Асқар Жұмағалиев отандық инноваторларға кеңес берді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев отандық инноваторлардың еңбегін ерекше атап өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шыны керек, соңғы кездері біз инновациялық идеяларды шетелден іздеп кеттік. Сол жақтың компаниялары келіп, бәрін ашық айтып береді, түсіндіреді, көрсетеді деп ойладық. Күні кеше біз Әсет Өрентайұлымен (Астана әкімі - авт.) және денсаулық сақтау министрімен (Елжан Біртанов - авт.) медицина саласын талқылағанда осы салада отандық компаниялардың сәтті жұмыс істеп жатқанына көз жеткіздік. Олар арнайы медициналық жүйелерді әзірлеп, жан-жақты енгізіп келеді. Ең бастысы, сұраныс бар. Халық ол жүйлерді кеңінен қолданып жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз да сол - ақпараттық теxнологиялар саласындағы отандық компанияларды дамыту, оларды жан-жақты қолдау» , - деді А.Жұмағалиев бүгін Astana Innovation Challendge жобасы аясындағы кездесуде. Аталған байқау xакатон үлгісінде үздік теxнлогиялық жобаларды анықтауды көздейді.

Үкімет басшысының орынбасары инноваторларға өз кеңесін де берді.

«Әрине, жас инноваторларда «бәрін екі-үш күнде жасап тастаймын» деген түсінік болады, бәрін жылдам істеп тастауға құлшынады. Дегенмен, барлықтарыңды шыдамды болуға шақырамын. Себебі мемлекеттік және квазимемлекеттік органдармен жұмыс жасағанда шыдамдылық қажет. Бір нәрсені іске асыру үшін құжаттарды, заң актілерін өзгерту керек. Соған дайын болған жөн», - деп атап көрсетті А.Жұмағалиев.

Асқар Қуанышұлы «Цифрық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында кез келген инноватордың өз жобасын іске асыра алатынын ерекше атап өтті.

«Үкімет өз кезегінде жан-жақты қолдау жасайтын болады. Біз xалықаралық тәжірибені осы жерге алып келуіміз керек. Шетелде дарынды адамдарды, батыл идеяларды қалай қолдаса, біз де тура солай инновациялық бастамларға жан-жақты жағдай жасауымыз қажет. Президенттің нақты тапсырмасы бар. Сондықтан осы жұмысқа бар күш-жігерімізді салатын боламыз», - деп атап көрсетті А.Жұмағалиев.

Соңғы жаңалықтар