Әскердегі сарбаздардың өліміне қатысты істі азаматтық соттың қарауына беру керек пе? - баспасөзге шолу

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 19 желтоқсан, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Күні кеше өткен мереке күндері Қарағанды қаласының көшелері аяқ астынан күрт өзгерді, оны бойлай өсіп тұрған талдарға дейін бүршік жарып, гүлдеп сала берді. Алғашында мұның байыбына бармаған жергілікті жұрт шынымен табиғат тосын мінез көрсетіп, «көктем келе қалған екен» деп ойлап қалысыпты. Бірақ тап солай екен дей қояйын десе, ауа райының жылып кеткені шамалы. Керісінше ақтүтек боран көтерілгелі кейіптегі табиғат «түлен түртіп» тұрды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті жазып отыр.

Басылымның жазуынша, кеншілер астанасының орталық даңғылдарының бірінде ала жаздай жапырақ жаймаған қарағаштардың өзі қыстың көзі қырауда жайқалып шыға келуі қала басшылығының тапқырлығы екен. Олар қарағаштың әр түбіне жіпке тізілген жасанды жапырақтарды орап тастаған. Жұрт мұны «құрметті қонақтар жүретін жерге жасалған кезекті көзбояушылық» деп қабылдап отыр. Өйткені, сақырлаған сары аязы бар Арқа төсінде қысты жаз ету шенеуніктердің ғана қолынан келетін шаруа екеніне ешқайсысы шү­бәланбаған.

Қалай дегенде де, «Мен де аң-таң, апам да аң-таң» дейтін гәп болып шыққан. Мұндай метаморфозаның не мағына беретінін, оның нені меңзейтінін әлі ешкім түбегейлі түсіне алмай отыр.

Көкшетау әуежайының тарихы 1945 жылдың маусым айынан өзек тартады. Шағын әуежай қаланың солтүстігінде, Қопа көлінің іргесінде орналасты. Сол жылғы шілденің орта шенінде әуежайға алғашқы ПО-2 ұшағы келіп қонды. Оны басқарған 4-сыныпты ұшқыш Николай Бондарьды қалалықтар нағыз батыр ретінде құрметпен қарсы алды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Көкшетау әуежайының әлеуеті күшейді» деген мақалада.

Басылымның атап өтуінше, Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасында Көкшетау әуежайына айрықша назар аударылған. Жоба жүзеге асырыла бастаған жылдардан бері оны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 8,3 миллиард теңге жұмсалды. Маңызды істің барысымен танысу мақсатында Республика Премьер-Министрі Серік Ахметов, салалық министрлік басшылары құрылыс алаңында бірнеше рет болды. Мемлекеттік комиссия 30 нысаннан тұратын қайта құру құрылыстарын жоғары талаптар тұрғысында қабылдап алды.

- Заманауи әуежайды арнайы техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету, ұшақтар мен қосалқы буындарға қызмет көрсету мәселесіне ғана 600 миллион теңге бөлініп, толық игерілді, - дейді Көкшетау әуежайының директоры Дастан Малиев. Мұндағы түбегейлі қайта құру жұмыстары мерзімінен бұрын әрі жоғары сапада аяқталды. Асфальтты-армобетондық жамылғылы ұшу-қону алаңы шетелдік құрылғыларды орнатумен қатар, 2850 метрге ұзартылды. Сағатына 200 жолаушыны қабылдай алатын аэровокзал екі телескопиялық трап, лифт және эскалаторлармен жабдықталды. Танымастай жаңғыртылған әуежайда жолаушыларға барлық қолайлы жағдайлар жасалумен бірге, тіркеу, шекаралық және кедендік ресімдеу орындары қарастырылған.


***

Ғылым дамып, шарықтаған сайын, оның жетістіктеріне көлеңке түсіретін жалған ғылым да, өтірік ілім де қосарлана алға жылжиды. Бүгінде ешқандай дәлелі мен дәйегі, зерттеу тәсілі жоқ болса да, ғылымның терісін жамылған түрлі жалған ғалымдардың қатары көп. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында жан-жақты талдап отыр.

