Әрі ақын әрі сазгер әрі әнші Тұрсынай Оразбаева Саха елінің өкіл қызы атанған еді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әсем әні қалықтаған қазақ даласында небір халық композиторлары жүрек түкпірінен жан тербеп шыққан әсерлі әндерін шығарып, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Міне, осы өнер бүгінде жалғасын тауып, мөлдір бұлақтай көзі ашылып отыр.

Әрине, ана әлдиімен бойға сіңген нәзік дүние бала қиялын асқақтатып, әсемдік әлеміне жетелейді. Ән салған адам сезім қылын шертетін әдемі үнімен жүрек тебірентеді. Тыңдаушының жанын жадыратып, мұңын тарқатады.

Бүгінгі әңгіме еткелі отырған өнер иесі, белгілі ақын әрі тамаша сазгер Тұрсынай Оразбаева еді. Тұрсынай Қазақ ұлттық әл-Фараби атындағы университеттің журналистика факультетін, Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет курсын оқып бітірген еді. Ол кісі жүрген ортасында назды да сазды үнімен ән салғанмен киелі өнерді кәсіп етпеген-ді. Табиғатынан бойына дарыған ақындық шабыт қолына еріксіз қалам ұстатқан. Поэзияның қыр-сырын жете меңгеруіне, осы жолды қалап алуына жол ашқан.

Өнер мен поэзияның егіз екенін көп жерде ақын-жазушыларымыз баса айтады. Шындығында да ән-күй мен өлең бір-бірімен біте қайнасқан нәзік дүние.

Тұрсынай өзінің саналы ғұмырында қоғамдық жұмысқа белсене араласа жүріп, қалам құрғатпаған лирик ақын болатын. Оның әр жылдары «Таң шапағы», «Іңкәр жүрек әуені», «Гүл сезім», «Мен сенің көктеміңмін», «Ғашық әнімсің» атты жыр жинақтары шықты. Сонымен қатар өлең жинағы «Огни моей мечты» деген атпен якут, тува, қарақалпақ тілдерінде жарық көрді.

Өмірінің соңғы жиырма жылында Тұрсынай сазгерлікпен де айналысқан еді. Оның алғашқы әні Алматыға арналып, ән тұсауы кесіліп, жақсы баға алғаннан кейін «Нұрлы әнім», «Оралдың сен», «Лена», «Өзің болдың», «Қырғыз әні» , «Жайнап қарағаның-ай», «Түркістан», «Күнім, айым, жұлдызым», «Сайран сазы», «Нұраға» әндері дүниеге келеді. Неше күнгі жүрек тебіренісінен туған сыршыл ән көпшілік көңілінен шықса, сазгердің бағының жанғаны емес пе?

Тұрсынай алғаш әнге мәтін жазып, тыңдаушысын тапқан ақын болатын. Оның Ескендір Хасанғалиевтің «Гүл сезім», әніне жазған өлеңі тез тарап кезінде көпшіліктің әділ бағасын алған. Ал Әшірхан Телғозиевтің «Әсиягүл», «Неге сені ұнаттым», «Сарыағаш» әндерінің де мағынасын ашқан Тұрсынайдың өлеңдері екені даусыз.

Біз қос өнерді жанына серік еткен аяулы қыздарымыздың бірі - Тұрсынай Оразбаевамен көзі тірісінде студиямызға шақырып, сұхбаттасқан едік. Енді сол екеуара әңгімені ой елегінен өткізгенді жөн көрдік.

- Тұрсынай, сізді ақын ретінде оқырмандарыңыз мойындады, соңғы жиырма жылда сазгерлікпен айналысасыз. Әдебиет пен өнер егіз деген де тұжырым бар, ал әнге құштарлық қай кезден бастау алады?

- Әуелі айтарым, мен Қазақ радиосына келсем төркініме келгендей боламын. Ақ орда деуге болады ғой, әлемге халқымыздың өнерін насихаттап жатқан мекеме, Осындай қасиетті орында халқыма бірауыз тіл қату мен үшін қуаныш. Мен де осы жерде әдебиет редакциясында біраз редактор болып жұмыс істедім. Ал енді Мәскеуде жүріп, елге сағынышпен мойын бұрамыз. Ал әнге келетін болсақ, "Туғанда дүние есігін ашады өлең, қара жерге кірер денең",- деп Абай атамыз айтқандай, шыр етіп дүниеге келген нәресте ана әлдиімен жұбанады, бүкіл өмірі ән сазына толы болады. Өмір бойы әнменен өмір сүресің. Ән деген құдірет қой. Саз жүректен шығып, ой санаң арқылы толқып, толғанып дүниеге келетін алланың берген шапағаты, нұры ғой.

Ән қазақ халқында жақсы дамыған, оны мақтаныш етіп айтып келе жатқан халықпыз.Оны қашанда айтуымыз керек. Әу деп ән айтпайтын, домбыра шертпейтін қазақ кем де кем. Қазақтың ұл-қыздары өнерге әрқашан бейім келеді. Кезінде Ақансері, Біржан салдар өздері әнін, сөзін шығарып, өздері орындаған. Міне, осындай бабалардың ұрпағы өнерді жалғастыру керек.

Бала кезде әнге ғашық болып ән әлемінде жүретіндей боп армандайтын едім, бірақ ол бақыт маған бұйырмады. Мен поэзия арқылы өнерге жақындағандай сезінем. Менің негізгі тынысым музыка, кейде мен осы жолға бірден түспегеніме өкінемін..

- Ән қалай туады?

