ОРАЛ. ҚазАқпарат - 5 қараша күні Теректі ауданы Подстепный ауылдық округінің тұрғыны Аман Дәуітовтің қойына тағы ит шапқаны белгілі болды.
Мал иелері қанша сақтанып, қорасын бекітсе де, амалын тауып ішке енген қаңғыбас иттер 15 қойды өлтірген. Бұдан бірнеше күн бұрын, 1 қараша күні таңертең иттер А.Дәуітовтің 64 қой-ешкісін құртып кеткен болатын.
Теректі ауданы әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиевтің айтуынша, мал орыны Подстепный ауылдық округіне қарасты болғанымен, 3-ші саяжай қоғамдастығына тиіп тұр. Саяжайда иесіз қалған иттер ашығып, осындай әрекетке баруда. Алғашқы оқиға орын алғаннан кейін бұл аумақта 16 иттің көзі құртылды. Соның ішінде үшеуін мал иелері қойға шапқан ит ретінде таныды. Оның біреуінің иесі бар болып шықты. Сонымен қатар Подстепный ауылының өзінде 26 бұралқы ит атылды. Бұдан бұрын жыл басынан бері ауылдық округте 82 ит жойылған болатын.
«Қазіргі кезде аталмыш аумақта тәулік бойы кезекшілік қойылды. Аңшылардың көмегімен қаңғыбас иттердің көзін жою жұмысы бұдан кейін де жалғасатын болады», - деді Л.Уәлиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).