Арнайы экономикалық аймақтарды ауқымды өзгеріс күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) қайта жаңғырту үдерісі күтіп тұр. Ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш ай ішінде оларды дамытудың жаңа моделін әзірлеп, бекітуді тапсырды. Қолданыстағы АЭА жүйесі неге өзгерісті қажет етеді және қандай мәселелерді шешу керек. Kazinform сараптамасы осы сұрақтарға жауап іздейді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Өсім бар, бірақ әсері шектеулі

Президенттің айтуынша, 25 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтар елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 1%-дан сәл ғана асты, экспорттағы үлесі 0,3%, шетелдік инвестициялар тартудағы үлесі 0,9% ғана.

- Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

АЭА өкілдері инвестиция тартып, жаңа өндірістер құрып жатқанын айтады. Бірақ сол кәсіпорындар ел экономикасының құрылымына қаншалықты ықпал етіп, оны әртараптандыруға қаншалықты көмектесіп жатыр? Мәселе осында.

Статистика

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда АЭА резиденттері 5,1 трлн теңге инвестиция тартқан. Осы кезеңде өндірілген өнім көлемі үш еседен астам өсіп, 2020 жылғы 1 трлн теңгеден 2025 жылы 3,1 трлн теңгеге жетті.

Инфографика: Kazinform

Салық түсімдері де бес есеге жуық артып, 45 млрд теңгеден 222 млрд теңгеге дейін өсті. Осы уақыт аралығында экспорт көлемі де 3,5 есе өсіп, 70,8 млрд теңгеден 244,9 млрд теңгеге жетті.

АЭА жұмыс істей бастағаннан бері оларға 11,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, оның ішінде 4,8 трлн теңге өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған. 36 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 14,8 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Соның ішінде 1,1 трлн теңгеден астамы экспортқа жөнелтілген. Салық түсімдері 865,4 млрд теңге болған.

18 аймақтың жүктемесі

Қазір елде 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Инвестиция көлемі бойынша «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» мен «Астана – жаңа қала» АЭА көш бастап тұр. Экспорт көлемі бойынша мұнай-химия технопаркі (345,4 млрд теңге), «Павлодар» АЭА (198,9 млрд теңге) және «Астана – жаңа қала» АЭА (192,4 млрд теңге) алдыңғы орында. Ал құрылған жұмыс орындарының саны бойынша «Астана – жаңа қала» (8210 қызметкер), Инновациялық технологиялар паркі (6574) және «Астана-Технополис» (4827) көш бастап келеді.

Инфографика: Kazinform

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, БАӘ, Қытай, Оңтүстік Корея және Сингапурдың халықаралық тәжірибесі АЭА-лардың экономикаға қосатын үлесі біртіндеп қалыптасып, негізінен орта және ұзақ мерзімде айқын көрінетінін көрсетіп тұр.

Соңғы екі жылда елде төрт жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды — «Атырау», «Ақтөбе», «Қорқыт Ата» және «Алатау» халықаралық тауар-логистикалық кешені. Бұдан бөлек, Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысында жаңа АЭА құру мәселесі қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар статистика қолданыстағы алаңдардың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. «QazIndustry» орталығының мәліметінше, АЭА аумақтарының өнеркәсіпке арналған бөлігі 43,3% ғана жүктелген. Яғни дайындалған алаңдардың жартысынан көбі әлі бос тұр.

Инфографика: Kazinform

Неге өсім экономикалық өзгеріске айналмады?

Егер АЭА көрсеткіштері өсіп жатса, Президент неге олардың даму моделін түбегейлі қайта қарауды талап етті?

Экономист Әнуар Нұртазиннің пікірінше, мәселе тартылған инвестиция көлемінде емес, арнайы экономикалық аймақтардың ел экономикасының құрылымына ықпалының шектеулі болуында.

- Біздің елдегі мәселе – арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істеген жылдар ішінде толыққанды өндірістік жүйе құруды үйрене алмадық, – дейді сарапшы.

Осы тұрғыда Қытай мен Польшаның тәжірибесі назар аударуға тұрарлық.

- Қытайдың Шэньчжэнь қаласы бірнеше онжылдық ішінде балықшылар ауылынан жылына шамамен 500 млрд долларлық экономикасы бар алып орталыққа айналды. Польша өз экономикалық аймақтары арқылы жүздеген өндірісті өткізді. Бірақ мәселе кәсіпорын санында емес. Шэньчжэнь де, Польшадағы экономикалық аймақтар да жаһандық өндірістік және логистикалық тізбектерге кіріктірілді. Ұзақ мерзімді тиімділік деген осы, – дейді экономист.

Фото: aktobetimes.kz

Оның айтуынша, Қазақстанға бір мезгілде бірнеше міндетті шешуге тура келеді: инфрақұрылымды дамыту, инвестор тарту, өткізу нарықтарын табу және өндірістік байланыстар құру.

