Арнайы экономикалық аймақтар экономиканың өсім нүктесіне айнала ала ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысты жылдарға қатысты жаңа экономикалық саясатты айқындағанда инвестициялар тарту мәселесін ең маңыздылардың қатарында атағаны белгілі. Бұл үшін Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасымен қоса елімізде қолға алынған Арнайы экономикалық аймақтарға барынша мән берілген. Соның арқасында Қазақстан Орталық Азия аймағындағы инвестициялық хабқа айналуы тиіс. Әлбетте, жаһандық дағдарыс дамуды тежеп тұрған тұста елге шетелден инвестиция әкелу, Қазақстанға келген инвесторларға жағдайларды жан-жақты жасап, олардың елді дамыту ісіне бекем кірісуі үшін «климатты» жақсартып ұстау да оңай шаруа емес. Дегенмен, мамандар арнайы экономикалық аймақтарды дамыту арқылы оны инвестиция тартудың ең маңызды тірегіне айналдыруды көздеп отырғаны да бекер емес.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ бар. Бұлар еліміздің сыртқы экономикалық байланыстарын жандандырып, аймақтарды шапшаң дамыту миссияларын қарастырады. Сонымен қоса, арнайы аймақтар экономика салаларын қолдау және әлеуметтік мәселелерді шешу, инвестициялар, технологиялар, қазіргі заманғы менеджмент тарту, жоғары тиімді және бәсекелестік қабілеті бар өндірістер құруды көздеп отыр. Мұндай ерекшеліктер өңірлер бойынша жіктелгенін арнайы экономикалық аймақтар қызметінің ерекшеліктері болып табылады. Он аймаққа келсек, бұлар: «Астана - жаңа қала» Астана қаласында; «Ақтау теңіз порты» Маңғыстау облысында; «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» Алматы қаласында; «Оңтүстік» Оңтүстік Қазақстан облысында; «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» Атырау облысында; «Бурабай» Ақмола облысында; «Павлодар» Павлодар қаласында; «Сарыарқа» Қарағанды облысында; «Қорғас - Шығыс қақпасы» Алматы облысында және «Тараз химиялық паркі» Тараз қаласында орналасқан.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, арнайы экономикалық аймақтар құру халықаралық тауар айналымының өсуі, инвестицияларды шоғырландыруы, экономикалық процестердің тереңдеуі нәтижесінде экономиканың қарқынды өсуіне әсер ететін факторлардың бірі болып табылады. Ал Қазақстандағы бұл арнайы аймақтарды үш топқа бөлуге болады. Біріншіден - өнеркәсіптік-өндірістік аймақтар, оларға - «Ақтау теңіз порты», «Оңтүстік», «Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопаркі», «Павлодар», «Сарыарқа», «Астана - жаңа қала», «Тараз химиялық паркі» жатады. Екіншіден, қызметтік - «Бурабай», «Астана - жаңа қала», «Қорғас - Шығыс қақпасы». Үшіншісі - техникалық-енгізбелік - «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі».

Айта кетерлігі, елімізде алғаш рет Арнайы экономикалық аймақтар сонау 1991-1996 жылдары аралығында құрылып, тұңғыш рет республикамызда АЭА тәжірибесі өнеркәсіптер құлдырауға кете бастаған жылдары енгізілген екен. Сол тұстары Талдықорған облысы, Жезқазған облыстарында, Өскемен мен Қостанай облыстарында арнайы аймақтар құрылғанымен, ондай аймақтар өз мақсатына еш қол жеткізе алмаған.

Жалпы, мамандар АЭА дамуын үш кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезең 1991-2000 жылдардағы қалыптасу кезеңі. Бұл жылдары алғашқы заңдар қабылданғанымен, онда техникалық база да, инфрақұрылым да болмағандықтан, одан еш нәтиже шықпады. Бұған бір жағынан қаржылық жетіспеушілік пен басқарудағы тәжірибесіздік себеп болды. Одан кейінгі 2000 жылдары АЭА туралы заң қайта қаралып, мемлекет қолдауды біршама күшейтті, жер учаскелері бөлінді, қаржылық қолдауды жүзеге асырды. Үшінші кезеңде - 2011 жылы жаңа заң қабылданып, тың серпіліс те біліне бастаған болатын. Алайда, уақыт өте келе ол заңның да толық жұмыс істеуге мүмкіндігі болмай отырғаны анықталып отыр. Басқару жағынан да кемшіліктер орын алды. Бір өңірлерде Арнайы экономикалық аймақтар әкімдіктерге, жергілікті атқарушы билікке қараса, енді бірі министрлікке тәуелді болды. Яғни, АЭА алғаш елімізге қадам басқаннан бері елімізде көптеген өзгерістер орын алды. Соған қарамастан, тиімділіктің танылмай тұрғанына назар аударған Елбасының өзі осы Арнайы экономикалық аймақтар қызметін сынға алған болатын.

