«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Саяси ғылымдар докторы Гүлнар Нәсимованың «Саяси тұрақтылық - қоғам жаңғыруының негізі» деген тақырыппен мақаласы жарық көрді. Автордың пікірінше, саяси тұрақтылық мәселесі мемлекеттердің саяси режімі мен әлеуметтік- экономикалық даму деңгейіне қарамастан, кез-келген ел үшін өзекті болып саналады. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтқандай «ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді». «Бүгінде Қазақстан төраға ретіндегі ЕҚЫҰ-ның мүмкіндіктерін қақтығыстарды реттеу жолындағы мәселелер төңірегінде жоғарылатты. Ал ЕҚЫҰ-ның Астанада өтетін Саммитінде аймақтарды тұрақтандыру технологиялары ізденісі қарастырылатындығына халқымыз сенімді», - дейді автор.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі нөмірінде ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғары комиссары Кнут Воллебектен алынған сұхбат. «Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін одан әрі нығайта түсу маңызды» деген тақырыппен жарияланды. К.Воллебектің айтуынша, этностық қақтығыстарды шешу бағытындағы басты мәселелердің бірі - таласты мәселелерді айқындап, оларды ахуал ушығып, саясат сахнасына экстремистер шығып кетпей тұрғанға дейін шешу. «Әрине ЕҚЫҰ-ның елдерінде қоғамның этностық сантүрлілігін қолдаудың оңды мысалдары да бар. Қашанда істелгеннен көрі артығырақ жасауға болады дегенімізбен, ЕҚЫҰ елдерінің талайында аз ұлттардың балаларын білім жүйесіне кіріктіру жөнінде тамаша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мен ұйымға мүше елдерге жасаған сапарларым кезінде балалардың бірнеше тілді оқып-үйренуінің көптеген оңды үлгілерін көрдім», - дейді сұхбатында халықаралық ұйым өкілі.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан халқы, балалар мен бала туатын жастағы әйелдер тамақ сапасын жақсартуға аса мұқтаж. Бес жасқа дейінгі балалардың белгілі бір бөлігінің құнарсыз тамақ ішуінен бойлары мен салмақтары тиісті көрсеткіштен төмендеп барады. Ел ертеңін, ұрпақ саулығын ойлайтын Үкімет болса, 5 жасқа дейінгі балаларды дұрыс тамақтандырудың кешенді бағдарламасын әзірлеп, жеделдетіп жүзеге асыруы керек. Кеше еліміздің Сыртқы істер министрлігінде Қазақстандағы жаңа мыңжылдық даму мақсаттарының есебі таныстырылғанда көтерілген мәселелер туралы басылымның бүгінгі санындағы «БҰҰ қазақ ауылының тағдырына алаңдайды» атты мақаладан біле аласыздар.
Сондай-ақ аталмыш басылымға сұхбат берген тарих ғылымдарының докторы Мұрат Әбдіровтың айтуынша, елімізде мектеп бітірген алғыр жасөспірімдердің басым бөлігі тек экономика, қаржы факультеттеріне түседі. «Байқап қарасаңыздар, техникалық жоғары оқу орындары мен экономист қаржыгерлер дайындайтын университеттердегі оқуға түсу баллдарының арасы жер мен көктей. Мысалы экономика университетінде 110 балл арқылы грантқа қабылдану кей жағдайда елес болып қалуда. Бұдан шығатын қорытынды - техникалық универитетке баллдары төмендер баруда. Өйткені конкурс жоғары емес. Яғни, мемлекет техникалық жоғары оқу орындарының лауазымын жоғарылатып, жастардың техникалық мамандықтарды қалауына жағдай жасау керек. Ал кезінде политехникалық институттың стипендиясы өзгелерден жоғары болған. Бұл да үлкен стимул», - дейді ғалым. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санындағы «Елбасымыз елді инновациялау мәселесіне терең мән беріп отыр»деген тақырыппен берілген сұхбаттан білуге болады.
***
«Алаш айнасы» басылымы еліміздегі киіктердің азайып кетуі осы жануарлардың жер бетін жойылып кету қаупін тудырып қана қоймай қазақ даласының тозуы, топырақ қыртысының құнарсыздануы сияқты проблемаардың пайда болуына ықпал етуі ықтимал екендігін айтып жар салуда. Басылымның жазуынша, биылғы ресми мәліметтер бойынша елімізде киік саны 80 мыңға шыққан. Ал өткен жылы қырылып қалған Арал-Маңғыстау аралығындағы популяцияны қоспағанда, Бетпақдала киіктерінің саны 49 мыңға жетеді екен. Бұрынғы атақ-айбар, даң-дақпыртынан жұрнақ-жұқана ғана қалған маң даланың маңғаз перзенттерінің жойылып кетуі онсыз да құлазып жатқан Бетпақдаланың әрін қашырып отыр. Ал ғалымдардың зерттеулері бойынша, киіктің жойылу даламыздың тозып, топырақ қыртысының құнарсыздануына әкеледі. Себебі мыңдаған киік жүріп өткен даланың топырағы қопсып, жануардың тұяғына ілінген өсімдіктер тұқымы шашылып, жер жаңарып отыратын болған. Бұл туралы «Арқада қыс жайлы болса да, ақбөкен ауып келмей тұр» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.
Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында «Мектептегілер мемлекеттік шекарасын білмей шатасып жүр» атты ақалада берілген. Мақалада елдегі мектеп оқушыларының оқулықтарында кеткен кемшіліктер жөнінде жазылған. «Осы оқулықтардағы мәліметтерге қарап отырып, Қазақстанның шекарасы шексіз сияқты көрінеді. «Бәрінен бұрын жыл өткен сайын шекарамыз тарылып бара ма?» деген үрей туады екен. Бабаларымыз білекті ұшымен, найзаның күшімен қорғап, мұраға қалдырған жерлерімізді оңтүстіктен қырғыз, өзбек, түрікмен бауырларымыз «қысып» бара жатса, шығыс бүйірден Қытай басып келе жатқан тәрізді. Әйтеуір достығымыз жарасқан Ресеймен ғана шекара ұзындығы сол күйі сақталып тұр екен», - делінген мақалада. Бұл жайныда білгіңіз келсе «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санны жіберіп алмаңыз.
***
«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында кеше Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында еліміздің 2011-2013 жылдарға арналған бюджеті қызу талқыланғанын жазады. «Бұған себеп бір жағынан елімізге үдетілген индустрияалды-инновациялақ бағдарламаларға қытысты міндеттерді жүзеге асыру қажет. Бұл әрине елден қомақты қаржыны талап етеді. Екінші жағынан мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді де орындау қажеттігін ұмытпау керек. Үшіншіден жаһандық деңгейде болуы ықтимал қауіп-қатерлерді де назарда ұстау қажет. Ал бұл мәселелерді қалайша шешуге болады?», - дейді басылым. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Надежная защита стабильного роста» атты мақаладан білуге болады.