Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің БОАО-2015 форумында мәлімдегеніндей, бұл жоба жүзеге асқан шақта Жібек жолының бойында орналасқан елдердің Қытаймен жылдық сауда айналымының көлемі 2,5 триллион долларды құрайтын болады. Әрине, осынау мол сауда қаржысынан белдеудің маңызды буынындағы ел ретінде Қазақстан да өз үлесін алуға тиісті.
Біздің Қазақстан үшін де және Еуразия құрлығының басқа да көптеген елдері үшін де маңызды саналатын осы тақырып Астана экономикалық форумының арнаулы сессиясы аясында жеке әңгіме болды.
Басқосуға төрағалық еткен Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің Елдер мен экономика секторлары бойынша басқарушы директоры Маттиа Романи жиынға арнап құттықтау сөз айту үшін алғашқы сөз кезегін Бреттон-Вудс жүйсін жаңартуды жақтайтын комитеттің атқарушы директоры және оның негізін қалаушы Марк Узанға берді.
Ол қозғалып отырған тақырыптың маңыздылығына тоқтала келе, экономикалық белдеу аясында шоғырланатын елдер үшін бірыңғай үйлестірілген саясат қажет болатындығын айтып өтті. «Жібек жолы айналасындағы елдер Қытайдан шыққан тауарларды тасымалдауға қызмет етіп қана қоймай, сонымен қатар, ынтымақтастық туралы өзара келісімдер жасауы тиіс. Мұндай өршіл де үйлестірілген жоспардың болуы барлық мүдделі жақтардың басын біріктіре отырып, сауда кедергілері мен келісімдерді оңтайландыруға, өңірдегі экономикалық операциялардың жеделдігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің қауіпсіз де кедергісіз жылжуын қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Жібек жолы экономикалық белдеуі бойындағы инвестициялар жаңа рыноктар үшін әріптестік пен ашықтықты көтермелей отырып, жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру арқылы Еуразия құрлығында орналасқан елдерге елеулі ықпалын тигізеді деп ойлаймын», деді ол.
Гонконг үкіметінің өкілі болып табылатын Жібек жолы жөніндегі комиссар Ивонн Чой ханым сауатты сөйледі. Ол бұл халықаралық жобаның тиімділігі оның барлық елдерге де пайдалы болуымен ғана есептелмейтіндігін алға тартты.
«Мен Гонконг үкіметінде қызмет етемін. Бізде тек үкімет қана емес, жеке сектор да бұл жобаға қызығушылық танытуда. Өйткені, жобаның бизнес жүргізу үшін пайдалы екендігін байқап отыр. Бірақ тек бизнес-қауымдастық қана емес, жекелеген елдер мен халықаралық ұйымдар деңгейінде келгенде бұл жобаның беретін экономикалық пайдасының өзі жеткіліксіз. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдері бұл жобаға қалай қатыса алады? Ол үшін, әрине, пайдалы болуымен қатар теңдіктің де болуы қажет. Осы басқосуды өткізіп отырған Қазақстан елі бұл жобаға қосылмас бұрын «Бір белдеу - бір жол» жобасына қатысты мәселелерді Еуразиялық экономикалық одақ аясында талқылап алғандары абзал болар», деді.
Сонымен, Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» халықаралық жобасы аталатын жаңа Жібек жолының болашағына қатысты өткізілген сессия жол бойындағы елдер үшін оның тиімділігі мен тәуекелдері жайлы біраз мәселенің бетін ашып бергендей болды. Сөз жоқ, бұл жобаның әлемнің көптеген халықтары үшін беретін экономикалық пайдасы баршылық. Сондықтан оның тартымдылығы жол бойында орналасқан елдердің ешқайсысын бей-жай қалдырмай отыр. Дегенмен, елдердің ұлттық мүдделері тұрғысынан келгенде аталған жобаға қатысты әлі де анықтай түсетін мәселелер бар секілді. Бәлкім біз бұл мәселелерге қатысты жауапты кейінірек білетін де болармыз.