«Сөз жоқ, болашақта урбанизация күшейе түседі. Ал ірі мегаполистердің рөлі артады. Оны танымал сарапшылар да растап отыр. Мәселен, швед ғалымдарының болжамы бойынша, 50 жылдан кейін 218 мемлекет емес, 600 қала экономикалық тұрғыда белсенді болады. Осылайша, қалалар желісі жаңа әлемнің саяси-экономикалық қаңқасына айналады. Ірі қалалар экономиканың басты қозғаушы күші болады», - дейді Ә.Исекешев.
Оның айтуынша, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының 70 проценті қалада тұрады. Сол себепті қалаларды дамыту мәселесіне баса назар аударылып келеді.
«Әрине, ондай қалалар әлемдік трендтерге сай болуы керек. Сол себепті біз ондай қалаларды құру тәжірибесін жан-жақты зерттеп келеміз. Оларды әрқалай атайды. Мегақалалар, жаһандық қалалар, greenfield citіes, new global cities дейді. Бұндай қалалар өз елінің ғана емес, тұтас бір аймақтың драйверіне айналады. Мәселен, Таяу Шығыста - Дубай мен Абу-Даби, Оңтүстік-Шығыс Азияда - Сингапур және тағысын тағы. Аталған қалалар инновациялар, инвестициялар, денсаулық, білім, сауда мен туризмнің негізгі ошағы болып отыр. Дамыған инфрақұрылым мен сапалы басқару - қаланы дамытудың басты шарттары. Бұдан бөлек, жаһандық экономикамен байланысы бар сауда, қалада дарынды адамдарды ұстай білу саясаты және тұрақты инновациялық экожүйе болуы қажет. Дәл осы шарттардың негізінде мінсіз қаланы құруға болады», - деп атап көрсетті Ә.Исекешев.