Жүйелі түрде өтуі және көтерілетін мәселелердің ауқымдылығы мен қатысушыларының біліктілігіне сәйкес соңғы жылдары «Қазақстандық Давос» деген атқа ие бола бастаған бұл форум әдеттегідей екі күнге созылмақ.
Оның жұмысына әлемнің 100 елінен 3 мыңнан астам делегат қатысуда. Олардың қатарында танымал саясаткерлер, экономистер және түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. Форумда әртүрлі формат бойынша 40 сессия өткізу жоспарланып отыр. Әлемдік экономиканың цифрлануы, болашақтың ақылды да орнықты дамушы қалалары, мемлекеттердің жасыл экономикаға көшуі тақырыптары бойынша пікірталастар ұйымдастырылады.
100-ден астам шетелдік және отандық логистикалық компаниялардың қатысуымен көліктік-логистикалық форум өткізіледі. «Жаңғырту 3.0» сапалық деңгейді көтереді Форумдағы алғашқы ірі шаралардың бірі ретінде өткізілген Бүкіләлемдік банктің «Қазақстан: елді жүйелі диагностикалау» атты сессия жұмысына Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қатысып, сөз сөйледі.
Ол бұл жолғы форумның елімізде өткізіліп жатқан аса ірі халықаралық шара - ЭКСПО-2017 көрмесімен қатар келгендігін және биылғы жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк ынтымақтастығына 25 жыл толатындығын атап өтті.
«Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк әріптестігі өз жемісін беруде. Ұлттық экономиканы қайта құру, оны ырықтандыру ісіне бұл халықаралық қаржы институты өз үлесін қосты. Бүкіләлемдік банктің қатысуымен елімізде 1300 шақырым жол салынып, Сырдария жағалауын шегендеу, Аралдың солтүстік бөлігін қайта қалпына келтіру секілді ірі жобалар жүзеге асты», деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол қазіргі күні атқарушы биліктің ел Президентінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы - жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы негізінде жұмыс істеп жатқандығын айтып өтті. «Біздің алдымызда қазір өршіл міндеттер тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндет бойынша елдің жаңа сапалық деңгейде дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бизнес ортаны жақсарту, адам капиталының сапасын арттыру, жаңа менеджмент қалыптастыру, экспорттық-инвестициялық саясатты жүзеге асыру мәселелерін қамтиды. Жүргізілген жүйелі талдаулар бізге 8 негізгі бағытымызды анықтап берді. Олар - отын-энергетикалық кешенді, агроөнеркәсіп кешенін, көлік пен логистиканы, туризмді, сауда саласын, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту. Бұлардың әрбірін жаңа заманның жетістіктерімен қамтуымыз керек. Мәселен, сауда саласында не істеуіміз керек? Бізге қандай сауда керек? Осының бәрі өте маңызды мәселелер. Алдымызда электрондық сауданы қалыптастырып, дамыту міндеті тұр. Жалпы, аталған әрбір бағыт бойынша мақсатты көрсеткіштер белгіленген. Әрбір министр қай жылы қандай нәтижеге қол жеткізуіміз керегін жақсы біледі», деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы үстіміздегі жылдың бес айында біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілгендігіне тоқталып өтті. Экономиканың басқа салаларының да көтеріле бастағандығын мәлімдеді. «Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз үшін бізге экономиканың жылдық дамуын 2021 жылға таман 5,5 пайызға көтеруіміз керек», деді Үкімет басшысы. Міне, осы тұрғыда Қазақстан Үкіметінің жұмыстың тиімді жаңа форматына, жаңа идеяларға мүдделі екендігін, Бүкіләлемдік банк әзірлеген «елді жүйелі диагностикалау» жобасынан жақсы үміт күтетіндіктерін жеткізіп, бастамаға табыс тіледі.