Айта кетейік, жуырда ғана елде газбен жүретін көліктерге арнайы белгі тағу міндеттелді. Құзырлы органдардың мұндай қадамға баруының басты себебі елімізде жылына 200-ге жуық көлік өртенеді екен. Өртенген көлік айналасына да қауіп тудырады. Сол себепті оларды жабық тұрақтарға кіргізуге де тыйым салынған.
Елімізде көлікке газ құрылғылғысын орнату қызметі лицензиялануы керек және бұл жұмыс былтыр басталуы керек еді. Бірақ бұл жұмыс созылып кетті.
Газ бағасы бензинге қарағанда 3 есе арзан. Осыған қарай көпшілік те көлігіне газ баллонын орнатуға құмар. Бірақ, ешкім көлікке газ орнататын компаниялардың лицензиясы бар-жоғына мән бермейді. Бірінші қателік осы. Былтыр көлігіне рұқсатсыз осындай қондырғы орнатқан 13 мың көлік анықталған. Оның ішінде сұйытылған газға заңсыз көшкендері де бар.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаевтың айтуынша, белгі тағу келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап міндеттеледі. Дәл қазір еліміздегі 400 мыңнан аса автокөлікке газ баллоны орнатылған. Бірақ, құрылғылардың барлығы техникалық ережелерге сай келмейді. Сондықтан сұйытылған газбен жүретін көлікке тағылған белгі, басқаларға оның қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ паркинг қызметкерлері де, арнайы белгіні көріп, газ баллоны бар автокөліктердің кіруіне жол бермейді.
Жаңа талаптың газ баллоны зауыттан орнатылған көліктерге қатысы жоқ. Ал, газ қондырығысын қолдан қойып алып, газбен жүретін көлік екенін білдіретін белгіні тақпаса, олар 3 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Жалпы, көлігіне газ орнататындардың дені – қарапайым халық. Сол үшін құзырлы органдар газбен жүрген көліктермен емес, сол көліктерге газ қондырғысын қалай болса солай орнататын лицензиясыз орталықтармен күреседі.
Апаттың алдын-алу міндет. Сондықтан, мемлекет газбен жүретін көліктермен қатар, электромобильдерге де талапты күшейтті. Техникалық ережеге сәйкес, енді тоқпен жүретін атокөліктерді жабық мекемелерде, паркингтерде қуаттауға болмайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 6,5 мыңнан астам электромобиль жүр. Бірақ, мұндай көліктерден өрт шыға қалса, оны сумен өшіру мүмкін емес. Сондықтан шетелдік тәжірбиені зерделей отырып, мемлекет қуаттау құрылғыларының нақты қай жерде және қалай орнатылатыны туралы арнайы заң әзірлеп жатыр. Ал, батареялардан шығатын өртті сөндіру тәсілдері қазірден бастап төтенше жағдайлар қызметінің өкілдеріне түсіндірілуде.