Айта кетейік, еліміз туристердің ешбір кедергісіз көрмеге келуі үшін 45 мемлекетпен визасыз режим жүйесін іске қосқан болатын. Олардың қатарында ЕО елдерімен бірге АҚШ, Канада және Австралия бар.
Рейтинг басында Қытайдың орталық бөлігінің солтүстігінде орналасқан Ганьсу провинциясы тұрса, екінші орынды екі Жапон қаласы бөлісіпті. Олар - ірі портты қала Иокогама және елдегі ең көне қалалардың бірі Камакура. Туристер үшін ең жылы орын Үндістанның Керала штатындағы күнгейлі жағажайлар үшінші орында тұрса, төртінші орынға талғампаздардың сүйікті мекеніне айналған Сингапурдың Кеонг Саик Роуд кварталы орналасыпты. Lonely Planet ұсынған Азияның ең керемет жерлерінің ондығына Такаяма (Жапония), Сиань (Қытай), Канди (Шри-Ланка), Малакка (Малайзия) және Раджа-Ампат (Индонезия) енген.
Ең қуаныштысы, туристер 2017 жылы баруы тиіс Азияның ең көрнекті жерлерінің алғашқы осы ондығының қатарында бесінші болып Астана тұр. Басылым сарапшылары елордамызды «Шексіз жазық даланың жүрегінде орналасқан әйнек пен болаттан жасалған сағым» дей келе, «Астана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың футуристік қиялының бір бөлшегі, оның көк тіреген зәулім үйлері, үлкен алаңдары және бұлыңғыр әйнекті пирамидасы бар» деп жазған.
Сонымен қатар, Елорда туристер арасында ТМД елдерінде көш бастап тұр екен.
ТМД елдерінің ТОП-қалаларына сондай-ақ, Әзірбайжан, Беларусь, Армения және Өзбекстан елдерінің астаналары енді. Астана, Баку, Минск, Ереван, Ташкент, Алматы, Кишинев, Бішкек, Киев және Ашхабад 2017 жылдың жазында туристер арасында сұранысқа ие қалалардың ондығына кіріп отыр.
Бұл ретте, «ТурСтат» агенттігінің мәліметінше, Астана, сондай-ақ, туристер үшін ең қымбат қала болып табылады. Мұнда туристер орташа алғанда үш-бес күнге келеді. Қонақүйге бір тәулігіне 80 доллар төлейді. Минскіде оның бағасы - 60 доллар, Бакуде - 75 доллар, Ереванда - 65 доллар, Ташкентте - 45 доллар, Алматыда - 70 доллар, Кишиневте - 35 доллар, Бішкекте - 32 доллар, Киевте - 50 доллар, ал Ашхабадта - 30 доллар тұрады.
Яғни, туристер үшін ТМД-ның ең арзан қалалары - Ашхабат пен Бішкек болса, ең қымбаттары - Астана мен Баку.
Атап өткен жөн, бүгінде британдық танымал Телеграф (The Telegraph) басылымында Астана қаласы туралы мақала жарық көрген. Онда елордамыз алдағы уақытта туристер үшін ең тартымды шаһар бола алады деп жазылған.
Осы жылдың маусым айының соңындағы мәлімет бойынша, EXPO-2017 көрмесінде 400 мыңдай қонақ келсе, Астана әуежайына 140 мың шетелдік қонақ келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
«EXPO-2017» АҚ-ның басшысы Ахметжан Есімовтің айтуынша, халықаралық көрмеге көптеген елдер қызығушылық білдірген және оған қатысуға әлемнің 55 елінің азаматтары билет алған. Есімовтың сөзінше, 46 елдің азаматтары көрмеде ерікті болып жүр. "Халықаралық танымдылғын арттыру бойынша үлкен жұмыс жасалды, қазіргі кезде 1,5 миллиард адам хабардар. Көрме соңына дейін бұл сан 2,5 миллиард адамға жетеді", - деп атап өтті ол. Есімов көрме туралы жарнама айына 250 миллион адам қабылдайтын халықаралық ірі әуежайларға ілінгенін айтты.
Сондай-ақ «The New York Tіmes» басылымы 2017 жылы баруға болатын 52 мекеннің тізіміне Астана қаласын қосып, 26-орынға қойыпты. Газетте көрменің тақырыбы «Болашақ энергиясы» екені, Астананың қарқынды даму жолындағы жас шаһарлардың қатарынан екендігі және онда соңғы жылдары ашылған таңғажайып мейманханалар мен басқа да орталықтардың көптігі сөз болған.
06:39, 07 Шілде 2017
Астана Азияда алғашқы бестікте
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана туристік әлеуеті жағынан Азияның алғашқы бестігіне енді. Әйгілі Lonely Planet басылымы Астананы рейтингтің 5-сатысына бір-ақ шығарды. Бұл жерде жаһанның жанарын өзіне байлап, бас қаламыздың барлық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берген ЭКСПО көрмесінің орны ерекше.