Астананы әлемге таныстырған күн: кеңістік, қарқын және келешек

АСТАНА. KAZINFORM - Әлем елдеріне Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасын таныстырғанымызға бүгін тура 28 жыл толды. 1998 жылы 10 маусымда ресми түрде Астана қаласының халықаралық тұсаукесерін өткізген едік. Одан бері қала адам танымастай өзгерді. Бүгінде ол еліміздің әкімшілік орталығы ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының, саяси тұрақтылығы мен стратегиялық болашағының символына айналды.

Фото: Kazinform / ЖИ

Сарыарқаның сайын даласында аз уақыт ішінде бой көтерген шаһар қазір Еуразия кеңістігіндегі ең жас әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі ретінде бағаланып отыр. Әлемдік урбанистика тәжірибесінде қысқа мерзім ішінде мұндай ауқымды серпіліс жасаған қалалар көп емес. Сондықтан халықаралық сарапшылар Астананы тәуелсіз Қазақстанның ең сәтті стратегиялық жобаларының қатарына қосады.

Елордаға алғаш келген адам ең әуелі қаланың кеңдігі мен тынысын сезінеді. Басқа мегаполистердегідей бір-біріне жабыса орналасқан ғимараттар мен тар көшелер мұнда сирек кездеседі. Қаланы жоспарлау кезінде болашақтағы халық санының өсуі, көлік ағыны, инфрақұрылымдық жүктеме мен урбанистикалық даму алдын ала ескерілгені байқалады. Соның нәтижесінде Астана кең көше, ашық кеңістік, жасыл аймақ пен заманауи сәулет үйлесім тапқан қалаға айналды.

Фото: Kazinform

Әлем елдерінің астананы көшіру тәжірибесі

Әлем тарихында көптеген мемлекеттер саяси, экономикалық және геостратегиялық себептерге байланысты астаналарын ауыстырған: Бразилия Рио-де-Жанейродан Бразилиаға, Үндістан Калькуттадан Нью-Делиге, Ресей Петроградтан (Санкт-Петербург) Мәскеуге, Пәкістан Карачиден Исламабадқа, Нигерия Лагостан Абуджаға көшірді. Ал Индонезия қазіргі таңда жаңа Нусантара қаласын дамытып жатыр, олар да астанасын Жакартадан көшірмек.

Осы халықаралық тәжірибелермен салыстырғанда, Қазақстан астананы көшіру жобасын сәтті жүзеге асырған мемлекеттердің бірі саналады. 1994 жылы қабылданған шешім негізінде ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшіріліп, 1997 жылы жаңа астана ретінде ресми бекітілді. Кейін қала Астана атауын алды.

Көптеген елдерде астананы көшіру ондаған жылдарға созылып, түрлі саяси немесе инфрақұрылымдық қиындықтар туғызса, Қазақстанда негізгі мемлекеттік институттарды көшіру салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде жүзеге асты. Бүгінде Астана халықаралық форумдар өтетін, заманауи инфрақұрылымы қалыптасқан ірі мегаполиске айналды.

Жоспарлы урбанизация және «ақылды қала» моделі

Сарапшылар Астананың басты ерекшелігі ретінде оның жоспарлы түрде салынғанын атап өтеді. Көптеген әлемдік мегаполистер тарихи жағдайда ретсіз кеңейсе, Қазақстанның елордасы ұзақмерзімді даму стратегиясы негізінде қалыптасты.

Қатал климат жағдайына қарамастан, қалада өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берілді. Соңғы жылдары жаяу жүргіншілер жолақтарын көбейту, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, жасыл белдеуді кеңейту және экологиялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар күшейді. Мамандар мұны заманауи урбанистиканың негізгі талаптарының бірі деп есептейді.

Фото: Ғабит Матаевтың жеке мұрағатынан

Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаевтың айтуынша, Астана бүгінде әкімшілік-саяси орталық қана емес, көпфункциялы іскерлік және инновациялық орталыққа айналу жолында.

- Әлемдік тәжірибеде астаналар тек әкімшілік қана емес, экономикалық функцияларды да атқарады: олар мемлекеттік басқаруды, іскерлік инфрақұрылымды, қаржы институттарын, университеттерді, зерттеу орталықтарын және жоғары білікті кадрларды шоғырландырады. Осы тұрғыдан алғанда, Астананың әкімшілік астана моделінен көпфункциялы іскерлік және инновациялық орталық моделіне көшуге әлеуеті зор, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар Астана Қазақстанның цифрлық даму бағытындағы басты орталықтарының біріне айналып келеді. Елордада мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіріліп, басқару жүйесінің тиімділігі артып отыр. Қалада Smart City жобалары қарқынды енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, қоғамдық көлік қозғалысын цифрлық бақылау, бейнебақылау жүйелері, ақылды бағдаршамдар, электронды төлем жүйелері мен интеллектуалды басқару тетіктері іске қосылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып жатыр.

