Тартысты өткен додада барлық қарсыластарын жеңген Қызылода облысы, Қармақшы ауданынан келген Жасұлан Досымов жеңімпаз атанып, бас жүлдеге тігілген шетелдік автокөлікке ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы жарыста финалға дейін қарсылас шыдатпай, жанкүйерлердің ықыласына бөленген Жамбыл облысынан келген Нұржан Қазыбеков екінші орынды иеленді.
Жалпы, осы жарысқа 26 палуан қатысты. Күрес олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Яғни, жығылған палуан қалады да, жеңгені келесі айналымға өтеді.
Үшінші орын үшін өткен кездесуде Ақмола облыстық ішкі істер саласының қызметкері Нұрлан Жамалов Ауыл шаруашылығы министрілігі атынан сынға түскен Дәулет Ескендіровтен басым түсіп, жүлдеге ие болды.
Жарыс шарты бойынша, біріншіден, мемлекеттік қызметші болуы тиіс болса, екіншіден, палуандардың салмағы 70 пен 100 келі аралығында болуы тиіс. Алайда, өтініш білдірген екі палуанның салмағы 100 келіден жоғары болған. Жанкүйерлердің қолдауымен ол екеуі жеке күресті. Айта кетсек, Президенттің Күзет қызметінің қызметкері, қазақша күрестен Әлем, Азия жеңімпазы, түйе палуан, 109 келі Арман Әдеуов пен Ішкі істер министрлігінің Жол полициясының қызметкері, самбодан полициялар арасындағы Әлем жеңімпазы, 111 келі салмақтағы Талғат Қожабеков көк кілемде белдесті. Бес минут бойы күрескен екі «түйе» палуанның додасында айла-тәсілін асырған Арман жеңіске жетіп, Еуропаға барып қайту жүлдесін иеленді.
Сонымен қатар қызықты сәттер де өтті. Ойда жоқ жерден жарысты жүргізушілер журналистер қауымын күрес алаңына шақырды. «КТК» телеарнасының операторы Нұрболат Құлманов пен «СТВ» телеарнасының Астанадағы тілшісі Бақытбек Хамитұлының көк кілемде белдесуі көреремендердің қызығушылығын туғызды. Бастапқыда Бақытбек ұпай жинап жатыр еді, дегенмен Нұрболат оңтайлы сәтте қарсыласын қапы қалдырып, таза әдіс жасап, жеңіске жетті. Жарысты ұйымдастырушылар көк кілемге тайсалмай шыққандары үшін екі БАҚ өкіліне де сыйлық табыс етті.
Бұл шараға белгілі кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері Оралбек Ботбай бас демеуші болды.
«Ұлытау» тобы, көрермендердің сүйікті әншілері Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және басқа өнер шеберлері күй тартып, ән шырқағанда, тілге арналған кеш пен қазақ күресінің шырайы кіре түсті. Сонымен қатар Астана циркінің өнерпаздары да өз шеберліктерін танытты.
«Тіл» журналының Бас редакторы Нұргүл Қарағойшина бұл шараны өткізудегі мақсат Елбасының халыққа арнаған Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытуға атсалысу екенін мәлім етті.