Еске сала кетейік, Мойнақ СЭС-і үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының ірі жобаларының бірі болып табылады. Қуаты 300 МВатт болатын Мойнақ СЭС-і көлемі және қуаттылығы жағынан Қазақстандағы бесінші гирдостанция және еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі елімізде іске қосылатын алғашқы энергетикалық нысан. СЭС-тің ерекшелігі сол, ол ТМД елдеріндегі жоғары қысымды үш станцияның бірі. Оның су қысымы 500 метрді құрайды. Жобаның жалпы құны - 54, 1 млрд. теңге.
Аса маңызды жобаны Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның даму банкі (19,86 млрд.теңге) мен Қытай мемлекеттік даму банкі (29,66 млрд.теңге) қаржыландырып отыр.
Мойнақ СЭС-ін іске қосу арқылы Қазақстанның оңтүстік өңірі атап айтқанда Алматы қаласы мен Алматы облысындағы энергия тапшылығы азаяды. Сонымен қатар Орталық Азия елдері энергожүйесіне тәуелділіктен арылтады. СЭС іске қосылғаннан кейін жылына орташа есеппен 1 млрд. кВатт сағат электр энергиясын өндіреді. Бұдан Алматы облысының өнеркәсіптік көрсеткішіне жыл сайын 7,6 млрд. теңгелік тауар өнімі қосылады. Бюджетке түсім 1 млрд. 790 млн. теңгені құрайды. Қазіргі кезде СЭС құрылысына 1 мыңнан астам адам қатысуда, оның 75 пайызы жергілікті тұрғындар. Болашақта СЭС іске қосылған кезде бұнда 127 адам жұмыс істейтін болады. Қазіргі кезде СЭС құрылысымен қатар олар үшін 80 үйлік коттедж қалашығы салынуда. Онда 500-ге жуық адам тұрады деп жоспарланған.
Үкіметтік комиссияны «Самрұқ-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Е.Упушев, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, «Мойнақ СЭС» компаниясының бас директоры Оразалы Қантаев нысанның жұмысымен таныстырды. О.Қантаевтың сөзіне қарағанда нысан құрылысының негізгі бөлігі аяқталған. СЭС бұған дейін жоспарланғандай желтоқсан айында іске қосылады.