GLP-1 деген не
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, GLP-1 (глюкагонға ұқсас пептид-1) – тамақтанғаннан кейін ішекте табиғи түрде бөлінетін гормон. Ол ұйқы безіне инсулин бөлу қажеттігі туралы белгі беріп, тамақтан кейін қандағы қант деңгейінің төмендеуіне көмектеседі.
Сонымен қатар GLP-1 асқазанның босауын баяулатып, тәбетті реттейді және тоқтық сезімін ұзақ уақыт сақтауға ықпал етеді.
Осы гормон негізінде GLP-1 рецепторларының агонистері әзірленген. Бұл дәрілер шамамен жиырма жыл бойы 2-типті қант диабетін емдеу үшін қолданылып келеді. Олардың кейбірін АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) семіздіктен арылу мақсатындағы ем-дом үшін мақұлдаған.
Қазақстанда қандай пептидтерге рұқсат берілген
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда GLP-1 тобына жататын бірнеше препарат тіркелген. Алайда олардың ешқайсысында салмақты азайту немесе бақылау жөніндегі ресми нұсқаулығы жоқ.
– ҚР дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінде глюкагонға ұқсас пептид-1 аналогтары бар. Бірақ олардың тіркеу құжаттарында салмақты азайту немесе ұстап тұруға қатысты емдік нұсқаулықтар қарастырылмаған, – делінген ДСМ-ның ресми жауабында.
Қазіргі таңда Қазақстанда мына препараттар тіркелген: «Виктоза» (лираглутид), «Трулисити» (дулаглутид), «Семавик» (семаглутид), «Лираглутид-Биокон» (лираглутид). Бұл дәрілердің барлығы ресми түрле 2-типті қант диабетін емдеуге арналған және тек дәрігердің рецептісі арқылы беріледі.
Олардың арықтауға арналған көрсетілімі жоқ. Министрлік мұны тіркеу құжаттарында салмақты бақылау мақсатындағы қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейтін жеткілікті деректердің болмауымен түсіндірді.
Сонымен бірге, ҚР ДСМ семіздікті емдеу және салмақты бақылауда ұстау үшін FDA мақұлдаған препараттарды атады. Олар – Wegovy (семаглутид), Zepbound (тирзепатид), Fundayo (орфорглипрон) және Saxenda (лираглутид).
Министрлік қандай қауіпті атады
Министрлік кез келген дәрілік препаратты дәрігердің тағайындауынсыз, қарсы көрсетілімдері мен клиникалық емдеу хаттамаларын ескермей қолдану адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертті.
GLP-1 препараттарының қауіпсіздігіне қатысты министрлік нақты мәлімет берді. Олардың 2-типті қант диабетін емдеуде тиімділігі дәлелденген және жалпы алғанда жүрек-қантамыр ауруларының қаупін арттырмайды.
Алайда бірқатар жағымсыз әсер болуы мүмкін. Олар – инъекция салынған жердегі реакциялар, бас ауруы, назофарингит, кейбір жағдайларда бүйректің жедел зақымдануы.
Ал бұл препараттардың ұзақ мерзімді қауіпсіздігін түпкілікті анықтап, нақты бағалау үшін қосымша ғылыми зерттеулер қажет.
Айта кетейік, бұған дейін арықтауға арналған Ozempic және Wegovy препараттарынан қандай қауіп бар екенін жазғанбыз.