- Түптеп келгенде бәрі өнімді өткізуге келіп тіреледі. Әр мемлекет алдымен өз экономикалық мүддесін қорғайды. Сондықтан сыртқы нарықтарға шығу жаңа өндірістер үшін негізгі сын-қатерлердің бірі болып қала береді, – дейді Әнуар Нұртазин.

Оның пікірінше, арнайы экономикалық аймақтар экономиканы әртараптандырудың толыққанды тетігіне айналды деуге әлі ерте. Қазір олар жекелеген өндірістік алаңдардың құрылуына көмектескенімен, жалпы экономикалық құрылымға ықпалы шектеулі болып отыр

Инвестиция – даму кепілі емес

Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін бағалау өлшемдеріне қатысты тағы бір пікірталас бар. Әдетте мемлекеттік органдар тартылған инвестиция көлеміне басымдық береді. Алайда Әнуар Нұртазиннің пікірінше, бұл көрсеткіш толық көріністі бере алмайды.

Инфографика: Kazinform

- Біз тартылған инвестиция көлемі туралы айтқанды жақсы көреміз. Бірақ инвестицияның өзі көп нәрсені білдірмейді. Одан да салық қайтарымы, еңбек өнімділігі, өндірісті жергіліктендіру деңгейі, технологиялық тізбектердің құрылуы және жұмыс орындарының сапасы әлдеқайда маңызды, – дейді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, АЭА инфрақұрылымына салынған әрбір бюджет теңгесіне 9,4 теңге жеке инвестиция тартылған. Соңғы он жылда аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға 309 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалса, жеке инвестиция көлемі шамамен 4,8 трлн теңге болған.

Кәсіпкерлер не дейді?

ARUA брендінің негізін қалаушы әрі «АГФ Групп» тоқыма фабрикасының директоры, «Оңтүстік» АЭА резиденті Гаухар Насырова арнайы экономикалық аймақтарды отандық өндірісті қолдаудың маңызды құралы деп есептейді.

Қазір АЭА аумағында 20-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында «Бал Текстиль», «Назар Текстиль», Balabi Textile және «Шымкент-Кашемир» секілді жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары бар. Кейбір компаниялар ірі халықаралық серіктестермен жұмыс істеп жатса, енді бірі қалыптасу кезеңінде тұр.

Кәсіпкер АЭА-ның басты артықшылығы салықтық және кедендік жеңілдіктер екенін айтады.

- Егер олар болмаса, экспорттаушылар үшін бәсекелік артықшылық та болмайды, – дейді Гаухар Насырова.

Оның айтуынша, дәл осы жеңілдіктер режимі қазақстандық өндірушілерге сыртқы нарықтарда бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.

- Қазір біз Германияның Lidl компаниясымен, IKEA-мен және Ресейдің бөлшек сауда желілерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл жеңілдіктер бізге өнімнің бәсекеге қабілетті бағасын қалыптастыруға көмектеседі. Кезінде дәл осының арқасында IKEA компаниясымен жұмыс істей алдық. Өйткені серіктес үшін тартымды шарттар ұсына білдік. Өндірушілер үшін бұл шынымен де мемлекет тарапынан көрсетілетін маңызды қолдау, - дейді ол.

Кәсіпкер арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін бағалау кезінде өнеркәсіптің ұзақ даму циклін ескеру қажет екенін атап өтті.

Фото: instagram.com/gaukhar.nassyrova/

- «Оңтүстік» АЭА біртіндеп дамып келеді. Бізде кілем, трикотаж, аяқ киім, шұлық, төсек-орын жабдықтары, қаптама, қағаз және пластик бұйым шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Химия өнеркәсібін қоса алғанда жаңа бағыттар да пайда болып жатыр. Бірақ өнеркәсіп кластерін бірнеше жылда қалыптастыру мүмкін емес. Кез келген өндіріс уақытты талап етеді. Сондықтан түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте, – дейді Гаухар Насырова.

Ол Түркияның Денизли қаласында ондаған жыл бойы тоқыма өндірісінің экожүйесі қалыптасқанын айтты.

- Ол жерде кәсіпорындардың жанында мектептер, балабақшалар және басқа да әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Біздің саладағы қызметкерлердің басым бөлігі – әйелдер, олардың көбі бала тәрбиелеп отыр. Қажетті инфрақұрылымның жақын орналасуы қызметкерлердің өмір сапасын да, өндірістің тұрақтылығын да арттырады, – дейді фабрика басшысы.

Бизнес қандай мәселелерді көріп отыр

Қолданыстағы жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, кәсіпкерлер арнайы экономикалық аймақтардың дамуын тежейтін бірқатар жүйелі мәселелерді айтып келеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, ең жиі көтерілетін мәселелердің бірі – рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтудің күрделі рәсімі.

- Кей жағдайда қажетті өзгерістерді келісу бір жылдан астам уақыт алады. Бұл АЭА-лардың инвестициялық тартымдылығына да, жобаларды іске асыру мерзіміне де теріс әсер етеді. Өнеркәсіпті дамытудағы, инвестиция тартудағы және жұмыс орындарын құрудағы рөлін ескере отырып, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін өңдеуші өнеркәсіптің барлық бағыттарын басым қызмет түрлерінің тізіміне енгізу қажет, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеуші өнеркәсіп департаментінің директоры Алмат Асқар.

Инфографика: Kazinform

«QazIndustry» ұйымының мәліметінше, арнайы экономикалық аймақтар құрылғаннан бері инфрақұрылым салуға 507 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Алайда ол нысандардың жалпы дайындық деңгейі бүгінде небәрі 53,3% деп бағаланады.

Инвесторлар не күтеді?

«Kazakh Invest» компаниясының бағалауынша, Қазақстан бірқатар бәсекелік артықшылықтарын сақтап отыр. Олардың қатарында макроэкономикалық тұрақтылық, дамыған арнайы экономикалық аймақтар желісі, ағылшын құқығы жүйесі қолданылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының болуы, Еуропа мен Азия арасындағы тиімді орны және ірі өңірлік нарықтарға тікелей жол бар.

Қосымша артықшылықтардың бірі – цифрлық инфрақұрылым деңгейі.

Сонымен бірге елдің инвестициялық тартымдылығын шектейтін факторлар да сақталып отыр. Экономика әлі де көп жағдайда шикізат секторына тәуелді, ал көлік және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі инвесторлар тарапынан жиі сынға ұшырайды. Бұдан бөлек, Қазақстан жұмыс күшінің құны мен ішкі нарық көлемі жағынан кейбір көршілес мемлекеттерден қалып тұр.

Қазір шетелдік инвесторлар үшін шикізатты терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған жобалар тартымды. Әсіресе мұнай-газ химиясы, металл өңдеу, машина жасау, автокомпоненттер өндірісі, агроөңдеу, цифрлық инфрақұрылым және жаңартылатын энергетика жобалары өтімді.

Сонымен қатар Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көлік-логистика және экспортқа бағдарланған өндірістер үшін барған сайын тартымды орынға айналып келеді.

Коллаж: Kazinform / Canva

Жаңа модель қандай болады?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіндегілер Президент тапсырмасы аясында арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделі әзірленіп жатқанын растады.

АЭА-ларды тек дайын жер учаскелері мен қажетті инженерлік инфрақұрылым болған жағдайда ғана құру ұсынылады. Сонымен қатар жобаларды іріктеу жүйесін жетілдіру және инвесторлардың өз міндеттемелерін орындауы үшін жауапкершілігін күшейту жоспарланып отыр.

Тағы бір маңызды өзгеріс әмбебап тәсілден нақты мамандандыруға көшу болуға тиіс. Жоспар бойынша АЭА-лар бірнеше бағыт бойынша дамиды: өнеркәсіптік, сауда-логистикалық, ғылыми-инновациялық және туристік. Мұндай тәсіл неғұрлым тұрақты өндірістік және сервистік кластерлер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ең елеулі жаңалықтардың бірі қолданыстағы рұқсат етілген қызмет түрлері тізімінен бас тарту болуы мүмкін. Оның орнына «шектеулі ерекшеліктер тізімінен басқасының бәріне рұқсат етіледі» қағидатын енгізу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар салық жеңілдіктерін беру мерзімдерін біріздендіру, ал экспортқа бағдарланған, өндірісті жаңғыртуға және пайданы қайта инвестициялауға бағытталған жобалар үшін қосымша қолдау шараларын қарастыру ұсынылады.

Өзгерістердің жеке бір блогы инфрақұрылымға қатысты. Ведомство әлеуетті инвесторлардың қажеттіліктеріне сүйене отырып, инженерлік-коммуникациялық қуаттарды неғұрлым дәл жоспарлау тәсілдерін әзірлеп жатыр. Сондай-ақ АЭА аумақтарында тек инженерлік желілерді ғана емес, өндірістік, қоймалық және әкімшілік-тұрмыстық нысандарды да дамыту көзделіп отыр.

Тағы бір маңызды бастама – арнайы экономикалық аймақтарды жекеменшік басқаруға беру. Реформа әзірлеушілерінің пікірінше, бұл басқарушы компаниялардың инвестор тартуға, инфрақұрылымды дамытуға және алаңдардың жүктемесін арттыруға деген мүдделілігін күшейтеді.

Сонымен бірге резиденттердің міндеттемелерінің орындалуын бақылауды күшейту ұсынылады.

25 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу қабілетін дәлелдеді. Ендігі басты мәселе жобалардың саны емес, олардың экономикаға ықпал ету сапасы болмақ.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Ташкент форумында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.