Аталған ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, үйдің құрылысы 2010 жылы басталып, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға шекарашыларға арналып тұрғызылған. Жаңа үйде жайлы тұруға қажетті барлық жағдай жасалған. Қоршаулы аумағы, балалар алаңы, гүлзары бар.
Жаңа пәтерге ие болғандарды құттықтау салтанатты шарасына ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін атқарушы, полковник Тұрғанбек Стамбеков қатысты.
Шекара ведомствосының басшысы өз сөзінде ел басшылығының әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отырғандығын баса айты. Оған бүгінгі шара жарқын дәлел. «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Шекара қызметінің басшылығы әскери қызметшілерді, оның ішінде Шекара қызметінің ардагерлерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бар күш-жігерлерін жұмсайтын болады», _ деді ол.
2011 жылы шекарашыларға Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларында 60 пәтерлік үш жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал Алматы қаласында Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен ардагерлері 120 пәтерге ие болған еді.
Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Талдықорған мен Павлодар қалаларында 75 пәтерлік екі үй тұрғызылуда. Оларды ағымдағы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған.