Жүсекең бала кезінде ағасы Жақыпбектен көп үйренді. Ол: «Мен ағамның қасында әншімін бе?» - деп өзіне сын көзбен қарайтын. Жақыпбек жас кезінде өмірден өтті.
Танымал әншілер Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев және ақиық ақын Иса Байзақовпен етене араласқан Жүсекең жастайынан өнерге бетбұрыс жасады.
1920 жылдары Семейдегі «Ес -аймақ» драма ұжымы спектакль қойып, артынан Әміре бастаған әншілер қауымы көрермендерге концерт қоятын.
Ән атасы Әміреден көп үйреніп, әр айтқан әнін қағып алып, қайта өзіндей ғып айтып беру Жүсекең сынды зерек адамның ғана қолынан келсе керек.
Осы тұста өнер жолындағы ұстазы Әміре жайлы Жүсіпбек Елебеков Қазақ радиосының алтын қорына жазған бір сұхбатында:
«Әміренің аты маған бала кезімнен таныс еді.
1920 жылы атақты әншіні өз көзіммен көріп, әнін тыңдадым. Содан бастап Әмірені ұстаз тұтып, Әміреден сабақ алдым. Әміренің дауысы өте жоғары болатын. Әлі есімде, жеті-сегіз шақырым жүрген жылқышылар Әміренің дауысын естіп, жиналып келіп қолқалап отырып тағы да ән салғызатын» деп әнші ұстазын осылайша еске алған екен.
Кейін Жүсекең әнші Майра Уәлиқызынан халық композиторларының әнін, Әлмағамбеттен Абай әндерін үйреніп, өзінің ән қорын байытты, тәжірибе жинақтады.
1930 жылдары Қазақ драма театрында Жүсіпбек Елебеков «Айман-Шолпанда» Әлібектің, «Қыз Жібекте» Төлегеннің, «Еңлік-Кебекте» Жапалдың рольдерін шебер ойнап, әндерін орындайтын.
Қазақ халқының ұлттық өнеріне өз қолтаңбасын қалдырған белгілі композитор Латиф Хамиди:
«Мен Қазақстанға 1933 жылы келгенмін. Ең алғаш танысқан әншім Жүсіпбек Елебеков еді. Жүсекең «Қанапия», «Ғалия», «Көк көбелек» әндерін ерекше сезіммен шырқайтын. Ал әнші «Қанатталды» әнін орындаған кезде әсерлігі сонша көзіме жас алғанмын. Кейін филармонияда бірге қызмет еттік. Менің шығарған әндерімді Жүсекең ерекше бағалап пікір айтатын. Ол кісінің ән салудағы кейбір ырғақтарын өз шығармамда қолданып отырдым» деген еді.
«Аса шебер ұста бар, артына қалар нұсқа бар» демекші, Жүсіпбек ән өнерін Әміреден тыңдай бойына дарытқан әнші. Кезінде академик Ахмет Жұбанов өзінің «Өскен өркен» атты жинағында Жүсіпбек Елебековтің өнері жайлы арнайы мақала жазған. Онда: «1931 жылдың жазы. Драмтеатрда концерт жүріп жатыр. Сахнаға отыздың шамасындағы жас жігіт шықты. Аяғында тұмсығы үшкір өкшелі етік, үстінде пүліш шапан, басында құндыз бөркі бар. Орта бойлыдан биіктеу, көрікті жүзінен күлкі үйіріледі. Жүріс- тұрысында ерекшелік байқалады.
- Жүсіпбек «Сұржекей» әнін орындайды,- деп хабарлады. Ән басталды. Төменгі регистрден баяу қалқыта көтеріп алғанда әншінің алған тынысын байқау мүмкін емес. Дауысы бірте-бірте қалықтай өрлеп, шырқау биікке көтерілді. Бірде баяулай, бірде серпіле жөнелетін бұл ән біте Жүсекең орнынан тұрып кішіпейілділікпен сәл басын иіп, сахнадан шығып кетті, - деп Ахаң өз әсерін қағазға түсірген-ді.
Жүсіпбек Елебеков концерттік сапармен ел аралады. Осы бір қимас сәттердің бірін әншінің жұбайы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова былайша еске алады:
«Менің әкем әнші болатын. Құсбегі, сері адам еді. Біздің тұрған жеріміз Қарқаралыдан алпыс шақырымдай жер. Әкем алыс та болса ауданнан газет-журналдарды жазғызып алып оқып отыратын. Мен бала кезімде газеттен бір актілі пьесаларды оқитынмын. Әкем қай жерде ән, Абайдың сөздері болатын болса әншіні алғызып, ауыл балаларына үйретіп отыратын.