Ғабит Матаевтың пікірінше, елорда жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді сынақтан өткізетін алаң ретінде де маңызға ие. Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі бүгінде жас мамандар мен инновациялық жобалардың негізгі орталықтарының біріне айналды.

Фото: Kazinform

Экономикалық серпін және инвестициялық тартымдылық

Астана соңғы жылдары Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Құрылыс, көлік-логистика, қаржы, сауда, қызмет көрсету және IT салалары елорда экономикасының негізгі драйверлері ретінде қалыптасты. Мұны қаланың тиімді географиялық орналасуымен, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен және жаңа экономикаға бейімделу қабілетімен байланыстыруға болады.

Ғабит Матаевтың айтуынша, соңғы онжылдықтарда Астана ұлттық маңызы бар дербес экономикалық полюс ретінде қалыптасты. Елорданың дамуы басқарушылық функциялардың, адами капиталдың, іскерлік белсенділіктің, инфрақұрылымдық инвестициялардың, қаржылық және кәсіби қызметтердің шоғырлануына негізделген.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Астананың жалпы өңірлік өнімі 18,9 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11,6 пайызға өсті. Елорданың ел экономикасындағы үлесі 11,9 пайызды құрап, оны Қазақстандағы қосылған құн қалыптастыратын жетекші өңірлердің қатарына шығарды. Қала экономикасының құрылымында сауда, жылжымайтын мүлік операциялары, құрылыс, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет көрсету салалары басым орын алады.

Сарапшының пікірінше, Астананың экономикалық әлеуетін күшейтетін негізгі бағыттардың бірі – қаржылық және кәсіби қызметтер секторын дамыту.

- Астана экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – іскерлік, қаржылық және кәсіби қызметтерді күшейту, консалтинг, инжиниринг, жобалық басқару, заңгерлік, аудиторлық, қаржылық және цифрлық сервистерді дамыту, – дейді Ғабит Матаев.

Оның айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлі артып, қаржы институттары, инвестициялық қорлар, финтех-компаниялар мен экспортқа бағытталған сервистік бизнестің жаңа экожүйесі қалыптасып келеді.

Шағын және орта бизнес те елорданың экономикалық белсенділігін арттырып отыр. Бүгінде ШОБ үлесі қала экономикасының 70 пайызынан асады. Бұл қызмет көрсету саласының кеңеюіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерлік белсенділіктің күшеюіне ықпал етуде.

- Астананың бәсекелік артықшылығы – астана мәртебесінің, жоғары инвестициялық белсенділіктің, жас халықтың, өсіп келе жатқан нарықтың, дамыған іскерлік инфрақұрылымның және жаңа қалалық шешімдердің ұлттық зертханасына айналу мүмкіндігінің үйлесуінде, – деп атап өтті Ғабит Матаев.

Оның пікірінше, қаланың одан әрі дамуы өнімділікке, технологияларға, адами капиталға және тұрақты қалалық инфрақұрылымға негізделген сапалы даму моделіне көшуімен байланысты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде елордада барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім байқалады. Биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға артқан. Инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда және логистика салаларына бағытталған.

Қалада әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым да қатар дамып жатыр. Соңғы жылдары 44 мектеп салынса, жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру мекемесін ашу жоспарланған. Сонымен қатар екі оқушылар сарайы мен алты балабақша пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау саласында екі перинаталдық орталықтың, көпбейінді аурухана мен диагностикалық кешеннің құрылысы жалғасып жатыр.

2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген.

Фото: Ақорда

LRT және мегаполистік мәдениеттің қалыптасуы

Astana LRT жобасы елорданың көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі саналады. Жеңіл рельсті көлік жүйесі Астананың заманауи мегаполис ретіндегі келбетін айқындап, урбанистикалық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Халық санының тұрақты өсуіне байланысты қаладағы көлік қозғалысының жүктемесі де артып келеді. Осындай жағдайда LRT жүйесінің іске қосылуы жол кептелісін азайтып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе, әуежай, теміржол вокзалы және әкімшілік орталықтарды байланыстыруы қала логистикасының тиімділігін арттырмақ.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жобаның халық арасында үлкен сұранысқа ие болғанын атап өтті.

Оның сөзінше, LRT ашылған сәттен бастап екі апта ішінде жолаушылар ағыны 1 млн адамға жетті. Күн сайын жолаушылар саны шамамен 65-75 мың адамды құрайды.