Басылымның жазуынша, Жалған ғылымның бірінші «классикалық» мысалы ретінде белгілі физик, Париж академиясының мүшесі, профессор Рэне Блондлоның N-сәулелер туралы «жаңалығын» атауға болады. Бондло өмір бойы физиканың түрлі мәселелерін зерттеп келген, алайда физиология мәселелеріне ешқашан көңіл бөлген емес. Десе де, 1903 жылдың күзінде "Comptes Rendus Academic Science" атты ғылыми журналда N-сәулелерді ашқандығы туралы мақала жариялайды. Оның пікірінше, бұл сәулелерді түрлі металдар шығарады және адамның көру қабілетін бірден күшейтетін қасиетке ие. Ғалым осы сәулелердің арқасында адам тастай қараңғыда да көру мүмкіндігіне ие болады деп тұжырымдаған. Осы идеясын дәлелдеу үшін негізі металл призмадан құрылған арнайы спектомертді де жасап шығарған. Соның көмегімен Блондло өз көзінің жарыққа сезімталдығын өлшеген. Яғни металл призма бөлетін N-сәулелер көздің жарықты сезу қабілетін арттыра түсуі тиіс.

Осы идеямен қарулаған ғалым бір жылдың ішінде 20-ға жуық мақала жариялаған. Францияда оның мақалалары қызығушылықпен қабылданды. Дегенмен шетелдерде оның жаңалығына сенбейтін көптеген скептиктер табылды. Ағылшынның физикалық қауымдастығы белгілі физик Р.Вудты арнайы жібереді. Ол Францияға келіп, N-сәулелерді көрсету кезінде, қараңғылықты пайдаланып, өнертапқыш ашқан сәулесінің белсенділігін өлшеп тұрған металл призмасын қалтасына сала қояды. Бұны байқамаған Блондло сол күйі өз көзінің қараңғыда көру қабілетін «ұлғайта» береді. Осындай тәжірибені бірнеше рет қайталған Вуд бірден бұның қарапайым ғана өзін-өзі иландыру екендігіне көз жеткізеді. Бірнеше күннен кейін "Nature" журналына өз есебін жариялап, N-сәулелер туралы әңгімеге нүкте қояды».

Ал кіші дәретпен емдеуге арналған уринотерапияны қолдаушылар оны көптеген ауруларға ем дегенге сенеді. Зәрді ішке қабылдау арқылы тіпті ауыр қатерлі ісіктен да айығуға болады деп сендіреді. Алайда оның ауруға ем болғаны туралы ғылыми дәлелденген дерек жоқ. Мұндай тәсілмен емделу адам ағзасы үшін қауіпті болуы мүмкін. Күмәнді ілімдер қатарын месмеризм, гемокод, торсионика, аквалогия, телегония, телекинез, телепатия, спиритизм, уфология сынды атауынан жақ жаңылатын ілімдермен жалғастыруға болады.

Жалған ғылыммен айналысу, оны ары қарай дамыту, оған сенетін адамдарды көптеп тартудың астарында көбіне бақай есеп жатады. «Фен-шуй», хироматия, астрология сынды ілімдерді дамытушылар қаржылай пайда көреді. Өйткені оларға сенетін адамдар құр қол келмесі анық. Кейде жалған ілімдерді адамдарды дұрыс жолдан адастырып, шындықтан алыстату үшін әдейі жасайды дейтіндер де бар. Мәселен, кеңестік кезеңде кеңінен оқытылған марксизм, дарвинизмді мысалға келтіруге болады. Нағыз ғылыммен айналысатын ғалым­дардың жаңалық ашуға ұмтылысы кезінде жіберген қателіктерінен гөрі, осындай жалған ілімді қолдан жасаушылардан келетін қауіптің қатері күшті болуы мүмкін... Мақала «Әлемді жайлаған жалған ілімдер» деген тақырыппен берілген.

Қытай әлемі өзінің құпиялылығымен және сан қырлылығымен әлемді таңғалдырып келеді. Қараша айында Reuters агенттігіне берген сұхбатында Қытайдың Ұлттық банкінің кеңесшісі Ли Даокуй юань бағамына таяу арада өзгеріс енуі мүмкіндігін айтты, деп жазады «Айқын» бүгінгі санындағы «Текетірес немен бітеді?» атты мақаласында.

