***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, осыдан екі жыл бұрын Ресей үкіметі Норвегиядан, Канададан, Австралия, АҚШ, Еуроодақ елдерінен бір жылға дейін құстың, сиырдың, шошқаның еттерін, балық, ірімшік, сүт, көкөніс өнімдерін өз еліне импорт жолымен әкелуге тыйым салды. Сөйтіп, бұл елдерден келетін аталған тауарлар Ресейге жеткізіліп, ішке кіргізілуіне бөгет қойылды. «Иә, Ресей шеттен тасымалданатын тауарлар түріне эмбарго салды, бірақ Қазақстанға импорттық тағам түрлері Ресей шекарасы арқылы жетеді. Кеден одағы аясында біз Ресей тауарларын импорттап, тұтынуды бастадық. Бірақ бұл күндері Ресейдің ішкі нарығында құс еті тапшы болып тұр. Жылына 1 млн. тонна құс еті немесе 800 млн. тонна жұмыртқа қажет. Сондықтан да Ресей құс етін сыртқа шығарғаннан гөрі өз елдерінің нарығын қамтып алғанды жөн көріп отыр», дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов.
Міне, біз отандық өнімдермен өзімізді өзіміз қамтуға тырысуымыздың бір себебі осы, азық-түліктің дені сырттан келеді екен, дайынға ақша төлеп сатып ала саламыз деп отырған кезде, әртүрлі экономикалық-саяси жағдайлар бар, көршілердің өзіндік заң талабы бар, шетелден тауар уақтылы келеді деп сеніп отыруға бола ма?! Ал сапалы жұмыртқа, құс еті деген ұзақ жолды, ұзақ мерзімге сақтауды көтермейтін, тез бұзылатын өнім.
Руслан Шариповтің айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде уақыт созбай, тездетіп шешетін мәселелер - республикаға шетелдік құс өнімдерін шамадан тыс әкелуді доғарту, құс етінің импортына талап, тарифтік квота қою. Сонда ғана еліміздің құс өсірушілері өз жұмыстарын жоғары деңгейде көрсете алмақ. Өйткені, Қазақстанның құс өнімдері нарығында шетелдік емес, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін молынан пайдалану керек. Еліміздегі құс шаруашылығының тұрақты дамуы үшін ол тұқымдық жұмыртқалармен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан тауар өндірушілерді арзан да сапалы тәуліктік балапандармен және инкубациялық жұмыртқалармен қамтамасыз ету үшін алдымен құс тұқымын асылдандыру жұмыстарын жолға қою керек. Жыл сайын еліміз тұтынатын құс етінің 70 пайыздан астамы шетелдерден сатып алынады екен. Ал бұған миллиондаған доллар көлемінде қаражат жұмсалады. Бұл туралы «Құс етін сырттан тасымалдаудан қашан арыламыз?» деген мақалада берілген.
Бас басылымда «Арманға айналған авиазауыт» атты мақала басылды. Қарағанды авиазауыты саудаға шығарылатын болды. Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды филиалының директоры Бисара Дүйсембаева мәлімдеді.
«Фермер» маркалы ауылшаруашылық ұшақтарын шығаратын «Қазавиаспектр» ЖШС авиазауытын және жер телімін сатуды жеке сот орындаушылары ұйымдастырады. Оның бастапқы бағасы 1 миллиард 40 миллион 733 мың теңге болып белгіленді. Атқару парағы жеке сот орындаушысына жіберілді. Сауда ортақ электронды жүйе бойынша жүзеге асырылады, - деді Б.Дүйсембаева Қарағандыда өткен баспасөз мәслихатында.
Авиазауыт «ҚазАгроҚаржы» компаниясына несие қарызын тиісті мерзімінде қайтармағаны туралы бұған дейін де хабарланған болатын. Қарыз мөлшері сыйақы, айыппұл, өсімақы бәрін қосып есептегенде 1 миллиард 40 миллион теңгеге жеткен. Осыған байланысты, «ҚазАгроҚаржы» АҚ сотқа жүгініп, кәсіпорынды инфрақұрылымымен, жер телімімен бірге сатуға рұқсат сұраған еді.
