Теміржолдан бастау алған қала
Арыс XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Орынбор — Ташкент теміржол желісіндегі маңызды станса ретінде бой көтеріп, кейін өңірдегі ірі көлік торабына айналды. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Еуропа бағыттарына қатынайтын жүк пен жолаушы ағынының тоғысқан нүктесі болғандықтан, қала «Азияға ашылған қақпа» атанды.
Стратегиялық маңызы жоғары аумақ Кеңес дәуірінде әскери мақсатта да пайдаланылды. Сол кезеңде Арыс маңында оқ-дәрі сақтау базасы орналастырылды.
— Арыс Кеңес Одағы аумағы бойынша жүктерді қажетті жерге жеткізуге мүмкіндік берген маңызды теміржол торабы болды, — дейді Нархоз университетінің оқытушысы Эмин Джаббаров.
Арсенал салынған кезде қазіргі қаланың шекарасы әлі қалыптаспаған еді. Алайда уақыт өте келе Арыс кеңейіп, тұрғын үйлер әскери нысанға жақындай түсті. Қауіпті қойма орнында қалғанымен, қала оның айналасында өсті. Кейін дәл осы жағдай Арыстағы алапат жарылыстың басты себептерінің біріне айналды.
1943-тен 2019 жылға дейін: апаттар тізбегі
Арыстағы әскери қоймалар маңындағы қауіп 2019 жылғы алапат жарылысқа дейін бірнеше рет белгі берген. Мұрағат деректеріне сәйкес, алғашқы ірі апат 1943 жылдың шілдесінде тіркелді. Ұлы Отан соғысы кезінде арсеналда болған жарылыс салдарынан төрт адам қаза тауып, 46 адам жарақат алды. Оқ-дәрі қоры мен әскери нысандардың едәуір бөлігі жойылды.
— Әскери химик мамандығы сирек әрі сұранысқа ие болды. Алайда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы кадр тапшылығы қауіпсіздік деңгейіне тікелей әсер етті, — дейді Эмин Джаббаров.
Жалпы, Арыс аумағындағы әскери қоймаларда бес төтенше оқиға тіркелген. Оның төртеуі тәуелсіздік жылдары орын алды. 2009 жылы төрт адам қаза тауып, 17 адам зардап шекті. 2014 жылы екі адам көз жұмып, бір адам жарақат алды. 2015 жылы тағы бір адам қаза тапса, 2019 жылғы жарылыс төрт адамның өмірін қиып, 400-ге жуық адамның зардап шегуіне әкелді.
Бұл оқиғалардың себебі әртүрлі болғанымен, барлығы бір ортақ мәселеге — қауіпсіздік талаптарының сақталмауы мен бақылаудың жеткіліксіздігіне келіп тіреледі. Мәселен, 2009 жылы «Казарсенал» ЖШС қоймаларында шыққан өрт оқ-дәрілердің жарылуына ұласты. Тергеу қорытындысы бойынша кәсіпорын басшылығы жауапкершілікке тартылды. Ал 2014 жылы жарылыс «Қазақжарылысөнеркәсібі» кәсіпорнында тіркелсе, 2015 жылы қайғылы оқиға оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезінде болды.
Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбіровтің айтуынша, жарылыстардың қайталануына жүйелі бақылаудың әлсіздігі себеп болған.
— Оқ-дәрілердің техникалық жағдайын тиісті деңгейде бақылау мен реттеу жетіспеді. Соның салдарынан кей жағдайларда олардың өздігінен тұтануына дейін жол берілді, — дейді Бауыржан Әбіров.
Әр апаттан кейін тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік шараларын күшейту туралы уәделер берілгенімен, түбегейлі өзгеріс болмады. Қала әскери қоймалармен көршілес өмір сүруін жалғастырды. Қауіп туралы айтылды, оған қатысты ескертулер де болды. Бірақ ол ұзақ уақыт бойы ауқымды апатқа ұласуы мүмкін қатер ретінде қабылданбады.
Мамандардың пікірінше, қоймалардағы қару-жарақ қорының өзі ерекше бақылауды қажет етті. Эмин Джаббаров келтірген ашық дереккөздер мәліметіне сәйкес, Арыста негізінен Ауғанстаннан шығарылған қару-жарақ сақталған. Ал Бауыржан Әбіровтің айтуынша, нысанда атыс қаруларымен қатар оқ-дәрілердің өзге де түрлері болған.
Джаббаров мұндай қорды сақтау мен жою жұмыстары жоғары кәсіби дайындықты талап ететінін атап өтеді.
— Қару-жарақты кәдеге жарату — үлкен ғылым. Мұндай мамандарды дайындап қана қоймай, олардың білімін тиімді пайдалана білу қажет, — дейді ол.
2019 жылдағы жарылыс
2019 жылғы 24 маусым күні таңғы сағат 09:20–да Арыс қаласының өртке қарсы қызметіне әскери бөлім аумағында жарылыс пен өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Алайда көп ұзамай жағдайдың бақылаудан шығып жатқаны белгілі болды. Оқ-дәрілер бірінен кейін бірі жарылып, тізбекті детонация басталды.
Бауыржан Әбіровтің айтуынша, апаттың ауқымды болуына әскери нысан мен тұрғын үйлердің тым жақын орналасуы да әсер еткен.
