Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергеннің Дания қақпасына соққан голы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысындағы үздік атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген 26 наурыз күні 86-минутта Каспер Шмейхельдің қақпасына гол соққан еді. Сол ойында біздің құрама 3:2 есебімен жеңіске жетті.
УЕФА-ның техникалық қадағалаушы мамандары құрлықтық доданың іріктеу сатысындағы үздік он голды анықтаған еді.
Одан кейін жанкүйерлердің дауыс беруіне мүмкіндік жасалды.
УЕФА-ның техникалық қадағалаушы мамандары Асхат Тағыбергеннің алыстан соққан голын сегізінші орынға лайықты деп санаған еді. Ал жанкүйерлер арасында ол бірінші орынға шықты.
Екінші және үшінші орындарға Албания құрамасының ойыншылары Ясир Асани мен Кристьян Асланидің соққан голдары лайықты деп бағаланды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.