«Арқанкерген» шекара бекетінде қаза тапқан Алтынбек Кереев қимас досымыз еді - Н.Аюпова, БҚО

ОРАЛ. 5 маусым. ҚазАқпарат - Алматы облысы «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 сарбаздың қайғылы қазаға ұшырауы батысқазақстандық тұрғындарға да ауыр тиді.

Осыған байланысты бүгін Батыс Қазақстан жұртшылығы да аза тұтуда.

Қаза тапқандар арасында Батыс Қазақстан облысының түлегі, капитан Алтынбек Құтжанұлы Кереев те бар. Ол 1984 жылы Тайпақ ауданы Ақтөбе ауылдық округінде дүниеге келді, кейін Тас­қала ауданының Мерей ауы­лында өсті. Осы ауылдан мектеп бітірген Алтынбек 2001-2002 жылдары Орал қаласындағы №12 училищеде оқып, есепші мамандығын алып шығады. Әйтсе де ол бала кезінен әскери қызметкер болуды армандайтын. Сол арманына қол жеткізіп, 2006 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ал­­­маты қаласындағы әскери ин­ститутын тәмамдады. Еңбек жолын Алматы облысы Үшарал ауданындағы Қазақстан-Қытай шекарасында қызмет етуден бастады. Аз уақыт аралығында кіші лейтенант шенінен капитан атағына дейін көтерілді.

Марқұмның соңында жары Райхан және бір жастан енді асқан ұлы Арсен қалды.

«Алтынбек біздің қимас досымыз еді», - деп еске алады бүгінде Орал қаласында тұратын сыныптасы Нұргүл Аюпова.

«Біз 1990-2001 жылдары Мерей орта мектебінде бірге оқыдық. Алтынбек бала күнінен адамгершілігі мол, достарына қайырымды еді. Тіпті оның құрдастарымен ренжіскенін көрмеппіз. Әрі отбасындағы балалардың үлкені еді. Алдына үлкен мақсат қоя білетін. Ол оқуын бітіріп, қызмет жасап, абырой биігіне көтеріле бастағанда, қатты қуанғанбыз. Алдыңғы жылы өзінің туған күні - 24 шілдеде үйлену тойын жасап, ата-ана, ағайын-тумасын бір қуантты. Сәби сүйіп, өмірдің қызығын енді көре бастағанда, қыршын кеткені батады. Көңіл шіркін сенбейді, бірақ, амал не, елмен бірге қайғырамыз. Ағайын-туысына, бауырларына көңіл айтамыз», - деді ол.