Ашаршылық - соғыссыз-ақ тоталитарлық жүйенің қолымен жасалған 20-шы ғасырдағы ең қасіретті гуманитарлық катастрофа - М.Құл-Мұхаммед

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Ашаршылықты соғыссыз-ақ тоталитарлық жүйенің қолымен жасалған адамзат тарихының 20-шы ғасырдағы ең қасіретті гуманитарлық катастрофасы деп бағалаған жөн.

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстандағы ашаршылық: халық трагедиясы және тарих сабақтары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

Біріншіден, ашаршылық бүкіл Кеңес одағының қасіретіне айналды. Қазақстанмен қатар Украина, Беларусь  және Ресей Федерациясының Волга бойы, Орталық қара топырақты аймағы, Орал, Батыс Сібір мен Солтүстік Кавказ өлкелерін қамтыды. Бірақ ашаршылықтан ең көп зардап шеккен Қазақстан болды. Екіншіден жаппай ұжымдастырудан қазақ, украин, орыс халқының өкілдерімен қатар жоғарыда аталған өлкедегі басқа да көптеген ұлт өкілдері қасірет шегіп, құрбан болды. Сондықтан бұл бір ғана ұлттың емес, бүкіл мемлекеттің трагедиясына айналды», - деді Мемлекеттік хатшы.

М.Құл-Мұхаммедтің пайымынша, үшіншіден зорлық-зомбылықпен жүзеге асырылған ұжымдастырудан Ресей, Украина және Қазақстанда 7 млн-нан астам адам құрбан болды. Ашаршылықта қазақтар ең көп қырылды. Төртіншіден, ұжымдастыру науқаны халықтың ашу-ызасын туғызып, бүкіл Кеңес одағы бойынша 6 мыңнан астам түрлі толқулар мен көтерілістерге ұласты және оның бәрі аса зор қаталдықпен, репрессивті машинаның күшімен басып жаншылды. 1933 жылы белең алған қуғын-сүргін біртіндеп, 1937-1938 жылдардағы сталиндік жаппай репрессияға ұласты. Ашаршылық жылдары бас көтеріп, халықтың атынан пікір айтқан Алаш ардагерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, сондай-ақ Кеңес одағының сол кездегі аса көрнекті қайраткерлері Тұрар Рұсқұлов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов сияқты азаматтардың бәрі 37 жылдың репрессиясының құрбанына айналды.

Бесіншіден, күштеп ұжымдастыру ауыл шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесін талқандап, ел экономикасына, әсіресе ауыл шаруашылығының мүлде тұралауына әкеп соқты. Міне, осы жоғарыда айтылғандарды саралай келіп, Кеңес одағында 30-шы жылдары орын алған ашаршылық трагедиясына ешбір қарусыз, соғыссыз тоталитарлық жүйенің қолымен жасалған адамзат тарихының 20-шы ғасырдағы ең үлкен, ең қасіретті гуманитарлық катастрофасы деп баға берген жөн»,- деді ол.