... Тұзащы дейтін жер бар еді. Тұздың бойында Жүсекеңдер бай ағайындардың жылқысын тоғытуға алып келген ғой. Сол жерге келіп Әміреден үйренген «Ағашаяғын» айтады. Дәлила тәтем «мына жігіт ән айтады, соны біз үйреніп алуымыз керек» деген соң әнші екі рет «Ағашаяқты» сахнада айтқанда біз тез үйреніп алдық.
Мен Жүсекеңді 1935 жылы көргенде он алты жастағы кезім. «Ағашаяқты» сахнада айтқанда бала күнгі естігенім есіме түсті. Жүсекең екеуміз сол жолы көңіл қосып Алматыға бірге кеттік. Содан жұбымыз жазылған жоқ. «Ағашаяқтың» тарихы осындай еді...»
Жүсекең филармонияда әншілік еткен кезінде сырнайға қосылып та ән шырқаған. Әсіресе, Жамал Омарова екеуінің қос дауыспен айтқан әндерінің әсері ерекше еді. Қазақ өнерінің майталмандары 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, Жүсекең Кремль сахнасында өнер көрсетті. Сол сапардан соң Жүсіпбек Елебековке Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді.
Кешегі Ұлы Отан соғысында Жүсекең де концерттік топпен майдандағы жауынгерлерге концерт береді. Осы сапарында Рамазан Елебаевқа жолығып «Жас қазақ» әнін елге алып қайтады. Бұл ән кейін Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» операсындағы Төлегеннің ариясына арқау болды. Майдан даласында көрсеткен ерен еңбегі әділ бағаланып, Жүсіпбек Елебеков сол жолы Қазақстанның халық әртісі деген атаққа ие болады.
Әншінің жібектей есіліп, бұлақтай сыңғырлаған үні жайлы «қазіргі заманның Ақаны да, Біржаны да Жүсіпбек қой» деп Мұхтар Әуезов өз кезінде әділ баға берген.
Халқымыздың мәдениетіне қамқор болған қоғам қайраткері, сол кездегі мәдениет қайраткері Ілияс Омаров Жүсекең 60 жасқа толғанда өз лебізін былайша білдірген еді:
«Қазақ халқын сүйген адам сізді сүймей қоймайды. Асыл мұрамыз ән болса, сол мұраны меруерттей жарқыратып, замандастарыңыздың көңіл сезіміне құйған шоқтығы биік өнер иесісіз. Арқа әндерін нәзік сезімге сырлы мәнер бере орындауда аса шеберлікпен алдыңызға жан салмайсыз. Сонымен қатар сізде адам сүйсінерлік адамгершілік қасиет бар. Сіз өнерді де, азаматтық қасиетті де халық рухының тереңінен тапқан тәріздісіз. Сізге ұзақ өмір, зор бақыт тілеймін!» - десе, сол мерейтой үстінде Жазушылар одағының атынан жазылған мына бір шумақтарда Жүсекең жайлы былай делініпті:
Бұлақтай сұлу әнге таза тұнық, Қалатын сыр ұққандай дала тұнып, Сыймайтын киіз үйге кемпір мен шал, Тыңдайтын босағада бала тұрып. Есітіп әсем әнді тым алыстан, Жылайтын қариялар қуаныштан. Асқақ ән ел көгінде қалықтайтын, Қырандай шың басынан түлеп ұшқан, Жүрегі жаралмаған мұң-зар үшін, Ерекше елден шыққан шын дарынсың. Арыны алпыста да басылмаған, Қазақтың сен бүгінгі Біржанысың. Іздеген адам едің жыр өмірден, Өнердің өзенінде жүзе білген, Қабыл ал, достарыңның ақ тілегін, Өзіңнің махаббатты жүрегіңмен,-
деген еді.
Жүсекең эстрада-цирк студиясында арнайы мектеп ашып, шәкірт тәрбиеледі. Жүсекеңнің алдынан Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Мұратбек Жүнісбеков, Ғалым Мұхамедин, Амангелді Жікенов, Тұрсынғазы Рахимов, Мара Есмұханова, Санақ Әбеуов, Келденбай Өлмесеков, Мәкен Мұқышева, Райхан Тергеубаева, Клархан Жаналиева, Мырзахмет Мұқаманов, Алмахан Кенжебекова, Хасен Төпеев,Әнуза Нүксінханова, Дүйсеке Дайыров және Кенжеғалы Тәшкенов сынды шәкірттер дәріс алса, солардың ең кенже шәкірті де, іздеуші, өнерін насихаттаушы да менмін.
Жүсекең халық композиторларының әнімен қоса Қазақстан композиторларының да әндерін шебер орындайтын. Ол кісінің орындауындағы ондаған ән үлгілері этнографиялық жыр жинақтарына еніп, ғылыми зерттеулерге арқау болды. Жүсекең ән сапарымен Қытай, Моңғолия және Үндістан жерінде болып, ұлттық өнерімізді насихаттады. Халқымыздың қаймағы бұзылмаған ән дәстүрін ұрпағына жеткізіп, екі ғасырдың алтын көпіріне айналған ұлағатты ұстаз, асқақ әнші Жүсіпбек Елебековтің өнері мен өмірі жайлы Хабиба апамыздың «Ән аманат», «Үні кетпес құлақтан», «Қайран Жүсекем» атты жинақтарында баяндалады.