Фото: Дияр Бексұлтанов

— Бұл көрсеткіш қалалық рельсті көліктің жаңа түрі елорда тұрғындары мен қонақтары арасында сұранысқа ие екенін көрсетеді. LRT-ны белсенді пайдаланып, жаңа көлік жүйесіне сенім артқаны әрі инфрақұрылымға жауапкершілікпен қарағаны үшін жолаушыларға алғысымды білдіремін, — деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар оның айтуынша, жоба іске қосылғаннан кейін Қабанбай батыр даңғылындағы көлік ағыны бірнеше күн ішінде 12 пайызға дейін азайған. Бұл жаңа көлік жүйесінің тиімділігін көрсететін нақты нәтижелердің бірі ретінде бағаланып отыр.

Мамандар LRT-нің басты артықшылықтарының бірі — оның экологиялық тиімділігі екенін айтады. Электр қуатымен жүретін пойыздар ауаға зиянды қалдық шығармайды. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жасыл технологияларды дамытуға жол ашады. Дубай, Сингапур, Сеул және Лондон секілді ірі мегаполистерде мұндай рельсті жүйелер урбанистиканың ажырамас бөлігіне айналған.

Алдағы уақытта LRT желісін Қосшы бағытына дейін ұзарту, сондай-ақ Сығанақ, Айтматов көшелері мен ескі вокзалға дейін жалғастыру жоспарланған. Үш кезең толық жүзеге асқанда жүйенің жалпы ұзындығы 100 шақырымға жетпек.

Әлем астаналарымен үндескен Астананың бірегей келбеті

Астана бүгінде әлемнің түрлі мегаполистерінің үздік тәжірибелерін бойына сіңірген заманауи қала ретінде қалыптасып келеді. Қаланың даму логикасынан Дубайға тән қарқынды құрылыс үрдісін байқауға болады: шөлді өңірде бой көтерген Дубай секілді, Астана да қатал климат жағдайында қысқа уақыт ішінде ірі инфрақұрылымдық серпіліс жасай алған қала ретінде ерекшеленеді. Бұл инженерлік шешімдер мен қала құрылысының жоғары деңгейін талап еткен ауқымды урбанистикалық жоба болды.

Сонымен қатар Астана Сингапур үлгісіндегі жүйелі жоспарлау қағидаттарына сүйеніп дамып келеді. Мұнда жаңа тұрғын аудандар тек тұрғын үйлермен ғана емес, сонымен қатар мектептермен, жолдармен, әлеуметтік нысандармен және қоғамдық кеңістіктермен бірге кешенді түрде салынады. Бұл қала дамуының теңгерімді әрі ұзақмерзімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Технологиялық тұрғыдан алғанда, Астана Токиоға тән цифрлық серпін мен инновациялық бағытты меңгеріп келеді. Қалада «ақылды қала» шешімдері, электронды мемлекеттік қызметтер, цифрлық басқару жүйелері, интеллектуалды бақылау және деректерге негізделген шешім қабылдау тетіктері кеңінен енгізіліп жатыр. Бұл урбанистиканы басқарудың жаңа деңгейіне шығарып отыр.

Ал мәдени-рухани даму тұрғысынан Астана Париж секілді ірі мәдени орталықтардың үлгісін қалыптастыруға ұмтылуда. Қалада театрлар, халықаралық форумдар, көрмелер мен мәдени фестивальдер саны артып келеді. Соның ішінде Астана Опера театры елорданың мәдени келбетінің маңызды символына айналып, өнер мен мәдениеттің орталығы ретінде танылып отыр.

Осылайша, Астана әртүрлі әлемдік мегаполистердің озық тәжірибесін үйлестіре отырып, бірегей даму моделін қалыптастырған қала ретінде ерекшеленеді.

Фото: Есбол Жапанұлының жеке мұрағатынан

Дубайда 20 жылға жуық тұрған кәсіпкер Есбол Жапанұлы екі қаланың дамуын салыстыра отырып, Астананың өзіндік ерекшелігіне назар аударады.

— Мен жұмыс бабымен Дубайда ұзақ жыл тұрдым. Астанаға да жиі келіп, екі қаланың қалыптасуы мен қарқынды дамуына қатар куә болдым. Дубай аптап ыстық пен құмды даланы игеріп, әлем назарын аударған жасыл мегаполиске айналса, Астана қақаған аяз бен боранды еңсеріп, қысқа уақыт ішінде сәулеті келіскен, инфрақұрылымы дамыған заманауи шаһар қалыптастырды, — дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, Астананың басты артықшылықтарының бірі — оның Еуразияның дәл жүрегінде орналасуы.

