де­тудегі сындарлы жұмыстарына сын айтқызатын барлық салаға тән жемқорлық көріністері екені анық. Сондықтан, Елбасы бұл орай­да кімге болса да сыбайлас жемқорлыққа ешуақытта төзбеу керек­ті­гін қатаң талап етті. Соның бірі қолданыстағы мемлекеттік сатып алудың сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім сала екендігі қазір бар­шаға мәлім. Осының ұшар басынан бастау алған сыбайластық ел­ қаржысын жаппай талан-таражға салуға жол ашады. Ал оны, яғни аталған саладағы жемқорлықты алғашқылардың бірі болып­ анық­тайтын орган - Қаржы полициясы. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті Елбасының қатаң сы­нынан кейін мемлекеттік органдарды жайлаған сыбайлас жем­қор­лықты жоюдың жайы және бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Ахметжановқа жолығып, өзекті мәселелер туралы айтып беруін сұраған. Сұхбат басылымның бүгінгі нөмірінде «Сыбайластар тендерді қалай тастар?» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымның жазуынша, өткен он айдың ішінде Жамбыл облысы жолдарының бойында 1326 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 272 адам қаза тапқан. Ал, он екі мүшесі сап-сау адамнан табан астында кемтар, мүгедек жанға айналғандардың саны 2143 адамға жеткен. Жол-көлік оқиғасының Жам­был өңірінде жиі орын алуының себептері бар ма? Бар болса, ол не? Облыстық ІІД қызметкерлері бұл себептердің бірін Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келетін автотранспорттар легінің күрт көбейіп кетуінен көреді. «Жамбыл жолдары арқылы бір сөткеде 2500 таранспорт құралдары өтеді» дейді олар. Одан кейін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолының бойындағы уақытша қолайсыздықтарға (транспорттарды уақытша бір бағыттағы жолмен жүргізуге мәжбүрлеу, қарсы бағыттағы екі жолдың арасында қоршаудың болмауы және, т. б.) сілтеме жасайды. Жол бойындағы өлім-жітімге әкеліп соғатын апаттардың енді бір себебі - жол-бақылау полицейлері штатының аздығы-мыс екен. Бұл «кемшілікті» түзету үшін облыстық ІІД басшылығы жол-бақылау полицейлері штатының санын алдағы уақытта тағы 200 адамға көбейтуді сұрап ІІМ-іне ұсыныс әзірлеп те қойыпты. Мақала «Арғымаққа» міндім деп, ақыл-естен айырылма!» деген тақырыппен берілген.


***

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында Қазақстанның бірнеше жылдардағы басты қаржылық құжаттары - «Бюджет-2013»-тің нақтыланған жобасы және алдағы үш жыл бюджетінің жобасы қаралды. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Қазақ жері Ресейдің полигондарынан құтылуы мүмкін» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов тікелей Үкімет басшысына жүгінген. Ол маусым айының аяғында Премьердің қабылдауында болыпты, сонда Атырау облысының үлкен мәселесі - Тайсойған полигонына қатысты мәселе көтерген екен. Сәрсенбай Құрманұлының айтуынша, Тайсойған полигонының құрамында Атырау облысының үш ауданының елді мекендері кіреді. «Соның ішінде Тайсойған селолық округінің орталығы - Тайсойған ауылы полигон аумағында тұр. Оның 2 мыңға жуық тұрғыны 22 жыл бойы үйлері тұрған жердің құжаттарын ала алмауда. 50-ге тарта шаруа қожалық өз жұмысын жүргізе алмай келеді. «ҚазМұнайГазға» қарасты 2 кен орнында біріккен кәсіпорын өз жұмыстарын істей алмауда. Сайып келгенде, бұл мыңдаған адамның жұмыс орны, қосымша түсетін табыс салығы», - деді ол. «Бұл маңызды мәселе, - деді Үкімет басшысы Серік Ахметов. - Сонымен бірге ол - күрделі мәселе. Оны бәріміз түсініп отырмыз. Ол жұртымыздың, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне байланысты. Біз Ресей Үкіметіне үкіметаралық комиссия арқылы ұсыныс бердік».

«Жылына 60 мың тонна ет экспорттауға қол жеткізіп қойыппыз да, ендігі қалғаны оның көлемін 100 мың тоннаға жеткізу болып па? «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген халық даналығы қалай тауып айтылған деп таңғалмасқа шараң жоқ», - деп жазады «Айқын» газеті «Ет экспортының еңсесі түзеле ме?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мал шаруашылығы мәселелері бойынша алқа отырысында елімізде 2020 жылға дейінгі мастер-жоспарларды жүзеге асыру аясында ет өндірісі бойынша өндірісті 650 мың тоннаға дейін, ал экспортты жылына 100 мың тоннаға дейін жеткізу мақсаты тұрғандығын айтқан. Алайда бүгінгі дайындық барысы 60 мың тонна ет экспорттаудың ауылы алыстай бастағанын байқатып отыр. «Берілген тапсырманың, оған бөлінген 120 млрд теңгенің желге ұшқалы тұрғанына қынжылған Елбасы ауыл шаруашылығын басқарып отырған бүгінгі топ-менеджерлерді қуырып алғанына да көп уақыт өте қоймағанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Алдыңғы жоба-бағдарламаларды жүзеге асырып, оған бөлінген қаржыны игеріп алмай жатып, құлашты жүзеге асырылу-асырылмауы екіталай күмәнді жоспарларға сермейтініміз тағы да алдан шығып отырған сыңайлы. Ауыл шаруашылығы министрлігінің енді жылына 60 мың тонна етті былай қойып, оны 100 мың тоннаға жеткізе аламыз деп желпініп отырғаны таңғалдырмай қоймайды»,- делінген мақалада.