Ал былтырғы жылы жарық көрген тарихшы Ерлан Төлеутайдың «Жүсіпбек Елебеков» атты жинағы әлі де иі қанбаған, бір қайнауы ішінде дейтіндей толық зерттелмеген туынды екенін баса айтуымыз қажет. Халық композиторы Сегіз серіні бұл өмірде болмады, ол Қызылорда жақтың адамы еді деп дәлелсіз жазған 40 беттік еңбегін Жүсекең жайлы жинаққа енгізуі Ерландай ел азаматының өресінің тарлығын байқатты. Кітаптың тең жартысы нота, одан қалды алаш қозғалысының азаматтары жайлы білген-білмеген деректерге толы. Менің білуімше асқақ әнші Жүсіпбек Елебеков адал зерттеуді қажет ететін ұлы тұлға. Ол жайлы жинақты қоқысқа айналдырып жіберу дарынсыздың ғана қолынан келетін іс дегім келеді. Ақыры Жүсіпбек жайлы айтылған соң Жүсекеңнің шәкірттерінің, туған балаларының да естеліктері орын алғаны дұрыс еді. Тіптен бұл кітапта Жүсекеңнің шәкірттерінің аты-жөні мүлде қате жазылғандары да жетерлік. Тарихқа қол салмас бұрын келешекке қандай дерек қалдыратынымыз жайлы тереңірек ойланғанымыз жөн болар. Мен өз ұстазымның өмірі жайлы үстіртін айтқанды қаламас едім. Өйткені ол кісі менің екінші әкемдей болып кеткен жан еді...
Әміреден үйренген әндерін өміріне азық етіп, шәкірттеріне үйреткен біртуар дарын иесі Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Жарылғапберді әндерімен қоса ұлы Абай әндерінің бірден-бір насихаттаушысы еді. Ұрпағына бабалар үнін жеткізген, әншілігімен қоса импровизаторлық қабілетімен көптеген халық композиторларының әндеріне әр беріп, кәсіби деңгейге көтерген өнер жанашыры да Жүсіпбек Елебеков еді.
Халық композиторларының әндерін өз бояуында тыңдаушысына жеткізіп, көпшіліктің жүрегіне жол тапқан, әсерлі үнімен жан тебіренткен асқақ әншінің артында шебер орындаған үш жүзден астам әні қалды. Бұл шығармалар Қазақ радиосының алтын қорынан берік орын алған.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің туған-туысқандары, жақын адамдары әншіні еске алғанымен осы уақытқа дейін үкімет тарапынан жанашырлық танытып еске алған пенде болған жоқ.
«Аққа құдай жақ» деп, өтініш жоғарғы жаққа жетіп, Мәдениет министрлігінің қамқорлығымен 2011 жылдың қазан айының сегізі күні Республикалық эстрада-цирк колледжінің алдында Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің ескерткіші ашылу рәсімі болды. Қазақтың зиялы қауымы қатысқан бұл мерекелік жиынның ұйытқысы болған осы колледждің директоры Бибігүл Нұрғалиқызына көпшіліктің алғысы шексіз.
Мерекелік рәсімнен кейін «Рахат-Палас» мейманханасында әйгілі әншіге ас беріліп, дұға оқылды. Еске алу кешінде шәкірттері ән салды.
Бүгінде ғасырға жуық өмір сүрген өнер қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Жүсекеңнің аяулы жары Хабиба Елебекованың көптен армандаған ойы іске асып, қуаныш үстінде келген қонақтарға рахметін айтты. «Көзім тірісінде Жүсекеңе ас берем деп жүр едім, сәті бүгін түсті» деп ағынан жарылды. Ел қуанды, Жүсекеңнің алдынан дәріс алған біздің де қуанышымызда шек болған жоқ.
Жүсекеңнің жұбайы Хабиба Елебекова қазақ өнеріне айшықты із қалдырған әнші-күйшілеріміз Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Жұмат Шанин, Қапан Бадыров, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков,Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Әбікен Хасенов, Дина Нұрпейісова, Дәулет Мықтыбаев және Жаппас Қаламбаевқа жеке мұражай ашу керектігі жайлы жоғары жаққа хат жазғанмен жауап ала алмай отыр.
Алдағы уақытта көзден кеткен соң көңілден кетпей, өнер иелерінің мұрағаттары түгенделіп, мұралары зерттеліп, өнері келер ұрпаққа сол қалпы жетсе деген тілегім бар.
Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі, Жүсіпбек Елебековтің соңғы шәкірті