— Дубай өзінің алып ғимараттары мен технологиялық мүмкіндіктерімен танылса, Астананың ешбір елордаға ұқсамайтын дара болмысы бар. Ең алдымен, оның Еуразияның дәл жүрегінде орналасуы — стратегиялық әрі геосаяси тұрғыдан үлкен артықшылық. Қала кең аумақта жоспарлы түрде салынып жатқандықтан, оның болашақтағы даму мүмкіндігі өте жоғары. Бұл — тек бүгіннің емес, бірнеше онжылдықтың сұранысын ескеріп салынған қала, — дейді Есбол Жапанұлы.

Кәсіпкердің пікірінше, елорданың тағы бір ерекшелігі — адамның өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыра алғанында.

— Астанада ерекше бір еркіндік пен тыныс кеңдігі сезіледі. Қала адамды шаршатпайды. Мұнда болашаққа деген сенім бар. Әсіресе соңғы жылдары мәдени, іскерлік және туристік орталық ретінде қарқынды дамып келе жатқаны анық байқалады. Сондықтан Астананың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ деп ойлаймын, — дейді ол.

Фото: Kazinform

Астана – білім мен ғылымның жаңа орталығы

Соңғы жылдары Астана Қазақстанның саяси және экономикалық орталығы ғана емес, білім мен ғылымның маңызды хабына да айналып келеді. Елордада халықаралық стандарттарға сай жоғары оқу орындары дамып, цифрлық технологиялар, инженерия, медицина, мемлекеттік басқару және ғылыми зерттеулер бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сарапшылардың пікірінше, Астананың білім беру және ғылыми әлеуеті елдің адами капиталын дамытуда стратегиялық рөл атқарып отыр.

Бүгінде қалада отандық және халықаралық деңгейде танылған жоғары оқу орындары шоғырланған. Олар тек білікті маман даярлап қана қоймай, ғылыми зерттеулер жүргізуге, инновациялық жобаларды іске асыруға және технологиялық шешімдерді дамытуға белсенді үлес қосуда. Бұл үрдіс Астананың Орталық Азиядағы жетекші зияткерлік және академиялық орталықтардың біріне айналуына негіз қалайды.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Астанада алты шетелдік жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында Ресейдің М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, Қытайдың Beijing Language and Culture University филиалы, Ұлыбританияның Coventry University және Cardiff University жобалары, сондай-ақ Тяньцзинь кәсіптік институты бар.

Бұл бастамалар қазақстандық жастарға шетелге шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміздің жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.

Министрліктің Kazinform агенттігінің сауалына берген мәліметіне сәйкес, 2025–2026 оқу жылында Астана қаласының жоғары оқу орындарында шамамен 4300 шетелдік студент білім алуда. Бұл көрсеткіш елорданың халықаралық білім беру кеңістігіндегі тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Астананы тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның жетекші білім, ғылым және инновация орталығына айналдыру үшін атқарылар жұмыс әлі де көп. Осыған байланысты халықаралық университеттер санын көбейту, шетелдік студенттерді тарту, ғылыми зерттеу инфрақұрылымын дамыту және әлемдік деңгейдегі зерттеу орталықтарын қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың нәтижелері ерекше маңызға ие.

Бейбітшілік пен жаһандық диалог алаңы

Астананың халықаралық деңгейдегі басты ерекшеліктерінің бірі — оның бейбітшілік пен келісім алаңы ретіндегі рөлі. Елордада бірнеше мәрте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті. Бұл форум түрлі конфессия өкілдерін бір алаңға жинаған маңызды халықаралық бастамалардың бірі ретінде бағаланады.

Коллаж: Kazinform/ Canva/ religions-congress.org

Сонымен қатар Астана халықаралық саяси және экономикалық форумдардың тұрақты орталығына айналды. Мұнда жаһандық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі және экология мәселелеріне арналған саммиттер мен конференциялар өткізіледі. Сарапшылар Астананың халықаралық келіссөздер алаңы ретінде қалыптасуын Қазақстанның бейтарап әрі ашық дипломатиялық ұстанымымен байланыстырады.

Болашақтың қаласы

Мамандардың пайымынша, алдағы жылдары Астана толық цифрланған, экологиялық тұрақты, жоғары технологиялы және халықаралық диалог орталығы ретіндегі дамуын жалғастыра береді.

Фото: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Бүгінде елорда тек Қазақстанның саяси орталығы ғана емес, урбанистика, инновация, экономика және бейбітшілік идеясын тоғыстырған халықаралық мегаполиске айналып келеді. Сарапшылар Астананың тәжірибесін XXI ғасырдағы жаңа үлгідегі қалалардың даму модельдерінің бірі ретінде бағалайды.

Астананың ең үлкен жетістігі — тек зәулім ғимараттары мен заманауи инфрақұрылымында емес. Оның басты құндылығы — адамдарға болашаққа деген сенім мен үлкен мүмкіндік сезімін сыйлай алуында.