Astana Art Fest фестивалі: Жұртшылықты қызықтырған туындылар

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana Art Fest» xалықаралық өнер фестивалінің ұйымдастырушылары биылғы жобалармен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Атап айтқанда, қала күні аясында 6-8 шілде аралығында бұл мәдени шара мазмұнды бағдарламамен ерекшеленбек.

Фестивальдің бас кураторы, «Треугольник» кураторлық шеберханасының қатысушысы (Мәскеу) Яна Малиновскаяның айтуынша, ағымдағы жылы ашық байқау өткізіліп, қатысушылар саны екі есеге артты. Туындылар негізінен көшпелі мәдениеттің құндылықтарын назарға алып жасалды.

«Ашық байқауға 168 өтінім тіркеліп, оның ішінде 10 елден 70-ке тарта қатысушы шақыртылды. Елордадағы «Нұржол» желекжолында көпшіліктің назарына ұсынылған әрбір туында ерекше әрі қызықты деп айта аламын. Осындағы суретшілер мен мүсіншілер экология мен әлеуметтік тақырыптарға мән берді. Биыл фестивальге қатысатын елдердің саны артты. Осы орайда бүгін француздық және жопондық өнерпаздардың туындылары көпшіліктің қызығушылығын тудырып жатыр»,-деді Малиновская.

 

Бұдан бөлек, ол жақында елорда тұрғындарының наразылығын тудырған әлемге танымал испандық «Люцентераптус» арт-тобының жұмысына түсінік білдірді. Естеріңізге сала кетейік, «Astana ArtFest» заманауи өнер фестивалінің командасы әлемге танымал «Люцентераптус» арт-тобымен бірлесіп, ерекше өнер инсталляциясын жасаған болатын. Атап айтқанда, субұрқақтардың бірін бос пластик бөтелкелермен толтырған еді. Бірақ, авторлардың бұл ойын елорда тұрғындары түсінбеді.



«Бұл арт-топ пластикпен жұмыс істеуде. Олар «Нұржол» желекжолындағы субұрқақтардың бірін бос пластик бөтелкелермен толтырды. Күндіз бұл бөтелкелер көрінісінен айтарлықтай әсер болмаса да, түнде басқаша көрініс байқалады. Арт-топ өз идеясында экологиялық мәселелерге мән беруде. Бүгінде мұхиттар осы пластикалық бөтелкелермен ластанып жатқаны белгілі, осындай қоқыстар тұтас құрлыққа айналып жатыр. Саяхатшылар тау болып үйіліп жатқан пластикалық бөтелкелерге тап болуда»,-деді бас куратор.

Бүгін елорда тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырған туындылардың бірі жапондық сәулетші Шин Шокитаға тиесілі. «Осындағы көшпелі мәдениеттің құндылықтарын ескере отырып, киіз үй түрінде автобус аялдамасын құрастырдым. Дегенмен киіз үй ағаштан жасалатыны белгілі, алайда қазіргі заманғы талаптарды назарға алып, туындыны темірден құрастырдым»,-дейді Шокита.

 

Ал Арыстанбек Шалбаевтың конструкциясы «Сандық» деп аталады. Автор бұл туындыда сандық көшпелілер үшін маңызды заттардың бірі болғанын, алайда «заманауи «көшпелілер» үшін қандай зат бағалы?» деген сауалды қойып отыр.

Мұнымен қоса, Гүлмира Тәтібаеваның «Great халат» туындысында өзіндік ерекшелік бар. Инсталляция металл қаңқадан және әйелдердің ескі халаттары мен шапандарынан, бас орамалдарынан құрастырылған. «Суретшінің идеясында бұрындары киіз үйлер өзіндік мәдени орталық болғанын негізге алған. Көшпелі өмірде әйелдер құндылықтарды сақтаушы рөлін атқарды. Автор қазіргі заманғы нәзік жандыларда осындай мақсат-міндеттер жоқ екенін, әйелдердің мәселелерін бүгінде сауда корпорациялары шешіп жатқанын меңзейді»,-деп түсіндірді ұйымдастырушылар.



 

Тағы ерекше инсталляцияның бірі француздық Ламин М есімді өнерпаз жасады. Оның идеясы «Шекарасыз көші-қон» деп аталады. Ескі терезелер мен есіктерден құрастырылған лашық үй заңсыз көші-қон мәселесін көтеріп отыр. Жобаның негізінде адамдардың немқұрайлылығы, бекіністер жасауға құмартуы секілді тақырыптар қозғалған.

«Әлемдегі мәжбүрлі көші-қон процесін ескере отырып, «адамдар бір-бірінің алдында осылай есікті жапқаны дұрыс па?» деген сауалға екпін қойдым. Осы орайда адамгершілік құндылықтарды үнемі назарда ұстағанымыз абзал»,-дейді Ламин М.

 

 

«Astana Art Fest» xалықаралық өнер фестивалі аясында алып киіз үй салынды. Алып киіз үйдің іргесі құрылыс материалдарын көтеруге арналған ағаш конструкциялардан (поддон) қалануда. Әдетте ондай конструкция құрылыста пайдаланылады, оған кірпіштер тиеліп, жоғары қабаттарға жеткізіледі. Ал «Astana Art Fest» фестивалінің қатысушылары құрылыс саласының осы бір материалын кәдеге жаратып, проекциялық кинотеатрды құрастырып шығуға бел буған. Жоспар бойынша, алып киіз үйдің төбесі жабылғаннан кейін төбеге үлкен проекциялық экран орнатылады. Ал павильонның ішіне кірген адамдар жерге жатып, фильм көре алады.