Арман Манғитов Jusan bank басқарма төрағасы болып тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Jusan bank-ке жаңа басшы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Иә, рас ақпарат. Арман Манғитов банктің басқарма төрағасы болып тағайындалды», - деген жауап алдық аталған банктің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, банктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, Арман Манғитов Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін жаратылыстану ғылымдарының бакалавры (қолданбалы математика) дәрежесімен және Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (KIMEP) экономика ғылымдарының магистрі дәрежесімен бітірген, мамандығы — «Қаржылық талдау».

Банк саласында 19 жылдық тәжірибесі бар. Өзінің еңбек жолын Citibank Kazakhstan-да қаржылық бақылау және корпоративтік бизнес департаментінде бастады. Одан әрі HSBC Bank Kazakhstan қазынашылық және жаһандық нарықтар департаментінде жұмыс істеді.

ВТБ банкінде Қазақстан туынды қаржы құралдарын сату бөлімінің басшысы, Корпоративтік-инвестициялық бизнес департаментінің директоры болып жұмыс істеді. ВТБ банкі (Қазақстан) басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі қызметін атқарды. Халықаралық CFA сертификаты бар.