− Идиль ханым, өзіңіз туралы айтып беріңізші? Көшпелі өмір салтына қалай келдіңіздер? Сіздің қырғызша сөйлегеніңізді көрдім. Түріңіз де бізге ұқсайды…
− Менің анам қырғыз, бірақ нағашыларым сонау 1954 жылы Түркияға көшкен. Әкем жақ — Қазан татарлары, олар да 1918 жылы соңғы пойызбен Түркияға қоныс аударып үлгеріпті. Өзіміз Ыстанбұлда туып-өстік, бірақ әуелден күйеуім екеуміз кемпке шығып, көлікпен саяхаттағанды жақсы көретінбіз. Күйеуім ағаш шебері болғандықтан, осы ескі автобустан өзі үй жасап шықты. Оны жақсы ырымға балап, «Гөжебе» деп атадық, қазақша мағынасы — «Көшпенді». Қазір Ыстанбұлдағы үйімізді жауып, түбегейлі осы көлікте өмір сүреміз. Автобус толығымен өмір сүруге арналған, Түркия ішінде де осы автобуспен қара аралап жүре береміз.
Бұл көшпенділік өмір стилі, осы жолға түскен соң, уақыт өте келе тағы да жаңа нәрселерді білуге, тануға құлшынып тұрасың. Жаңа қалаларды, жаңа мәдениеттерді көресің, ойыңа ой қосып, көкжиегіңді кеңейтесің. Тіпті екі жасар ұлымыз Гүнеш те бізбен бірге осы өмір салтында өсіп келеді.
− Бастапқы бағыттарыңыз Гүржістан-Ресей арқылы жоспарланып еді, оны өзгертуге не себеп болды? Көшпенділер ойынынан кейінгі жоспарларыңыз қандай?
− Иә барлығы Ресей арқылы бұрынғы жолмен барады екен. Біз де сол бағытты жоспарладық, дегенмен ойлана келе бұл Көшпенділер ойыны, түркі әлемінің ойыны екенін түсініп, көшпенділер жерімен, түркі мемлекеттері арқылы бару керек деп ниеттендік. Білетін адамдардан жол сұрадық, мемлекетіміз де қолдау білдіріп, жабық тұрған жолдар да ашылды.
Астанадағы ойындар біткен соң, түркі әлемі үшін маңызды Түркістан қаласына арнайы барғымыз келеді. Одан соң Алматыға барамыз, оның табиғаты мен таулары ғажап деп естідік. Бәлкім әрі қарай Қырғызстанға да жол түсер. Әзірге нақты айту қиын, жол нені көрсетсе, сол болады.
Қазір біз Ақтөбеден өттік, енді Астанаға дейін 800 шақырым жол қалды. Жол сапасының нашарлығы сәл қолайсыздық танытты, полиция көлігі жанымызда келе жатыр.
− Отырықшы өмірге қашан ораласыздар деген сұрақ мені ғана емес, көпшілікті толғандыратын шығар…
− Біздің арманымыз — адамдарға білім беретін, ағартушы бір ауыл жасау. Өзімізге жайлы, көңілден шығатын бір ауыл тапсақ, отырықшы өмірге ораламыз деп ойлаймын.
Біз өзіміз Ыстанбұлда туып-өстік, алайда қазір Ыстанбұлда халық саны шамадан тыс артып кетті. Сондықтан біз үлкен қалада өмір сүргіміз келмейді, табиғатты ерекше жақсы көреміз. Ойымыздағы ауылды жасап шығарсақ, онда сол ауылда тұрақтаймыз.
− Сіздерді Астанада күтеміз!