— Әскери нысандардың айналасындағы санитарлық-қорғау аймақтарына қойылатын талаптар сақталмаған. Қоймалар мен тұрғын үйлер арасындағы қашықтық ешқандай нормативке сәйкес келмеді. Қала оңтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бағыттарында дамуы керек еді. Құрылыс арсенал орналасқан бағытқа қарай жүргізілмеуі тиіс болатын, — дейді ол.
Таңертең ғана қалыпты тіршілік кешкен Арыс кешке қарай адам аяғы сиреген, кірудің өзі қауіпті аумаққа айналды.
Алайда алғашқы жарылыстар тоқтағанымен, қауіп толық сейілген жоқ. Қала аумағында және оның маңында шашылған оқ-дәрілер мен олардың бөлшектері қалды. Сондықтан тұрғындардың үйлеріне оралуы да бірден мүмкін болмады. Кез келген аула, көше немесе бос жатқан жер қауіп көзіне айналуы ықтимал еді. Осыған байланысты апат салдарын жою жұмыстары өртті сөндірумен ғана шектелмей, саперлердің, инженерлер мен әскери мамандардың ауқымды операциясына ұласты.
Жарылыстың зардабы орасан болды. Қаладағы 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7 634-і зақымданса, шамамен 500 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Жалпы шығын көлемі 96 миллиард теңгеден асты. Сонымен қатар 467 кәсіпкерлік нысанға зиян келді.
Ресми мәлімет бойынша, апат салдарынан төрт адам қаза тапты. Олардың қатарында әскери қызметкерлер мен жергілікті тұрғын болды. Бұдан бөлек, эвакуация кезінде болған жол-көлік оқиғасында сегіз жасар бала көз жұмды.
Дегенмен Арыс трагедиясының салдары статистикадағы сандармен өлшенбейді. Мыңдаған тұрғын үшін бұл күн өмірді «жарылысқа дейін» және «жарылыстан кейін» деп екіге бөлген ауыр белеске айналды.
Трагедияға кім жауапты?
Оқ-дәрілердің жаппай жарылу қаупі сейілгеннен кейін келтірілген шығынды бағалау жұмыстары басталды. Сол кезде апаттың шынайы ауқымы анық көрінді. Қаладағы 500-ге жуық үй тұруға мүлдем жарамсыз деп танылды.
Қалпына келтіру жұмыстарын жедел ұйымдастыру үшін Арыс 17 секторға бөлінді. Әр секторға Қазақстанның өңірлері мен ірі қалалары жауапты болып бекітілді. Мыңдаған құрылысшы жұмылдырылып, 2019 жылдың тамыз айының басына қарай бүлінген үйлердің 90 пайызы қалпына келтірілді.
Сонымен қатар қаланы қауіпті заттардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Бір жылдың ішінде Арыс пен оған іргелес аумақтардан шамамен 380 мың оқ-дәрі қалдығы шығарылды. Оның 300 мыңға жуығы жарылыс қаупі жоғары заттар болған. Оларды тасымалдау үшін бес мыңнан астам автокөлік рейсі ұйымдастырылып, кейін олар «Бастарма» полигонында жойылды.
Алайда қоғамда апаттың себебі туралы сұрақтар азайған жоқ. Жарылыстан кейін әртүрлі болжамдар айтылды. Бірі сақтау талаптарының бұзылуын алға тартса, енді бірі өртті немесе әскери нысандағы жүйелі кемшіліктерді себеп ретінде көрсетті. Дегенмен оқиғаға ресми құқықтық баға беру бірнеше жылға созылды.
Жарылыстарға қатысты сот процесі 2020 жылдың маусымында басталды. Бұл жерде мәселе тек өрттің шығу себебінде немесе орындалмаған нұсқаулықтарда ғана емес еді. Одан да маңызды сұрақтар бар. Қала ондаған жыл бойы арсеналдың іргесінде қалай өмір сүрді? Бұған дейінгі жарылыстар неге түбегейлі шешім қабылдауға негіз болмады? Қауіпті нысан неге тұрғындарға соншалық жақын орналасты?
Бір жылдан астам уақытқа созылған сот процесінің қорытындысы 2021 жылдың шілдесінде жарияланды. Іс бойынша 12 адам төрт жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы төрт адам шартты жаза алды. Алайда шешім қоғамдағы пікірталасты тоқтатқан жоқ.
Әскери сарапшы Бауыржан Әбіровтің пікірінше, мұндай апаттың алдын алуға болатын еді.
— Егер қажет қаражат дер кезінде бөлінгенде, мұндай ауқымды апатқа жол бермеуге болар еді. Ескірген оқ-дәрілерді ондаған жыл бойы талапқа сай емес жағдайда сақтамай, әскери оқу-жаттығуларда пайдалану қажет болатын, — дейді ол.
2019 жылғы жарылыстардан кейін Арыс маңындағы арсеналды бұрынғы күйінде сақтау мүмкін болмай қалды. Оқ-дәрілердің басым бөлігі өрт пен жарылыс кезінде жойылып, қалған қауіпті заттар арнайы тәртіппен шығарылып, залалсыздандырылды.
Осылайша, 2019 жылы орын алған оқиға жай ғана техногендік апат емес, ондаған жыл бойы қордаланған мәселелердің салдары болды. Кеңестік кезеңнен қалған әскери заттар, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы мен дер кезінде қабылданбаған шешім Арыс трагедиясына түрткі болғандай.