Шығыс Қазақстан облысының «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің құрамына облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттері, www.altaynews.kz сайты, 5 аудандық газет, өңірлік коммуникациялар қызметі мен баспахана кіреді. Холдингтің жаңа басқарма төрағасы болып Арсений Дүйсенов тағайындалды.
Арсений Кеңесұлы 1971 жылы дүниеге келген. 1992 жылы медиа саласындағы қызметін теледидардан бастаған ол әр жылдары «Қазақстан» РТРК, «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі, «Respublika.kz» газетінің бас редакторы болды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы, Дін істері және азаматтық қоғам министрінің кеңесшісі және түрлі өңірлердегі БАҚ, бизнес және коммуналдық шаруашылық саласындағы бірқатар ірі кәсіпорындарды басқарған. 2009-2014 жылдары «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының директоры болып еңбек етті.
Халықаралық телерадио академиясының академигі, Қазақстан бас редакторлар клубының мүшесі. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Еске салсақ, 2022 жылы «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің басқарма төрағасы қызметіне Досжан Омархан тағайындалған еді.