Газеттің жазуынша, Гонконгтың Орталық банкінің экс-жетекшісі Джозеф Ям да доллар мен евроға деген сенім азайып отырғанын ескерсек, юань ғаламдық қаржы жүйесіндегі тағы бір сенімді валютаға айналуға дайын екенін айтады. Бір қызығы, мұндай пікірді халықаралық валюта қорының төрағасы Доминик Стросс-Кан да бiлдiрiп, жыл басында юаньның жете бағаланбай отырғанын айтқан. Ал қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалы «Қытайдың валюталық саясатын өзгертуге мүмкіндік беріп отырған тағы бір нәрсе - олардың өте аз уақыттың ішінде экономиканы сыртқы нарықтан ішкі тұтынысқа бағыттай білуінде» деген ойды алға тартады.

Қытай валютасы Қазақстанда да сұранысқа ие. Қазақстан ұлттық банкі деректері бойынша қазан айында ақша айырбастау пункттері арқылы 18 миллион юань сатылған. Қазақстандықтар бір жылда айырбастау пункттерінен 197 миллион юань сатып алған. Қытай коммунистік партиясының қараша пленумы экономикада жаңа ауқымды реформалар басталатынын жариялады. Олардың бірінің мақсаты - 2020 жылға қарай юаньды айырбас валютасына айналдыру. Қытай жағы қолға алғалы отырған реформаларға баға берген әлемдік саясаттанушылар «2030 жылға дейінгі аралықта әлемнің экономикасы қуатты елдердің тізімінде Қытай мен АҚШ алма-кезек көш бастайды» деген болжам айта бастады.

- Қытайда жұмыс істеп отырған, Қытайдың экономикасын шарықтатып отырған қырыққа жуық трансұлттық компаниялардың басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі. АҚШ Қытайдың өздерінен озып кеткенін қаламайды. Демек, бүгін болмаса да ертең активтерін алып кететінін, жұмыс күші арзан елдер - Үндістанға, Пәкістанға ауыстыра бастайтынын Қытай біліп-сезіп отыр. Қытайдың өзінің стратегиясының өзгертуіне себеп болған басты факторлар осы. Енді Қытай бұдан былайғы жерде «эспорт емес, импорт үшін» деген ұстанымға көшіп, ұлттық валютасы - юаньды либерализациялауға көшті. Енді доллар мен юань арасындағы айқас басталды. Ендігі жерде қайсысының басым күшке ие болары алдағы екі-үш жылдың ішінде, трансұлттық компаниялар өз активтерін алып кеткен кезде байқалады. Қытайдың валюталық саясатын өзгертуге мүмкіндік беріп отырған тағы бір нәрсе - олардың өте аз уақыттың ішінде экономиканы сыртқы нарықтан ішкі тұтынысқа бағыттай білуінде жатыр. Бұрын экспортының барынша арзан болуына мүдделі болып келген Қытай ендігі жерде мұндай қауіптен арыла бастады. Ал юаньның әлемдік валюта деңгейіне жетуі Қытайға өте үлкен артықшылықтар әкелетіні анық, - дейді қаржыгер Ілияс Исаев.

