1994 жылдың 6 шілдесінде Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы алғаш идеяны Парламент депутаттарының алдында айтты. Астананы солтүстікке қарай мың шақырымнан да қашықтықта жатқан Сарыарқаның сайын даласына көшіру туралы батыл шешім осы кезде қабылданды.
1996 жылы Президент жарлығымен Ақмолада еркін экономикалық аймақ құрылды. Еркін экономикалық аймақ қала құрылысының қарқынды жүруі үшін қаржы тартуда және сол жағалауды игеруде қуатты катализатор болды. Табысты жұмыс нәтижесінде аймақ жұмысынан түскен табыстың 60 пайызын алып отырды.
1997 жылдың 20 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау» туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 8 қарашада елордаға еліміздің көк туы, елтаңбасы және Президент байрағы жеткізілді.
Елорда тарихында 1998 жыл ел астанасы атауының өзгеруімен есте қалды. Қалай болғанда да жаңа ат ұсынуға келгенде небір ұсыныстар айтылғаны белгілі. Соңғы шешімді Елбасының өзі қабылдады. Ал 10 маусым күні жаңа астананың халықаралық тұсаукесері дүркірете тойланды. Бұл күні Қазақстан бүкіл әлемге өзінің жаңа, жас, жасампаз елордасы Астананы таныстырды.
Елорда ең алғаш 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атаққа ие болып, арнайы медальмен марапатталды. Бұл абырой әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда тұрақтылыққа қол жеткізген, ұлтаралық татулықты сақтаған, әлем мәдениетіне елеулі үлес қосқан жас қалаларға беріледі.
Көп ұзамай Астана айтулы оқиғалардың үлкен алаңына айналды. Мәселен, 2001 жылы Астанаға Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі бүкіл әлем үшін жаңалықтың жаршысы болды. Өйткені бұл Рим католик шіркеуі басшысының Орталық Азияға алғаш рет табан тіреуі еді. 2002 жылдың 30 тамызында бас қаланың бойтұмары «Астана-Бәйтеректің» тұсауы кесілді.
2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Дүниежүзінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен мәртебелі меймандар келді. 2004 жылдың желтоқсанында жаңа резиденция - Ақорда ресми түрде ашылды. 2006 жылы бірегей ғимарат Бейбітшілік және келісім сарайы пайдалануға берілді. 2008 жылдан бастап 6 шілде мемлекеттік мереке болып жарияланды. Бұл күні барша қазақстандықтар Астана күнін тойлайды.
2009 жылы Астанада республика бойынша тұңғыш зияткерлік мектеп ашылды. Физика-математика бағытында тереңдетіп оқытатын мектепте еліміздің барлық аймағынан келген дарынды балалар қабылданады. Осы жылы Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі монументі» бой көтерді. Ал 2010 жылы арадағы он жылдық үзілісті жалғаған ЕҚЫҰ-ға мүше 38 елдің мемлекет және үкімет басшыларын, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басын қосқан Астана саммиті өтті.
2011-2017 жылдар аралығында Астананың жеткен жетістіктері көз қуантады. Әлемнің 27 елінен келген мыңнан аса спортшы қатысқан Азияда ойындарының ашылу салтанаты, 2011 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының бой көтеруі, 2012 жылы Орталық Азиядағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің ел игілігіне берілуі, 2013 жылы «Астана Опера» тетарының тұсаукесері, 2014 жылы Ұлттық мұражайдың ашылуы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлауы, 2016 жылдың 4 шілдесіне миллионыншы тұрғынның дүниеге келуін қалай айтсақ та жарасады. Енді бүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұлы дала төрінде таныстырып, 114 ел мен 14 халықаралық ұйымның басын қосқанымыз елдігіміздің асқақ та мәртебелі белгісі екендігі даусыз.