***
Жақында Абай ауданындағы Тоқтамыс батыр ауылы маңындағы Аққозы қыстағында Тоғжанның бейітіне ескерткіш тұрғызылды. Сонда біреулер: «Тоғжан мен Аққозы екеуі де бірінен кейін бірі ауырып, жастай қайтыс болып кеткен, балалары жоқ» деп нықтаса, тағы біреулер: «Тоғжан төре тұқымындағы Ботантайға ұзатылған», деген пікірлер айтқан, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Тоғжан туралы тың дерек" атты мақалада.
Дегенмен, біз жазушы Мұхтар Әуезовке сүйенгеніміз жөн, дейді бұл орайда ақын Төлеген Жанғалиев. Себебі, Тоғжан апамыздың сүйегі жатқан жер көптен қараусыз қалса да, биыл басына қамқорлық көрсетіліп, аты-жөні нақты жазылған ескерткіш орнатылды. Тоғжанның зираты қай тұста екендігін халыққа ең алғаш көрсеткен абайтанушы, ұзақ жылдар бойы Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музей-үйінің меңгерушісі болған Бекен Исабаев ақсақал.
Тобықтыда Мотыш деген атақты бай ру болған, - деді Бекен Исабаев, - одан Жылқыайдар туады. Оның жанама аты Доғал, одан Найман деген туған. Найманнан Аққозы, Қарақозы, Жәмен, Тоқаш деген төрт ұл бар. Аққозыдан Ақылбай, Ақбай - екеуі де Тоғжан ананың балалары. Ақылбайдан Мақсат, Медет деген екі ұл бар, бұлар Тоғжанның немерелері. Тоғжанның немересі Медет 1926 жылы Шыңғыстауда Машан биігінде туған. Қоныстары сонда.1928 жылы Ақылбай Аққозыұлын Шымкентке жер аударады. Сонда қайтыс болған. Медет және біраз туыстары Қырғызстанға өтіп, содан аман қалған. Ол жылдары қазақ жеріндегідей зұлмат аштық қырғызда болмады, олар тоқ өмір сүрді. Медет Аққозин орыс тілінде жазатын, «Киргизский комсомолец» газетінде бөлім меңгерушісі болып, одан Алматыға келіп, Алматы облыстық газетінің бөлім меңгерушісі, Алматы обкомының бөлім меңгерушісі, Алматы облыстық радио басқармасының бастығы, Алматы баспа, полиграфия және кітап саудасы палатасының бастығы болған. Медет те, Мақсат та 1960-80-жылдары Абай ауданына келіп, Тоғжанның басына, Найманның, Аққозының басына құран оқытатын. Менің құдам Серікжан Нұрсейітов Шаған өзенінің құйылысында мал сойып күтіп алған. Абай ғашық болған Тоғжан ана мен Аққозының ұрпағы Медет Аққозин 2014 жылдың қысында қайтыс болды. Ал Тоғжан жайлы басқаша ақпарлардың барлығы дұрыс емес, дейді Бекен ақсақал.
***
"Айқын" газетінің бүгінгі санында "Ащы ішектей" сериалдардың соңы неге ұрындырады" деген тақырыпта проблемалық мақала беріліп отыр.
Басылымның жазуынша, осыдан бір жыл бұрын сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед журналистермен бас қосуында отандық арналардың шетелдік, оның ішінде түркиялық және корей сериалдарды сатып алуына шектеу қойған болатын.
Министр өз сөзінде алдағы уақытта «Қазақстан» мен Хабар» арнасында 20-дан астам отандық телехикая түсірілетінін де айтқан еді. Отандық өнімнің саны артатынына жұртшылық та қуанған. Алайда түрік пен корей сериалдарына тоқтам жасалғанымен, ұлттық арна да, тәуелсіз телеарналар да үнді фильмдеріне шектеу жасай алған жоқ. Түрік пен корей сериалдарының орнын қаптаған үндінің «аяқталмайтын» сериалдары басты. «Мемлекеттік орасан зор қаржы» құйылып жатқан шетелдік сериалдарға тоқтам жоқ. Үнді сериалдарына «ұйып» жүрген көрермен көп. Ұйымай қайтсін, қай арнаны қоссаңыз да, «сыңсыған» үнді қыздарын көресіз. Ең қызығы, үнді сериалдарының шет-шегі жоқ. «Ананди» басталғанда дүниеге келген бала осы күні ес жиып, етек жинап қалды, дейді мақала авторы.
