Астана әуежайында жаңа терминал ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайын қалпына келтіргеннен кейін жаңа терминал ашылады, деп хабарлайдв елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде Астана әуежайы сағатына 750 жуық адамды қабылдай алады. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында жолаушылар ағыны 2,2 миллион адамды құрады. Қазіргі кезде елордамызға осыншама адам келіп жатса, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде түрлі мемлекеттерден және Қазақстанның аймақтарынан келетін қонақтар саны еселей түспек.

Осыған орай Астана әуежайының өткізу қабілеттілігін арттыру және сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін «Жолаушылар терминалын қалпына келтіру» жобасы жүзеге асырылады.

Ұйымның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа жолаушылар терминалы жалпы ауданы 40 мың шаршы метрлік жерде орналасады. Қалпына келтіру жобасы аясында энергетикалық шаруашылық, байланыс және сыртқы желілер нысандарын салу, әуежайдың жарық белгі беруші қондырғылары мен метеотрассаларды жаңарту, сонымен қатар, ұшып-қону алаңы мен перронды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.