Әртараптандыру мәселесінде әлемдік тәжірибеге баса мән берген орынды - О. Сәбден

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Әртараптандыру мәселесінде әлемдік тәжірибеге баса мән берген орынды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында «Экономиканы әртараптандыру - табысқа жетудің кілті» тақырыбында баяндама жасаған палата мүшесі экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономиканы әртараптандырудың әлемдік тәжірибесіне сүйенсек, «алтын миллиард» елдеріндегі жеңіл өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі бар болғаны 15-20 пайызды ғана құрайды. Сондықтан да, тері, аяқ киім, тоқыма өнеркәсіптерін жіті дамыту мәселесін анық сараптамадан өткізіп, түбегейлі зерттеу қажет. Өйткені, дамыған елдер біртіндеп өздерінің аумағынан үлкен еңбек шығынын, төменгі қосымша құнды талап ететін өндірістерді ығыстырып шығарып келеді. Бұл ретте киім, аяқ киім тігу, жиһаздар жасау біртіндеп арзан жұмыс күші мол шоғырланған елдерге қарай ысырылуда. Жаңағы «алтын миллиард» елдеріне келетін болсақ, сол елдерде жоғары технологиялық салаларға, қаржылық, әскери өнеркәсіп секілді салаларға ғана мықты қолдау жасайтыны тегін емес. Яғни, бұларда орнын импортпен алмастыруға болмайтын, ауқымды дивидент әкелуге мүмкіндігі жоғары салаларға басымдық беріліп отыр», деді О. Сәбден.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Франция, Швеция, Ирландия, Ұлыбритания, Финляндия, Белгия, Италия секілді елдер авиақұрылыс, банк қызметі, автокөлік құрылысы, сандық теледидар, биотехнология, ұялы байланыс және бағдарламалық қамтамасыз ету секілді салаларды бір-бірімен өзара бөлісіп алған. Тек, Италия ғана тоқыма өнеркәсібіне басымдық мән беріп отыр, өйткені бұл сала осы ел үшін брендтік өнім болып табылады. Ал қалған елдердің фабрикалық тігін өнімдерін, киім-кешегін түгелге жуық дерлік Қытай қамтамасыз етіп келеді. «Ал енді Қазақстанға келер болсақ, әрине біздің елімізде киімді де, аяқ киімді де тігіп, шығаруға қауқарымыз жеткілікті, мүмкіндігіміз баршылық. Бірақ, бұл тауарлардың барлығының орны тез-ақ импортпен алмасып кетеді. Ендеше, бұндай жағдайда бізге не істеу қажет? Неге әлем елдерінің тәжірибесі секілді бұндай өндірістерді экономикасы әлжуаздау елдерге қарай ығыстырмасқа?! Яғни, әртараптандыру үшін бұндай өндірістерді еліміздің ішкі жағында шығару, бәсекеге қабілеттілікті жоғалту дегенді білдіреді. Әрине, жаңағы салаларды белгілі бір оңтайлы сұранысты қамтитындай дамытуға болады, бірақ кеңінен осының соңынан қууға болмайды», деді О. Сәбден.