Белгілі психолог ғалым Родион Чепалов: «Сериалдардағы кейіпкерлермен қоса қайғырудың негізгі себептері өзінің жағдайымен қатар қою болып саналады. Ал ол жағдайлар бойынша сериалдар тұрақтылықты қамтамасыз етеді, ал ондайды қоғам қолдан жасай алмайды. Сондықтан да сериалдың ықпалы күшті боп тұр. Әлбетте, сериалдар өте көп уақытты талап етеді. Ал отырғаннан гөрі әрекет еткенді қолай көретін адамдар сериалдар көруден мейлінше қашық болады» дейді.
Соңғы кездері адамдардың көбінің көңіл күйі нашар, жүректері жаралы, мұңды, алданып қалған кейіпке еніп тұрады. Жүріс-тұрыстарының өзінен баяулықты, самарқаулықты байқайсыз. Бір нүктеге ұзақ қарап, ойланатындар да аз емес. Ғажайып өмірді аңсайтындар да көп. Тіпті «кек қайтару» дейтін жабайы үрдіс пайда болды адамдар арасында. Кейбір адамдардың психикалық өзгеріске ұшырауының да себебі сериалдарда жатқан көрінеді.
"Кез келген елдің сериалы сол елдің мүддесін қорғайтыны белгілі. Үндінің сериалы - үндінің құндылықтарын, қытайдың сериалы - қытайдың мәдениетін, корей сериалы корей мүддесін қорғайды. Демек, біздің телеарналар өзге елдің құндылықтарын көбірек насихаттауға мүдделі деген сөз. Ал ұлттық құндылықтарды кім ойлайды? Осыған бас ауыртқан пенде бар ма? Өкінішті...", - дейді мақала авторы.
***
Қазіргі таңда ұлттық тағамдарымыздың кейбір түрі ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Осы мәселеге орай, Cозақ ауданы Қыземшек кентінде ұлттық тағамдарды насихаттау және кент тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында, «Ұлттық асхана «Қуырдақ-шоу» болып өтті, деп жазады "Айқын" бүгінгі санындағы "Қызықты өткен "қуырдақ-шоу" атты мақаласында.
Басылымның мәліметінше, «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС «Демеу-Қыземшек» филиалының ұйымдастыруымен Қыземшек кентіне қарасты кәсіпорындар мен мекемелер арасында өткен бұл байқауға алты команда қатысты. «ОАЗИС» мәдени-спорт кешенінің ашық алаңында әр мекеменің қазан-ошағы қойылып, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Байқаудың ережесі бойынша қатысушыларға 2 сағат уақыт берілді. Осы уақыт ішінде әр команданың бас аспаздар мен олардың көмекшілері етті байқау барысында турап, қуырдақ дайындаулары керек.
Әділқазылар команда ұйымшылдығы, команданың сырт келбеті, байқау шартына бағыну, тағамды дайындау уақыты, тағамның дәмділігі, тағамды әсемдеуі мен ұсынылуы және тағамның табиғи шынайылығы бойынша бағалады. І орынға осы талаптарға сай, нағыз қазақтың ұлттық қуырдағын ұсына алған «Қазметрао» командасы лайық деп танылса, ІІ орынды «Уанас» командасы, ІІІ орынды «Автошаруашылық-Қыземшек» командасы иеленді.
****
Францияның бұрынғы министрі-егде адамдар ісі бойынша елшісі Мишель Делоне мемлекеттік қазынаға 5,4 млн. Еуро тапсыратынын мәлімдеді, деп жазады "Экспресс-К" газеті "Бывший французский министр завещает государству 5,4 млн евро" атты мақаласында. Оның айтуынша, байлығының көп бөлігі күйеуі екеуіне мұра ретінде қалған. Нақты байлығы қанша екені белгісіз. Дегенмен, 2013 жылы жарияланған декларация бойынша оның байлығы франция үкіметіндегі екінші орынға тұрақтаған. Бірінші орында Франция Сыртқы істер министрі Лоран Фабиус 6 млн. еуромен тұрақтаған.