***
Бүгінде отандық медицинаның дамып келе жатқаны жиі айтылады. Десек те, ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлі емге жүгінетіндер де аз емес. Өйткені емдік шөптер, дәстүрлі ем-дом жасау арқылы емшілердің науқасты аяқтан тұрғызып жіберген сәттерін көз көріп жүр. Сондықтан ата-бабадан жеткен халық емінің орны ерекше. Осы орайда Алматыда Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Дәстүрлі халық медицинасы, оның кешегісі, бүгінгісі және болашағы» V мерейтойлық халықаралық симпозиумы өтті. Шараға Германия, Түркия, Хорватия, Болгария, Ресей, Украина, Белорусь, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген өкілдер қатысты.
«Ғасырлар бойы халық медицинасы, мәдени әдет-ғұрыптарымыз адамдарды сауықтыру үшін таптырмас ем. Еске түсірсек, ұлы дәрігерлер ерте ғасырларда Авиценна, Эскулап медициналық дипломы болмаса да халық емшілігіне жүгінген. Шыны керек, еліміз тәуелсіздік алғалы дәстүрлі ем жасайтындарға заңды рұқсат берілгені - ем алушылар үшін де, емдеушілер үшін де қолайлы болды»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Емдік шөптер елге керек» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы газетте «GGG абсолютті әлем чемпионы атануға лайық» деген мақала жарияланды. Бүгінгі таңда майталман мамандардан бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін Геннадий Головкиннің мықтылығын бірауыздан мойындап отыр.
Оның жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. Кәсіпқой боксты серік еткен 10 жыл аралығында қазақстандық өрен 35 кездесу өткізіп, барлығында басымдық танытты. 32 қарсыласын есінен тандырды. Соның арқасында орта салмақта жұдырықтасып жүрген жерлесіміз WBA (Super), IBF және WBC нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып отыр.
«Бұл өте керемет көрсеткіш екені еш дау туғызбайды. Десек те, GGG-нің тарихта қалатындай тағы бір үлкен іс тындыруына тамаша мүмкіндік туындап отыр. Ол үшін Головкин Ұлыбритания өкілі Билли Джо Сондерсті сабап, WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атануға тиіс. Егер осы жоспарды жүзеге асыра алса, онда отандасымыз кәсіпқой бокс әлемдегі ең белді төрт ұйымның алтын белбеуіне иелік етеді. Яғни барлық нұсқа бойынша чемпиондық тұғырға көтеріледі»,-деп жазады автор.
***
«Ана тілі» газетінің жазуынша, жуырда Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің тілші-ғалымдармен кездесуі өтті. Онда қазақ тілінің ғылыми-зерттеу бағытындағы мәселелер, оның ішінде тіліміздің ұлттық корпусын қалыптастыру, институт ғалымдары әзірлеген «Жиілік сөздікке» мән берілді. Бұл ретте айта кетерлігі, институт ғалымдарының көздегені - қазақ тіліндегі сөз байлығының, күллі грамматикалық бірліктерінің «паспортын» түзетін ауқымды жоба жасау болатын.
Министр Ерлан Сағадиев күн тәртібіндегі мәселеге орай «Өздеріңізге белгілі, осындай үлкен жобалар қолға алынғанда оның қандай да бір бастамасы болады. Сіздер Ұлттық корпусты жасауда қандай еңбектерге сүйенесіздер?» деп қызығушылық білдірді. Ғалымдар институтта жасалған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылған Қазақ тілінің 1 томдық үлкен сөздігі, бүгінге дейінгі жиналған 5 миллион карточка, сонымен қатар академиялық сипаттағы еңбектердің барлығы пайдаланылатынын атап айтты. Әңгіме барысында Ерлан Кенжеғалиұлы «Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасаудың жобасын» қолға алып отырған мамандар пікірімен келісе отырып, қазақстандықтарға қазақ тілін үйретуге негіз болатын «Жиілік сөздікті» жетілдіру, оны тиісті мәтіндермен толықтыру маңызды екеніне назар аударды. «Ұлттық корпусты» жасау мен қазақ тілін үйретуге керекті «Жиілік сөздіктің» жаңа типін қолға алу қажеттігін, ортақ жол табу мәселелерін ойластыру қажеттігіне тоқталды. Осы жайында толық білгіңіз келсе, басылымдағы «Тілді үйретудің түрлі жолы бар» атты мақаланы қараңыз.