***
Қазақстан Републикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына сапары айрықша табысты болып, екі елдің барлық саладағы байланыстарында жаңа кезеңді бастап берді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Таңғы шық елінде» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. Басылымның жазуынша, кеше түстен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Корея Президентінің «Чонгвадэ» резиденциясында ел басшысы Ли Мён Бакпен аз адамдық аяда кездесті. Келіссөздер кезінде екіжақты қарым-қатынастардың құқықтық негізі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына 1995 жылғы мамыр айындағы мемлекеттік сапары барысында қол қойылған Өзара қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы декларация болғаны разылықпен атап өтілді. Келіссөздер барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелерінің кең көлемді ауқымы талқыланып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті бекіте түсуге бағытталған шаралар анықталды.
«Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының дамуы жедел қарқын алып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда корейлік капиталдың қатысуымен 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 3,4 миллиард долларды құрайды», деп нақтылай түседі басылым.
Мемлекет басшысының Корея Республикасындағы ресми сапары жайында егжей-тегжейлі жазылған мақалалар топтамасын «Казахстанская правда», «Литер», «Экспресс-К», «Айқын» газеттерінен де оқи аласыздар.
«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметін сілтеме жасап хабарлауынша, кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Қазақстан Республикасының ұлттық биотехнологиялар орталығы» РМК-де болды. Онда Премьер-Министр микроорганизмдердің республикалық коллекциясын қарап, биотехнологиялар және өсімдіктер селекциясы, иммунохимия және иммунобиотехнология зертханаларының, сондай-ақ ұлттық тиотехологиялар орталығы ұжымының соңғы бес жылдағы негізгі ғылыми жетістіктері қойылған Ұжымдық пайдаланымдағы биотехнологиялардың ұлттық ғылыми зертханасының жұмысымен танысты.
Осы жайтқа тоқталған «Казахстанская правда» газеті Үкімет басшысының «Ең басты мәселе - нәтиже. Нәтижені тұтынушының түпкі мүддесімен байланыстыратын болыңдар. Бұл жерде инновациялар да, жаңа технологиялар да, қазақстандық қамту да, ғылымды дамыту да, бәрі де бір арнада тоғысады. Енді алға қарай қозғалу қажет» деген сөзін берген.
«Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев елімізге арнайы сапармен келген Британия үкіметінің халықаралық сауда және инвестиция жөніндегі арнайы өкілі Йорк герцогы ханзада Эндрю Альберт Кристиан Эдвард Виндзорскиймен кездесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мәртебелі мейман осы жүздесу алдында биыл алғашқы талапкерлерді қабылдайтын Астананың жаңа университетінде болып, оқу орнының дайындығын, заман талабына қарай жабдықталып жатқан кабинеттерді аралап көріп, бұл университеттің әлемдегі таңдаулы жоғары оқу орындары санатында болатынына сенім білдірген. Ал кездесу барысында министр Йорк герцогына еліміздің білім беру жүйесіндегі іргелі өзгерістері мен қол жеткен жетістіктері туралы айта келіп, мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша мән беруінің арқасында жүзеге асып жатқанын жеткізген.
***
«Соңғы кезде кейбір интернет-сайттар «Страсбургтегі халықаралық сот БТА банк қаржысын ұрлауға қатысты қылмыстық іс бойынша өтетін Мұхтар Әблязовті және осы іске қатысты тағы алты адамды Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарудан бас тартты» деген ақпарат таратты. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды», деп жазады «Айқын» газеті. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Страсбургтегі адам құқықтары бойынша Еуропалық сотта М.Әбілязовті экстрадициялауға қатысты ешқандай іс қаралмаған.
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков. Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық, мәдени қарым-қатынастар, Кедендік одақ мәселелері және тағы да басқа жайттарға орай қойылған сауалдарға тұщымды жауап берген Елші сұхбаты «Қазақстан мен Ресей әріптестіктің де, одақтастықтың да жарқын үлгісін көрсетіп отыр» деген тақырыппен берілген.
«Шөкеев шекараны шегелеп қайтты». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің жұма күнгі нөмірінде жарық көрген мақалада Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің Шымкентте «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалының ғимаратында Кеден одағының ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсіндіру мәселелері төңірегінде аймақтық, топтық мәжілістер өткізгендігі, сондай-ақ оңтүстік шекараны аралап, оны нығайту жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын көріп қайтқан. Басылымның жазуынша, еліміздің оңтүстік шекарасы 3,5 мың шақырымға созылып жатыр. Оның 1 мың шақырымы тегіс учаскелермен, 800 шақырымы таулы жерлермен, ал қалғаны бетпақ дала, жартылай шөлейт аймақтар арқылы өтеді екен. Қысқа уақыттың ішінде осы аралықта жұмыс істеп тұрғандарға қосымша 25 шекара заставасы салынбақ.
***
«Алаш айнасы» газетінің бірінші бетіндегі «Аспалы көпір тағдыры аспанда ілулі тұр» деген тақырыппен берілген мақалаға ТМД-да теңдесі жоқ, бірақ Семейде бар аспалы көпірдің бүгіндері тозып бара жатқанын, оны жөндейтін мекеме мен мамандардың жоқтығы жайындағы жан ауыртарлық мәселесімен таныса аласыздар. Материалда тоғыз жолдың торабында, Еуропа мен Азияны жалғастырып тұрған көпірге стратегиялық нысан мәртебесін беру, оған републикалық бюджеттен қаржы бөлу, «Жол картасы» бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс айтылады.
Осы басылымда жарық көрген «Қазақ тілінің қаржысы қалтаға кетіп жатыр» деген мақалада Тараз қаласының тілшісі Гүлжан Көшерова таяуда Тараз қаласында ашылған мемлекеттік тілді тегін оқытатын орталық басшылығындағылардың арсыз әрекетіне, мемлекеттен бөлінген ақшаны талан-таражға салған қылмыстық ісі жайына егжей-тегжейлі тоқталған.
«Алаш айнасы» газетінің дәстрлі «Ой-көкпар» айдары «Қытайдағы қандастарымызды ассимиляциядан арашалау үшін көші-қонның арнайы жедел бағдарламасын жасау керек пе?» деген тақырыпқа арналған. Осы мәселені Парламент қабырғасында көтерген депутат Құрманғали Уәлиге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев қарсы уәж айтады. Оның пікірінше, қазақшылық жойылып бара жатыр деп байбалам салу жалған эмоция. Бұл арада мәселе жаңа бағдарлама ашуға емес, кейбір мекемелер мен шенеуніктердің құлықсыздығына келіп тірелуде. Өйткені қалыптасқан дәстүр бойынша, әр мемлекет өзінің қандастарын шақырту үшін өз өкілдерін жіберіп, көші-қон мәселесін сырттан ұйымдастырады. Ал біздің шенеуніктер сырттан ұйымдастыруды былай қойғанда, виза бергісі келмейді.