Ендігі күні инвестициялық саясатты сауатты жүзеге асыру үшін бұрын кеткен олқылықтарды біртіндеп түзету басты мәселеге айналып отыр. Бұл ретте, ең біріншіден, АЭА инфрақұрылымын дамытуға мейлінше маңыз беріледі. «Шындығында, өткен жылдары неге нәтиже бермеді дегенге келсек, бұл, ең біріншіден, АЭА арнайы инфрақұрылымның жоқтығымен тікелей байланысты. Бүгінгі күні мемлекет шамамен 261 млрд. теңгені АЭА инфрақұрылым құрылысын дамытуға жұмсап отыр. Он аймақтың алтауында (Оңтүстік, Сарыарқа, Бурабай, Ақтау, Астана, «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде) инфрақұрылым толық аяқталған. 2019 жылға дейін қалған төрт паркте толық инфрақұрылымды аяқтау көзделеді. Қазіргі күннің өзінде 136 компания АЭА тартылып, жобаларды жүзеге асыруда», -дейді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында арнайы экономикалық аймақтардың барлығында инфрақұрылым жасақтау қолға алынды немесе олардың біразында бұл жұмыс аяқталу сатысында тұр. «2019 жылға қарай Атырау мен Павлодар арнайы экономикалық аймақтарында инфрақұрылым толық жүзеге асады. Осының арқасында АЭА (арнайы экономикалық аймақтар) жобалармен толыға түспек. Қазіргі таңда АЭА-тарда нақты 130 жоба жүзеге асуда, сондай-ақ 90-нан астам жобамен жұмыс белсенді түрде жүргізілуде. Мысалға алсақ, 2009 жылы арнайы экономикалық аймақтардағы жобалар саны 20-ға жетпейтін еді. Өйткені, ол тұста қажетті инфрақұрылым да болмады, арнайы экономикалық аймақтарды басқару жағы да әлсіз болды», - дейді министр Әсет Исекешев.

Ал нәтижелерге келсек, қазіргі таңда Арнайы экономикалық аймақтар бойынша 166 өндіріс өз өндірісінің алдын ала қуатына шығарылған. Негізгі үлес Астана мен Алматы АЭА тиесілі екен. Сонымен қатар, 2019 жылға дейін жүзеге асырылатын 50-ден астам ірі жоба бекітілген. Олардың жалпы сомасы 2 трлн теңгеден асады. Аталған жобалардың ішінде Атыраудағы мұнай-химия, Астанадағы жаңа индустрияландыру аймағында жүзеге аспақ.

Түйіндей айтсақ, алдағы уақытта Арнайы экономикалық аймақтар бүгінгі таңда инвестиция тарту жүйесінде аса маңызды элементтердің біріне айналуы тиіс. Қазіргі таңда дәл осыған күш беріліп отыр. Осыған орай, жақында Инвестициялар және даму министрлігі арнайы экономикалық аймақтар қызметін жетілдіру мәселесіне қатысты заңнамалық өзгерістер ұсынған болатын. Заң жобасы негізінен төрт негізгі новеллалардан тұрады.

Біріншіден, АЭА аумағында қызметтің басым салаларын айқындау барысындағы процедураларды оңтайландыруға қатысты. Қазіргі күні әлеуетті инвестор үшін басымдықпен айқындалған қажетті қызмет түрлері болмаса, онда инвесторлар АЭА аумағына жіберілмейді. Осыған байланысты инвесторлардың АЭА кедергісіз енуіне жағдай жасайтын тиісті өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте икемділікті арттыра түсу үшін шешім қабылдаулар деңгейін Үкімет қаулысына қарай жақындатылады.

Екіншіден, заң аясында арнайы экономикалық аймақтарды басқарудың бірыңғай үйлестіру орталығын құру қарастырылып отыр. Бұндай орталық «KAZNEXINVEST» АҚ базасында басқарушы компаниялардың мемлекеттік акциялар бөлігін бере отырып құру ұсынылады. Бірыңғай үйлестіру орталығының негізгі міндеті оларды басқарудың халықаралық стандарттарына айналдыру, бизнес-үдерістерді енгізу, жаңа қатысушылар мен инфрақұрылымдық инвесторларды тарту бойынша маркетингтік шаралар ұйымдастыру болмақ. Айта кетерлігі, үйлестіруші компания аймақтарды басқаруға енгенімен, АЭА елу бір пайызы жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдіктердің иелігінде болады. Осылайша, мемлекеттік мүддеге қатысты теңгерімділік сақталады.

Үшіншіден, салықтық заңнаманың орнықтылығы, тұрақтылығына қатысты болып табылады. Бұл ретте АЭА қатысушыларға бірқатар салықтық жеңілдіктер беріледі, атап айтқанда, бұлар корпоративтік табыс салығына, мүлік және жер салығына қатысты болып отыр. Төртіншіден, АЭА инвесторлар үшін жерді пайдалану мерзімін ұзартуға қатысты болып отыр. Айта кетерлігі, АЭА елімізде жиырма бес жылдық қызмет мерзіміне құрылады. Сонымен бір мезгілде, қолданыстағы заңнама бойынша жер учаскелерін пайдалануға жеңілдік тек он жылды ғана құрап отыр. Осыны ескере отырып, жерді пайдалануға қатысты жеңілдіктерді АЭА қызмет ететін мерзіміне дейін теңестіру көзделеді.

Айта кетерлігі, АЭА қызметін жетілдіретін арнайы заң жақында ғана Парламенттің қабылдауынан өтті. Әрине, жаңа заң арнайы экономикалық аймақтар мәселесін түбегейлі шешіп тастайды деуге келіңкіремейді. Дегенмен, мамандар бұның осы саланы айтарлықтай алға жылжытатын қадам екенін алға тартады. Яғни, АЭА-ды дамытудың ендігі кезеңі өңірлерге тың серпін беретін кезеңге айналуы тиіс. Бұл ретте Елбасы «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айқындаған Жаңа экономикалық саясатта Арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартудың ең маңызды тірегі болатындығына мән берілген еді.