***

Дүниежүзілік туристік ұйымның деректері бойынша, әлемдік экономикадағы туризмнің үлесі 2012 жылы 3,5 триллион долларды құрады. Туризм көптеген елдер үшін валюталық түсімнің маңызды көзі болып отыр. Мысалы, шетелдік туризмнің үлесі тауар экспорты мен қызметтік түсімдерде Грекияда - 36, Испанияда - 35, Түркияда 20 пайызды құрауда. Ал туризмнің ең жоғары кірісті бағыты саналатын іскерлік туризмнің үлесі 430 миллиард доллар, медициналық туризмнің үлесі 400 миллиард доллар көлемінде болған. Соңғы жылдары әлемдік экономиканың қозғаушы күшіне айналған туризм саласының медициналық бағыты аса жоғары қарқынмен дамуда. Ондағы өсім жыл сайын 20-30 пайызды құрауда. Медициналық туризмнен табыс табушы негізгі елдердің алғашқы бестігіне АҚШ, Германия, Түркия, Үндістан, Тайланд еніп отыр. Сондықтан биыл Монакода Медициналық туризм қауымдастығының мүшесі болып табылатын 38 ел Бүкіләлемдік медициналық туризм қауымдастығын құру туралы хаттамаға қол қойды. Бұл туралы «Алаш Айнасы» газеті жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, Біріншісі - ауқатты адамдар мен экономикасы дамыған елдердегі пациенттердің «үшінші елдерге» емделуге баруы. Екіншісі - медициналық көмек көрсету деңгейі төмен елдерден қызмет көрсету сапасы дамыған мемлекеттерге барып емделушілер. «Мәселен, медициналық туризмнің бірінші тасқынына АҚШ-ты мысалға келтіруге болады. Онда медициналық турмен сапар шегушілер саны соңғы екі жылда 750 мыңнан 3 миллион адамға дейін өсіп, бұдан медициналық қызмет көрсету ақысы АҚШ-тан төмен елдер 1 млрд доллар табыс тапқан. Ал екінші тасқындағылар арасында бұрынғы кеңестік елдердің тұрғындарының үлесі жыл сайын 30-50 пайызға өсіп келе жатқан көрінеді» дей келе автор елімізде медициналық туризмнің жолға қойылмауынан жылына миииардттаған доллардан қағылып, қосымша жұмыс күшін ашуға да кедергі болып жатқанын алға тартады. Мақала «Қазақстанда медициналық туризмнің болашағы бар ма?» деген тақырыппен берілген.

Сондай-ақ, осы басылымның тұрақты «Ой-көкпар» айдарында «Әскердегі сарбаздардың өліміне қатысты істі азаматтық соттың қарауына беру керек пе?» деген мәселе талқыланған.

Аталған сұраққа «Иә» деп жауап берген қоғам қайраткері Ерасыл Әбілқасымов: Бұл жайттың қоғамда көтеріліп жүргеніне біраз болды. Жасыратыны жоқ, Қорғаныс министрлігі де, істі қарайтын тиісті әскери органдардың ешқайсысы да әскердегі әлімжеттікті ашық жария еткісі келмейді. Егер әскерде қайғылы оқиға орын ала қалса, олар дереу «сарбаздар өз-өзіне қол жұмсады, суицид жасады» деп жауырды жаба тоқығысы келеді. Көпшілігі осылай. Сондықтан әскерде қайтыс болған сарбаздардың ісін қарауды әскери сотқа емес, азаматтық сотқа беруіміз керек, - дейді.

Ал «Жоқ» деген ұстанымдағы Ауған соғысының ардагері, тарих ғылымының докторы Болат Сайлан: мен бұл пікірмен келіспеймін. Сарбаздардың өліміне қатысты істі азаматтық соттың қарауы дұрыс емес. Бұл, ең алдымен, заңға қайшы болып табылады. Өйткені жалпы сотта әскери адамның мәселесін қарау - әскери құпияны жария ету деген сөз. Ал әскери құпия - мемлекеттік құпия. Негізі, әскери соттың өзі осы әскери құпияны сақтау үшін құрылған. Енді мынаны қараңыз, әскери салада азаматтық істерді қарайтын судьялар біле бермейтін, тіпті білуіне де болмайтын құпиялықтар болады. Елге жария етуге болмайтын түрлі жағдайлар кездеседі. Неше түрлі құпия әскери нысандар бар. Сонымен бірге әскерилердің өзінің ішкі талаптары бар, әскери жарғылары болады. Оларға тапсырма берілді ме, болды, ол талқыланбайды, орындалуы міндет. Осындай әскердің ішкі жарғысын олар өздері ғана біледі. Ал егер әскери соттың істері азаматтық соттың қарауына берілетін болса, онда әскери ішкі жарғылар ескерілмей, іс бір жақты шешіліп кетуі мүмкін. Сондықтан сарбаздарға қатысты істі әскери сот өзі қарауы тиіс, - дейді.