- Мен өлең жазғанда әуелі күй немесе әдемі ән әсер етеді, содан соң қалам алуға тура келеді. Кейде әлемдік классикалық музыканы тыңдай отырып, мұңды әуен ойналса, ішкі шерімді қозғайды да ән шығады. Ән мен жыр қатарласып келіп жатады.

Мен Мәскеуде жүрсем де, Саха елінде немесе шетелде жүрсем де қазақ әнін айтамын, әсерленемін. Бірде Германияда достық кеші өтті. Сонда жапон, француз елі өкілдерінің алдында Александр Зацепиннің «Көктем» вальсін орындағанда жұрт екеу-екеу болып биледі. «Неге әнші болмағансың?» деп бәрі таңқалысты. Немістер:- Эна қаласында консерватория бар, атақты әншілер сол жерден шыққан, оқуға түс,- деп жан-жақтан өтініш те білдірді.- Жоқ, рахмет, мен журналистикада оқып жатырмын,- деп елге қайтқанмын.

Өз әнімді өзім орындаймын, кәсіби әншілерге беремін, әсіресе Ескендір Хасанғалиевтің менің өлеңіме жазған «Гүл сезім» әнін кейінгі жас ұрпақ сүйіп орындайды. Көптеген әндерім әлі жарыққа шықпай жатыр. Кейінгі жылдары «Сардана-Әсиягүл» деген ән жинағымды шығардым. Соңғы жылдары Шыңғыс Айтматовқа ұнаған қырғыз ақыны Қамбарәлі Бұлбұловтың сөзіне жазған «Өзің болдың» әнін Ұлжан Айнақұлова мен Зәурехан Құмарбекова айтып жүр. Зәуреханның орындауында «Нұрлы әнім» әні де әуе толқынынан орындалып жүр. «Наурыз - салтанатым сен» деген әнім наурызға арналған тақырыптық ән. Бұл адамды желпіндіретін мерекелік ән. Бұл әнді Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауының лауреаты Абылайхан Оспанов деген жігіт айтады. Ол домбырамен де, эстрадамен де ән орындайды. «Қырғыз әні» деген әнімді де сол орындап жүр...

- Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы жайлы да әніңіз бар екен, Әннің шығуы жайлы айта отырсаңыз?

- Мәскеуде Жазушылар одағында отырғаннан кейін әр республикадан ұлт өкілдері келеді. Бәрі Нұрекеңді мақтайды. «Шіркін, біздің елбасыларымыз да сондай болса екен»- деген арманмен айтады. Маңайынан нұр төгілген көшбасшымыздың ерекшелігін айтқан кезде қалай мақтанбайсың.

Сондай сезімнен Нұрағаңа арналған ән туды.

Саха елін екінші Отаным деп жүрсіз. Сізді өз қызындай қабылдаған ел туралы, жер туралы не дер едіңіз?

-Жиырма үш жыл бұрын Саха еліне Қазақ әдебиетінің күндерінде барғанбыз. Топ ішіндегі ең жасы мен екем. Содан бастап сол елге жиі баратын болдым, саха тілінде бірнеше әнім бар. Платон Аюнский деген олардың аяулы азаматы болған, Сәкеннің тағдырымен тағдырлас еді, ол да қуғын-сүргінге ұшыраған. Елімнің азаматы оқысын, көзі ашылсын, ғылым қусын деп армандаған азаматтарының бірі ғой. Платонға арнаған әнімді саха халқы өте сүйіп орындайды. Олар мені өкіл қызы ретінде қабылдады, саха арқылы менің жолым ашылды. Жолы сапарлас болған белгілі жазушылар «біз Тұрсынайды енді таныдық, ол ақын, сазгер, әнші екен-ау» деп өнеріме тәнті болған да еді.

Қазақ радиосында жүргенде «Саха саздары» деген хабарлар ұйымдастырғанмын.

Кезінде Алматыдағы Саха сауда өкілі мекемесі мені мәдениет жағынан кеңесші етіп қызмет берді, ақысын төлеп тұрды. Мен олардың осындай ықыласына жауап бере білдім.

- Сіз өзіңіздің туып-өскен Сайрам жері туралы ой өрбітсеңіз. Қасиеттің бәрі туған топырақтан деп жатады ғой?

- Сайран ежелден келе жатқан ескі қала. «Сайранда бар сансыз бап» дейді ғой. Бұл әулие мекен, қасиетті мекен, оны біз мақтан етеміз. Жыр әлемінде қасиетті Қожахмет Яссауидің ата-анасының бейіті жатқан жер. Менің ауылым «Қайнарбұлақ» деп аталады. «Қайнарбұлақ-балбұлақ» деген әнім бар. «Сайрам сазы» деген әнім бар, оны Мәскеуде қызым айтады...

Осылай деп бір кезде сыр ашқан Халықаралық «Алаш» және А.Фадеев атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, тамаша сазгер, ақын әрі журналист Тұрсынай Оразбайқызы да бұл фәниден өтті . Мәскеуде қазақ өнерін насихаттаушы, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов ақын қызды еске алғанда: «Тұрсынай үш мемлекеттің елшісі еді. Оған Қазақстан, Саха елі мен Ресей жері ортақ болатын. Өзінің жайдары мінезімен ел-жұрттың тілін тауып, өзін мойындатқан жан сол елдерде де өзінің азаматтығын, адамгершілігін көрсете білген еді.

Мен ол кісінің әндерін талай концертте орындап, насихаттап жүрген әншімін. Жібек мінезді, жаны нәзік апайымыздың өмірден озғаны қабырғамды қайыстырып кетті. Қазақ әдебиетінің бір өкілінен айырылдық», деген болатын.

Тұрсынай Оразбайқызы өзіндік үні, назы, сыры бар дарынды жан еді... Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева